Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Жаңғырудың өзегі — адам игілігі. Президент Жолдауынан түйген ой

Жаңғырудың өзегі — адам игілігі. Президент Жолдауынан түйген ой

31 қаралым

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын тікелей эфирден мұқият тыңдап әрі Ақорданың ресми сайтынан шұқшия оқып шықтым. Себебі Мемлекет басшысының әр жылғы жолдауы Еліміздің алдағы жылдардағы жүрер жолы мен мақсат-мұратын айқындап беретін беретін аса маңызды құжат. Мемлекет басшысының Жолдауын жыл сайын халық сол үшін асыға күтеді әрі барынша назар аударады.

Мемлекеттің даму бағытын айқындайтын маңызды құжаттың құндылығы оның халықтың күнделікті өмірімен қаншалықты сабақтас екенінен көрінеді. Азамат үшін елдің өркендеуі өзі тұратын көшенің жағдайынан, баласы оқитын мектептің сапасынан, емханадағы қызметтен, еңбегінің бағалануынан басталады. Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Қазақстан халқына Жолдауын дұйым жұрт қоғамның нақты сұраныстарына жауап беруге бағытталған маңызды бағдар ретінде қабылдады десек, еш асырып айтқандық емес. «Жолдаудағы» бастамаларға баға бергенде, ең алдымен, ондағы адам өмірін жақсартуға қосатын үлесіне назар аударғанымызды да атап айтқымыз келеді.
Жолдауда бүкіл елдің инфрақұрылымын жаңғырту, денсаулық сақтау нысандарын дамыту, алғашқы медициналық көмекті күшейту, цифрлық экономиканы өрістету және мемлекеттік басқаруды жетілдіру міндеттері нақты баяндалды. Мемлекеттік қызметшілерге арналған жаңа әдеп қағидаттарын әзірлеу, мұғалімдерді артық жүктемеден арылту және олардың абырой-беделін қорғау мәселелерінің көтерілуі көптен жұрт көкейінде жүрген арзу-арман болатын. Осы басымдықтардың өзара байланысы отандастарымыз үшін үшін ерекше маңызды деп есептейміз. Атап айтқанда, сапалы инфрақұрылым, білімді ұрпақ, қолжетімді медицина және жауапты басқару бірін-бірі толықтырғанда ғана қоғам орнықты дамитын болады. Бұл бағыттар Жолдаудың ресми мәтінінде егжей-тегжейлі қамтылған.
Біздің түсінігімізше, мұндай бастамаларды қолдау олардың мәнін түсініп, жүзеге асуына азаматтық жауапкершілікпен қарауды талап тетеді. Қолдаудың салмағы нақты ұсыныспен, әділ талаппен және ортақ іске қатысумен артады. Сол себепті Жолдауда айтылған мәселелерге қатысты әр кім өз ойын білдіре отырып, олардың орындалу сапасы мен халыққа берер нәтижесін басты өлшем ретінде қарастыруғаны құп деп санаймын.
Ең алдымен, Қазақстанның тұтас инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған ұстаным жұрт болып жұмыла қолдайға лайық. Кең байтақ еліміздің әр өңірінде өмір сүру жағдайының заманға лайықты болуы — әлеуметтік әділеттіліктің маңызды шарты. Ауылдағы отбасы да, үлкен қаладағы тұрғын да таза суға, тұрақты жылуға, қауіпсіз жолға және сенімді байланысқа мұқтаж. Адамның тұрғылықты жері оның негізгі мүмкіндіктерін шектемеуге тиіс. Осы тұрғыдан инфрақұрылымға аударылып отырған назардың қоғамдық маңызы өте өзекті.
Қашан да, қай ел үшін де жақсы жолдың мәні елді мекендер арасындағы қашықтықты қысқартумен ғана өлшенбейді. Ең бастысы — науқасқа дер кезінде жететін жедел жәрдем, мектепке қауіпсіз қатынайтын бала, өнімін нарыққа уақытылы жеткізетін кәсіпкер, жақындарына кедергісіз барып-қайтатын отбасы және оған қоса, ең бастысы қаржы мен уақыттың үнем болуы. Жол сапасы осындай қарапайым қажеттіліктерге тікелей ықпал етеді. Сондықтан құрылыс пен жөндеу жұмыстарының нәтижесін тұрғындардың уақытын, қауіпсіздігін және шығынын ескере отырып бағалаған дұрыс дейтін болсақ, Жолдаудың құны мен өзектілігі өз-өзінен түсінікті болмақ.
Инфрақұрылымдық жаңғырудың табысты болуы жоспарлаудың сапасына байланысты. Қай жерде мектепке сұраныс жоғары, қай ауылға дәрігерлік нысан қажет, қай ауданда су желісі тозған — осы сұрақтарға нақты деректер негізінде жауап берілуі керек. Біздің ойымызша, жергілікті тұрғындардың пікірін ертерек тыңдау көптеген қателіктің алдын алады. Өйткені күнделікті қиындықты сезініп жүрген адамның мұң-мұқтажы мен тәжірибесі жобаның шынайы қажеттілігін анықтауға көмектеседі.
Салынған нысанның ұзақ жыл қызмет етуі де маңызды. Жаңа ғимараттың ашылуымен қатар, оны ұстайтын қаржысы, жұмыс істейтін мамандары, қажетті жабдықтары алдын ала қарастырылуға тиіс. Мектепке білікті мұғалім, ауруханаға маман дәрігер, мәдениет үйіне мағналы-мазмұнды жұмыс қажет. Бұл ретте, жеке өз басым құрылыс сапасын, пайдалану жағдайын және халыққа қолжетімділігін біртұтас жауапкершілік ретінде қарастыруды қолдаймын. Сонда жұмсалған қаражаттың игілігі ұрпаққа жетеді.
Бұл жерде ашықтықтың орны айырықша. Әрбір ірі жобаның құны, аяқталу мерзімі, жауапты мекемесі және орындалу барысы туралы ақпарат тұрғындарға түсінікті болғаны жөн. Қоғамдық бақылауды дамуға көмектесетін мүмкіндік деп қабылдауымыз керек. Кемшілікті уақытында айтқан азаматтың үнін есту — сапаны жақсартудың бір жолы. Жалпақ жұрт мемлекеттік қаражатқа деген ұқыптылықты халықтың еңбегіне, елдің болашағына деген құрмет деп түсінеді. Бұл орынды да.
Жолдаудағы әлеуметтік бағыттардың ішінде денсаулық сақтау мәселесі ел азаматтары үшін айрықша мәнге ие. Денсаулығына алаңдаған адамға ең алдымен уақтылы көмек, анық диагноз және кәсіби жауапкершілік қажет. Сондықтан Жолдаудағы медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттыруды көздейтін бастамалар ерекше қолдауға лайық. Елдің қуаты азаматтарының санымен және денсаулығымен де өлшенеді. Дені сау ұрпақ өсіру, аналарға қамқорлық жасау, қарттарға лайықты көмек көрсету — баршамызға ортақ міндет.
Біздің ойымызша, медицинадағы өзгерістің нәтижесі науқастың емханаға алғаш жүгінген сәтінен сезілуге тиіс. Қабылдауға жазылудың түсінікті болуы, тексеруге жолдаманың уақытында берілуі, қажетті маманға жету мүмкіндігі адамның сенімін қалыптастырады. Бір мәселе бойынша бірнеше мекемені аралап жүру науқастың жүйкесіне де, қаржысына да қосымша салмақ түсіреді. Сондықтан медициналық қызметті ұйымдастырғанда адамның жағдайын, уақытын және ақпаратты түсіну мүмкіндігін ескерген дұрыс. Бұл мәселелердің Жолдауда баса дәріптелгені құптарлық.
Әсіресе, ауыл медицинасына ерекше назар қажет деп есептейміз. Шалғайда тұратын адамның білікті кеңес алу мүмкіндігі шектеулі болса, оның салдары бүкіл отбасының тұрмысына әсер етеді. Ауылға келген дәрігердің тұрақтап жұмыс істеуіне баспана, кәсіби өсу, қауіпсіз еңбек жағдайы және әріптестік қолдау керек. Қашықтан кеңес беру мүмкіндіктерін дамыту пайдалы болғанымен, жергілікті жерде нақты көмек көрсететін маманның орны әрдайым маңызды болып қала береді.
Жолдауда дәрігер мен мейіргердің еңбегін бағалау мәселесінің де назардан тыс қалмағаны қуантады. Медицина қызметкерінен жоғары жауапкершілік талап еткенде, оның еңбек жағдайын жақсартуға да мүдделі болуымыз қажет. Қажетті жабдықпен қамтамасыз ету, негізсіз есепті азайту және кәсіби білімін жетілдіруге мүмкіндік беру қызмет сапасын көтеруге жағдай жасайды. Науқасқа құрмет пен медицина маманына құрмет бірін-бірі толықтыратын қоғамдық мәдениетке айналғанын қалаймын.
Балалардың денсаулығына, ерекше қажеттілігі бар азаматтарға көрсетілетін қолдауға қатысты ұстаным да Жолдауда айқын көрініс тапқан. Әрбір отбасы өз мәселесімен оқшау, жалғыз қалмауы керек. Оңалту, білім алу, қоғамдық ортаға қатысу мүмкіндіктері өзара үйлесімді болғаны жөн. Қолжетімді орта дегеніміз пандуспен шектелмейді: ол түсінікті ақпаратты, дайын маманды, ыңғайлы қызметті және адамға құрметпен қарауды қамтиды. Осындай қамқорлық қоғамның адамгершілік деңгейін көрсетеді.
Ең бастысы, Елдің ұзақ мерзімді дамуын ғылым мен білімсіз елестету мүмкін емес. Жолдау көтерген жаңғыру міндеттерін ой елегінен өткізгенде, оларды жүзеге асыратын адамдарды қалай даярлаймыз деген сұрақ туады. Жол салатын инженер, адам емдейтін дәрігер, жаңа технология жасайтын зерттеуші, ұрпақ тәрбиелейтін ұстаз сапалы білім және жайлы өмір ортасында қалыптасады. Сол себепті Жолдаудағы ғылым-білімге жұмсалған күш пен қаражатты елдің келешегіне салынған инвестиция деп бағалайтын ұстаным – бүгін ғана емес, соңғы 5-6 жылда өмірімізге дендей енген ұстаным.
Білім сапасының негізі баланың ойлау қабілетін дамытуда жатыр. Ақпаратты жаттап айтуымен қатар, оқушы сұрақ қоюды, дәлел іздеуді, салыстыруды және өз пікірін негіздеуді үйренуі керек. Өмірлік мәселеге білімін қолдана білетін жас жаңа ортаға бейімделуге де қабілетті болады. Мектептің мақсатына осы тұрғыдан қарасақ, оқу мазмұны мен бағалау тәсілдерінің адамға беретін пайдасын тереңірек түсінеміз. Ол үшін ауылда да, қалада да заманауи мектептер болуы керек. Жолдауда бұл мәселенің кеңінен көрініс табуы – Ел ертеңіне деген сенімді еселеп арттыра түсті.
Жолдауда айтылғандай, ауыл мен қала баласының білім алу мүмкіндігін жақындату да тұрақты назарда болуы қажет. Дарынды бала кез келген жерде дүниеге келеді. Оның қабілетін ашуға жақсы мұғалім, кітапхана, зертхана, шығармашылық орта және жігерлендіретін қолдау керек. Интернетке қосылу маңызды мүмкіндік болғанымен, баланың жанында бағыт көрсететін ұстаздың болуы шешуші мәнге ие. Сондықтан техникамен жабдықтауды педагогикалық қолдаумен бірге дамыту орынды деп есептеймін.
Ғылымға қатысты, жеке пікірім — 2022 жылдан бері ғалымдарға тұрақты жағдай жасалып келеді. Сондай-ақ әсіресе, жас ғалым өзінің болашағын ел ішіндегі зертхана, университет және өндіріс орнымен байланыстыра алса, қоғам ұтады десек, соңғы 5-6 жылдан бері жас ғалымдарға мемлекет тарапынан бұрын-соңды болмаған қолдау көрсетіліп келеді. Ғылыми жобаның нәтижесін бағалағанда оның жаңалығын, дәлелінің сенімділігін және ықтимал пайдасын ескеру мәселесі де дәстүрге айналып үлгерді.
Жолдауда айтылған университеттер мен өңірлердің байланысын күшейту туралы ұсыныс та ерекше маңызды деп санаймын. Әр аймақтың су, экология, ауыл шаруашылығы, энергетика немесе өндіріс саласында зерттеуді қажет ететін мәселелері бар. Осындай сұраныстарға студенттер мен ғалымдарды тарту білімнің қоғамдық маңызын арттырады. Жастар нақты міндетті шешуге қатысып, кәсіби тәжірибе жинайды. Ғылым мен күнделікті өмірдің байланысы күшейген сайын зерттеуге деген қоғамдық сенім де артады.
Жолдауда көтерілген маңызды мәселенің бірі -жасанды интеллектіні ел өміріне енгізу бағытын, біз Қазақ қоғамының болашаққа нық қадамына деген дайындықтың маңызды бөлігі ретінде қабылдадық. Бұл технологияға қатысты басты сұрақ қарапайым: ол адамның жұмысын қалай жеңілдетеді, қызмет сапасын қалай жақсартады, жаңа мүмкіндікке қалай жол ашады? Әрбір жобаның пайдасы осы сұрақтарға берілетін нақты жауаптан көрінгені дұрыс. Технологиялық жаңалықтың құндылығын оның адамға тигізетін көмегімен ғана емес, ұлттық құндылықтарға оң-теріс әсерінің салмағымен өлшеуді орынды деп санаймыз.
Мемлекеттік басқаруда жасанды интеллектіні қолданудың әлеуеті зор. Мысалы, өтініштердегі қайталанатын мәселелерді анықтау, үлкен көлемдегі деректерді салыстыру, жоспарланған шығындардың негізділігін саралауға көмектесу сияқты міндеттерді қарастыруға болады. Мұндай құралдар қызметкердің талдау жасау мүмкіндігін кеңейтіп, уақытын үнемдеуге бағытталуы тиіс. Ел тұрғындары үшін азаматтың мәселесін жылдам әрі сапалы шешуге көмектесетін технологиялық өзгеріс қана шынайы жаңғыру болып саналады.
Сонымен бірге технологияны енгізген сайын жауапкершілік те айқын болуы қажет. Адамның өтінішіне, құқығына немесе әлеуметтік жағдайына әсер ететін шешімнің қалай қабылданғаны түсінікті болғаны жөн. Қате анықталса, оны түзетудің және шешімді қайта қараудың қолжетімді жолы керек. Жеке деректерді қорғау, ақпараттың дұрыстығын тексеру, маманның бақылауын қамтамасыз ету сияқты талаптарды біз технологияға деген сенімнің негізгі шарттары деп білеміз.
Осы жолғы Жолдауда көрсетілгендей, әрі Ел Президентінің үнемі дәріптеп жүретініндей, жасанды интеллектіні игеру мүмкіндігі қоғамның әр тобына қолжетімді болуы маңызды. Ауылдағы кәсіпкер, тәжірибелі мұғалім, егде жастағы азамат та жаңа құралдардың пайдасын түсініп, қажетіне қарай пайдалана алуы керек. Ол үшін қарапайым тілмен түсіндіретін оқыту бағдарламалары қажет. Қазақ тіліндегі сапалы цифрлық мазмұн мен қызметтерді дамытуға ерекше мән берген жөн. Ана тіліміздің технологиялық ортада толыққанды қолданылуы оның болашақ мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Білім-ғылым саласында ұзақ жыл еңбек етіп келе жатқан маман ретінде, білім беруде жасанды интеллектіні пайдаланғанда жастардың және жас-өспірімдердің дербес ойлауын сақтау маңызды деп есептейміз. Дайын жауапты алудың жеңілдігі ізденуге деген ынтаны әлсіретпеуге тиіс. Оқушы ұсынылған ақпаратты тексеруді, өз қорытындысын жасауды және пайдаланған көмегін ашық көрсетуді үйренгені дұрыс. Мұғалімге де жаңа құралды меңгеруге уақыт пен әдістемелік қолдау қажет. Технология педагогтің шығармашылық жұмысын кеңейтіп, оқушыға көңіл бөлуіне мүмкіндік бергені жөн болар еді.
Мемлекеттік қызметшілердің әдеп мәселесіне ерекше назар аударылуын қолдаймын. Азаматтың мемлекет туралы түсінігі көп жағдайда нақты қызметкермен сөйлескен сәтте қалыптасады. Өтінішін тыңдаған, жағдайын түсіндірген, шешім жолын көрсеткен маман сенім тудырады. Ал немқұрайлы жауап пен негізсіз созбалаң адамның көңіліне күмән ұялатады. Сондықтан мемлекеттік қызметтегі әдеп күнделікті іс-әрекеттен көрінетін кәсіби талап болуы керек.
Жолдау меңзегендей, жаңа әдеп қағидаттарының өзегінде адалдық, әділдік, құзыреттілік және азаматқа құрмет тұруы қажет. Қызметкер өзіне берілген өкілеттікті қоғамдық мүдде үшін пайдалануға жауапты. Қабылданған шешімнің себебін түсіндіру, қателікті мойындап түзету, мүдделер қайшылығына жол бермеу — осы жауапкершіліктің нақты көріністері. Азаматтың әлеуметтік жағдайына, таныстығына немесе мәртебесіне қарамастан бірдей құрмет көруі қоғамдық сенімді нығайтады.
Әрине, Мемлекет басшысы меңзегендей, әдепті орнықтыруда басшының жеке үлгісі де маңызды. Ұжымда әділ бағалау, ашық пікір айту және негізді бастама көтеру мүмкіндігі болса, қызмет сапасы да жақсарады. Жауапкершілік талап етумен бірге адал маманның дербес шешім қабылдауына жағдай жасалуы керек. Нәтижені бағалағанда орындалған іс-шара санымен қатар, шешілген мәселені және азаматтың алған қызметінің сапасын ескерген жөн.
Жолдауда мұғалім абыройын қорғау мәселесінің көтерілуі – жұрт көкейіндегі үміт пен сенім отын алаулатқан ерекше құбылыс болды. Ұстазға деген құрмет — білімге, бала тәрбиесіне және елдің ертеңіне деген құрмет. Мұғалім күн сайын түрлі мінезді, түрлі қабілетті балалармен жұмыс істейді. Оның кәсібі терең білімді, сабырды, ізденісті және үлкен адамгершілік жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан педагогтің қадір-қасиетін қорғау бүкіл қоғамның ортақ ұстанымына айналуы қажет-ақ.
Мемлекет басшысы айтқандай, мұғалімнің құқығын қорғаудың нақты мазмұны болуы керек. Ол өз міндетіне қатысы жоқ тапсырмалардан, орынсыз қысымнан және негізсіз айыптаудан қорғалуға тиіс. Даулы жағдайда ұстаздың түсініктемесі тыңдалып, оқиғаның барлық мән-жайы әділ қаралғаны жөн. Әлеуметтік желіде тараған үзіндіге сүйеніп асығыс үкім шығару адамның беделіне ауыр әсер етуі мүмкін. Әділдікке құрылған рәсім мұғалімге де, оқушыға да, ата-анаға да қажет.
Ұстаз мәртебесін көтеруде оның уақытын қадірлеудің маңызы ерекше. Сабаққа дайындалу, оқушының жұмысын талдау, қиналған балаға қосымша түсіндіру және кәсіби дамумен айналысу уақытты талап етеді. Ұстаз ретінде, бір мәліметті бірнеше жүйеге қайта-қайта енгізу сияқты басы артық жұмыстарды барынша ықшамдау керек деп санаймын. Мұғалімнің күш-қуаты балаға бағытталғанда білім сапасына нақты жағдай жасалғанда ғана білім сапасы артады.
Мектептегі тәртіпсіздік мәселесі де бүгін де қоғамның бас ауруына айналды. Бұл мәселеге министрлік тек, ата-ана да, қоғам да байыппен қарауымыз қажет. Сабақты әдейі бұзу, қорлау, күш көрсету, қатарласын кемсіту — білім ортасының қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін әрекеттер. Мұндай жағдайды елеусіз қалдыруға болмайды. Қай елде, қай кезде болса да, жұрт мектепте баршаға түсінікті тәртіп ережелері болғанын және олардың бірізді қолданылғанын қалайды һәм қолдайды. Әр бала өзінің құқығымен бірге өзгелердің қауіпсіздігі мен оқуына құрметпен қарау міндетін толық түсінуі үшін ата-ана, мектеп, қоғам тұтас белсенді болуы керек.
Педагок ретінде айтарым, тәртіпті нығайту жұмысы баланың қадір-қасиетін сақтаумен қатар жүруге тиіс. Талап қоюдың мақсаты — жасөспірімді жауапты әрекетке үйрету. Қателік жасаған балаға әрекетінің салдарын түсіндіру, зиянын түзету жолын көрсету және қажет болған жағдайда психологиялық қолдау ұсыну маңызды. Зорлыққа, қорлауға немесе көпшілік алдында кемсітуге негізделген тәсілді дұрыс деп санамаймын. Әділ талап пен адамгершілік қамқорлық қатар жүргенде тәрбиенің ықпалы күшейеді. Бұның бәрі Жолдауда толығымен көрініс тапқаны құптарлық.
Жолдаудағы бастамалардың орындалуына қатысты жұрттың басты тілегі — халықтың нақты өзгерісті сезінуі десек қателеспейміз. Сондықтан Жолдауды, оған қатысты жобаны іске асыру барысында орындалған жұмыс туралы анық ақпарат беріліп, кездескен қиындықтар ашық талқыланғаны дұрыс. Қоғаммен тұрақты байланыс жауапкершілікті күшейтіп, ортақ іске деген сенімді арттырады.
Өз тарапымыздан, Жолдауда айтылған елдің жаңғыруын білімге ұмтылудан, адал еңбектен, қоғамдық мүлікке ұқыпты қараудан және өзгенің құқығын құрметтеуден бастау керек деген ұстанымды толықтай қолдаймыз. Әр азаматтың осындай күнделікті таңдауы үлкен өзгерістерге негіз болады. Президент Жолдауындағы адам игілігіне бағытталған бастамаларды қолдай отырып, олардың табысты жүзеге асуына кәсіби жауапкершілік, қоғамдық белсенділік және әділ талап қажет екенін ерекше атап айтқымыз келеді.
Еліміз тұрғындарының қай азаматы болса да болашақ Қазақстанды әр өңірінде өмір сүруге қолайлы жағдай жасалған, медицинасы қолжетімді, ғылымы өркендеген, ұстазы құрметті, баласы қауіпсіз ел ретінде көргісі келеді. Жаңа технологияны меңгерген, мемлекеттік қызметі азаматқа қамқорлықпен қарайтын, еңбекті бағалайтын қоғам қалыптастыру — ұрпақ алдындағы ортақ міндетіміз. Осы мақсатқа қызмет ететін әрбір нәтижелі қадамды бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып қолдау – қазақстандық һәмма жұрттың азаматтық парызы деп білеміз. Бүгінгі жауапкершілігіміз бен тиянақты еңбегіміз келер ұрпақтың сенімді болашағына айналсын. Ұлы Абайдың сөзін сәл өзгертіп айтсақ, Жолдаумен бірге, жұртшылық, сен де түзел!

Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ,
Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының
бас директоры, профессор

↑