Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / ЖОҒАРЫ GPA – МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕ ЖОЛ АШАТЫН ЖАҢА МҮМКІНДІК

ЖОҒАРЫ GPA – МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕ ЖОЛ АШАТЫН ЖАҢА МҮМКІНДІК

9 қаралым

Мемлекеттік қызметке талантты, білімді және білікті жастарды тарту – мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртудың маңызды бағыттарының бірі. Осы мақсатта жоғары оқу орындарын жақсы үлгеріммен тәмамдаған түлектерге мемлекеттік қызметке орналасудың жаңа мүмкіндіктері ұсынылып отыр.

Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 19 мамырдағы №290 Заңымен мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамаға бірқатар өзгерістер енгізіліп, конкурс өткізбестен мемлекеттік қызметке орналасу мүмкіндігі кеңейтілді.

Атап айтқанда, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын уәкілетті орган белгілеген деңгейден төмен емес үлгерім көрсеткішімен, яғни GPA – кемінде 3,33 деңгейімен аяқтаған түлектер оқуын тәмамдаған күннен бастап бір жыл ішінде конкурс өткізілместен әкімшілік мемлекеттік лауазымдарға орналаса алады.

Бұған дейін мұндай мүмкіндік негізінен мемлекеттік тапсырыс шеңберінде білім алған түлектерге қарастырылса, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап аталған талап ақылы негізде білім алған, алайда GPA көрсеткіші кемінде 3,33 болатын түлектерге де қолданылады. Бұл – жоғары оқу орындарының түлектері үшін мемлекеттік қызметке кіру жолын кеңейтетін маңызды жаңалық.

Аталған мүмкіндік аудан немесе облыстық маңызы бар қала әкімдері мен мәслихаттары аппараттарының төменгі лауазымдарына, аудан және облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдарының басшы емес лауазымдарына, сондай-ақ аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдері аппараттарының басшы емес лауазымдарына орналасуға қатысты қолданылады.

Сонымен қатар орталық мемлекеттік органдар мен олардың ведомстволарының аудандардағы немесе облыстық маңызы бар қалалардағы аумақтық бөлімшелерінің басшы емес лауазымдары да осы талаптар аясында қамтылады.

Бұл мүмкіндік жастар үшін ғана емес, жергілікті мемлекеттік басқару жүйесі үшін де маңызды. Себебі оқу орнында жоғары нәтижеге қол жеткізген, білімі терең, жаңа ортаға тез бейімделетін жастарды мемлекеттік қызметке тарту мемлекеттік аппараттың кәсіби әлеуетін арттыруға ықпал етеді.

Алматы облысында аталған тетік өз нәтижесін көрсетіп келеді. 2023 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін облыс бойынша жоғары оқу орындарын тәмамдаған 103 түлек конкурс өткізбестен тиісті лауазымдарға орналасты.Олардың ішінде:

аудан әкімдіктеріне – 31 түлек;

ауылдық округ әкімдері аппараттарына – 46 түлек;

Алатау қаласына – 1 түлек;Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің аудандық аумақтық инспекцияларына – 2 түлек;

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Алматы облыстық аумақтық инспекциясының Өсімдіктер карантині және фитосанитариялық бақылау бекеттері жөніндегі мемлекеттік инспекциясының аудандық басқармаларына – 2 түлек;

Алматы облысының ауданаралық соттарына – 8 түлек;

Алматы облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің аудандық басқармаларына – 11 түлек;аудандық қазынашылық басқармаларына – 2 түлек жұмысқа орналасты.

Бұл көрсеткіштер жоғары оқу орындарының түлектеріне ұсынылған мүмкіндіктің өңірде тиімді жүзеге асырылып жатқанын көрсетеді. Әсіресе аудандық және ауылдық жерлердегі мемлекеттік органдарға жас мамандардың тартылуы жергілікті кадрлық әлеуетті нығайтуға, мемлекеттік қызметтің сабақтастығын қамтамасыз етуге және халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға оң ықпал етеді.

Мемлекеттік қызметке орналасудың жеңілдетілген тәртібі жастардың өз білімін ел игілігіне жұмсауына, туған өңірінде еңбек етуіне және мемлекеттік басқару саласында кәсіби жолын бастауына мүмкіндік береді.

Мемлекеттік қызмет – тек жұмыс орны ғана емес, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуға, халықпен тікелей жұмыс істеуге және қоғам игілігі үшін еңбек етуге мүмкіндік беретін жауапты қызмет.

Сондықтан білімді, ізденімпаз және ел болашағына бейжай қарамайтын жастарды мемлекеттік қызмет саласында өз мүмкіндіктерін сынап көруге шақырамыз.

Жоғары GPA – білімнің жоғары көрсеткіші ғана емес, елге қызмет етудің жаңа мүмкіндігі!

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің

Алматы облысы бойынша департаменті

Мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы

Ерлан Айзада

↑