ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасында күз айының басында әскер қатарына шақырылған сарбаздардың ант қабылдау рәсімі өтті. Қараша айының бірінші жексенбісінде өткен салтанатты шараға сарбаздардың ата-ана, бауырлары мен достары қатысып, жас шекарашылардың қуанышымен бөлісті.

Қабырғасы 1968 жылы қаланған шекара басқармасының саптық алаңына бүгін 400-ден астам сарбаз сап түзеген. Жүздерінде толқу бар. Енді қалай деп едіңіз, осынау маңызды күнге олар екі ай бойы тыңғылықты дайындалды. Саппен жүрудің түрлі әдіс-тәсілдерін үйренді. «Жаттығуда көп тер төксең, ұрыста қиналмайсың» – деп, қазақтың даңқты қолбасшысы Бауыржан Момышұлы айтып кеткендей, олар ер-азаматтың өмірінде бір-ақ рет болатын маңызды сәтке тас-түйін дайын. Бұл – әрбір сарбазға зор міндет жүктеп, үлкен жауапкершілік артады.
Саптық алаңның бойына сап түзеген сарбаздардың арасынан жан-жақты қабілетімен ерекшеленетін жастарды кездестіруге болады. Араларында жоғары білімді мамандар да, гитара шертіп, домбыраның құлағында ойнайтын өнерпаздар да, суретші мен спортта биік белестерді бағындыруға ұмтылған шеберлер де бар. Шығармашылыққа жаны жақын ақын да, тіпті бірнеше тілді меңгерген жас жігіттер де аз емес. Осындай сан қырлы талант пен қабілетті, түрлі тағдыр мен арманды бір арнаға тоғыстырған ортақ құндылық – Отанға қызмет етуге деген ұмтылыс.
Рәсім шекара басқармасының бастығы полковник Жекебай Байсахановтың департамент басшысы, полковник Қайрат Талиповқа «Күз-2026» шақырылымы сарбаздарының ант қабылдау үшін сапқа тұрғызылғанын баяндауынан басталды. Әрі қарай, өздерінің аты-жөндері аталысымен ортаға шыққан әр сарбаздың әскериге тән қимыл-қозғалысын олардың ата-аналары, туыстары, достары қалт жібермей бақылады. Осынау суретке түсіріп жүрген біз көпшіліктің арасынан бір қарияны көріп, сөзге тарту үшін қасына жақындадық. Сексеннің сеңгіріне шыққан Ыбырайым Еркіналы ақсақал немересінің ант қабылдаған сәтін көру үшін Іле ауданының Байсерке ауылынан келіпті.
«Немерем жаңа ғана менің көз алдымда Отанына адал болуға ант берді. Өзі немерелерімнің ішінен бірінші шекарашы атанды. Құлынымды әскер өзгертіпті, аз уақыттың ішінде ысылғанын көріп қуанып қалдым. Мына балаларды тәртіпке үйреткендері үшін командирлеріне рахмет. Біздің тыныштығымызды қорғайтын осы сарбаздар ғой» – деп, аталық алғысын білдірді.
ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің бастығы, полковник Қайрат Талипов, «Застава тарландары» республикалық қоғамдық бірлестігінің Алматы облысы бойынша филиалының мүшесі, отставкадағы полковник Марат Тасыбеков, ата-аналар атынан Нұрғали Сыдықов элита саналатын Шекара қызметінің сапын толықтырған сарбаздарды құттықтап, Отан шебіндегі қызметтеріне сәттілік тіледі. Сондай-ақ «Күз-2026» шақырылымы сарбаздарының атынан қатардағы жауынгерлер Никита Кирюшев пен Әсет Алдашев қасиетті шекара шебін көздерінің қарашығындай қорғайтындарын жеткізді. Әсіресе Никита көпшілікке ерекше әсер қалдырды. Жас шекарашы жиналған жұртшылыққа таза, көркем қазақ тілінде үн қатты. Оның нық әрі сенімді сөздерінен әскери антына адалдық қана емес, өзі қорғауға келген елге деген шынайы құрмет те айқын сезілді. Бұл сәт Отанға деген сүйіспеншіліктің тілдік шекараға бағынбайтынын тағы бір мәрте аңғартқандай болды.
Шара соңында шекара басқармасының арнайы мақсаттағы ұтқыр іс-қимылдары тобының «сен тұр, мен атайын» дейтін білекті де, жүректі сайыпқырандары шекара бұзушыны ұстаудың тәсілдерін паш етті. Шекарашылардың әбжіл қимылдары сахналық көріністі тамашалаған көпшілік қауымды тәнті еткені анық.
…Жанарларында жарқыл бар жауынгерлер оқу базасында тактикалық және физикалық дайындықтан өтіп, қажетті мамандық алып шыққан соң ел шебіне аттанады. Жоғары деңгейде өткен ант қабылдау рәсімінен кейін олардың алыстан ат арылтып жеткен ата-әжелері мен әке-аналары, бауырларымен қауышқан сәтін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес еді…
Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА,
ҰҚК Шекара қызметі
Алматы облысы бойынша департаментінің баспасөз хатшысы

