Алматы облысында жалпы ауданы – 88 мың гектар, халқының саны 52,7 мың адамды құрайтын жаңа Алатау қаласы құрылды. Ұлттық экономика министрлігі Қазақстан Президентінің Алматы облысының әкімшілік-аумақтық құрылысындағы өзгерістер туралы жарлығын іске асыру аясында Алатау қаласын құру жөніндегі ұйымдастыру іс-шараларының («Алматы облысының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы») Жоспарын әзірледі.
Жоспарға сәйкес, Ұлттық экономика министрлігі Алматы облысының әкімдігімен бірлесіп экономикалық есептерді, жаңа қаланың схемалық картасын дайындау бойынша жұмыстар жүргізді. Сондай-ақ халықпен жиын өткізіліп, соның негізінде Алматы облысы мен Іле, Талғар аудандары және Қонаев қаласы мәслихаттарының шешімдері қабылданды.
Министрлік жаңа қаланы құру жол, инженерлік, әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін жаңартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, инвестиция, технология, қосымша қаржы көздерін тартуға, кәсіпкерлікті дамытуға, салық түсімдерін ұлғайтуға мүмкіндік береді деп сенеді. Бұл өз кезегінде өңірдің инвестициялық тартымдылығы мен экономикалық тұрақтылығын жақсартуға ықпал етеді.
Сонымен қатар, Үкімет АЭА (арнайы экономикалық аймақ) аумағын 30 мың гектардан 96,5 мың гектарға дейін кеңейту және G4 City арнайы экономикалық аумағын Alatau арнайы экономикалық аумағы деп қайта атау туралы шешімді мақұлдады. Осылайша, Алатау қаласының барлық аумағы және Қонаев қаласының бір бөлігі АЭА аумағына жатқызылады.
Арнайы экономикалық аймақ аумағында қызметтің басым түрлері бойынша экономикалық қызметтің жалпы 17 түрі негізінде 110 мың жаңа жұмыс орнын құра отырып, жалпы сомасы 12,5 трлн теңгеге 170-тен астам жобаны орналастыру көзделіп отыр.
Үкімет мемлекеттік салған әрбір 1 теңге инвестицияға 3,8 теңге жеке инвестиция тартылады деп болжайды.
Алматыдан солтүстікке қарай 47 шақырымда орналасқан бұрынғы Жетігенде 25 мың адам тұрады. Қала мәртебесін алып, маңайындағы бірнеше елдімекен қосылғаннан кейін мұнда халық саны екі еседен астам артып, 52 мың адамға жетті. Мемлекет басшысының жарлығына сәйкес жаңа құрылған Алатау қаласына Жетіген, Жаңа-арна, Құйған, Еңбек ауылдары кіреді.