Перейти к содержимому

Сенім ұялатқан сандар

48 қаралым

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында әлеуметтік-экономикалық маңызы бар нысандар салуға және оны жаңғыртуға ерекше мән берілетінін, бұған  күшіміз де, мүмкіндігіміз де жететінін айтты. 

«Халықаралық валюта қоры ұсынған болжамға сәйкес, биыл еліміздің жалпы ішкі өнімі 400 миллиард долларға жуықтайды. Оның жан басына шаққандағы үлесі 19 мың доллардан асатын болады. Еліміз экономикасының көлемі жағынан әлемде 47 орынға көтеріледі. Бұл – халқының саны бізден әлдеқайда көп бірқатар елдің көрсеткішінен жоғары деңгей деген сөз. 

Өңдеу өнеркәсібі де қарқынды дамуда. Оның жалпы ішкі өнімдегі үлесі 14 пайыздан асты. Бұл – ұлттық экономиканы әртараптандыру бағытында жүргізілген жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі. Алтын-валюта резерві мен Ұлттық қор активтерінің көлемі 130 миллиард доллардан асты. Енді осы қуатты әлеуетімізді инфрақұрылымды жаңғыртуға, еліміздің әр аймағын көркейтуге бағыттауымыз қажет», – деді Мемлекет басшысы. 

 Енді Президент белгілеген міндеттерге сәйкес, бүкіл ел бойынша аса қажетті әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылым нысандары салынатын болады. Үкімет бұрын-соңды болмаған Инфрақұрылымдық жаңғыру жоспарын әзірлейді. Бұл ауқымды жұмысты іске асыру үшін 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлінеді. Ал биыл және 2027 жылдың алғашқы екі айы ішінде әлеуметтік жобаларды іске қосу үшін 1,5 триллион теңге көлемінде қаражат қарастырылады.

Бір қарағанда жай ғана сандар болғанмен, бұл дегеніңіз қаншама мектеп, балабақша, аурухана, басқа да әлеуметтік-мәдени нысандар мен оларға жеткізетін жолдар, жұмыс орны, табыс деген сөз! Бұл нысандарда мыңдаған жұмысшы еңбек етіп, отбасының тұрмыс жағдайын жақсартады. Бал тілді, келешегі зор балаларымыз тәрбиеленіп, сапалы білім алатын болады. Науқас жандар сауығып, өмірге деген құлшынысы, өкіметке деген құрметі артады. Ауылдар мен қалалар жаңарып, заманауи үлгіде дами түседі. Соның арқасында халқымыздың билікке, болашаққа деген сенімі нығаяды.

Демек оларды жұртшылықтың күпті көңілінде сенім ұялатқан сандар деуге болады. Бұл Жолдаудың мәні мен маңызы да сонда.

Ахат СОЛТАНҚҰЛОВ,

Талғар аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы

↑