Қонаев қаласында облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің ұйымдастыруымен және Қазақстан Спортшылар одағы өкілдерінің қатысуымен келелі жиын өтті. Басқосуда алғашқы сөз кезегін алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресу мемлекеттік саясаттағы негізгі басымдықтың бірі екенін атап өтті.
– Денешынықтыру мен спорт – қоғамның маңызды бағыттарының бірі. Сондықтан спортшылардың жетістіктері кез келген мемлекеттің әлеуметтік даму деңгейін танытатын құрылым ретінде қарастырылады. Соған байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу және оны болдырмау бойынша бірлесе жұмыс атқаруымыз қажет. Сыбайлас жемқорлық спорттағы әділдік пен адал күрес рухын бұзады. Ашықтық жүйесін нығайтуға, тиімді бақылау тетіктерін енгізуге және сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға белсенді жәрдемдесуге міндеттіміз. Былтыр спорт басқармасының ведомстволық бағынысты мекемелерінің бірінші басшыларымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша 15 кеңес өткізілді. Бірлескен күш-жігермен ғана біз бәсекелестіктің интеграциясын және табысқа жету жолында әділ ойынды сақтай аламыз, – деді Нұрлан Ерғалиұлы.
Келесі кезекте облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Болат Жармақов жемқорлыққа қарсы күресте бірлескен іс-қимылдың қажеттілігіне назар аударып, барлық мүдделі тараптардың осы процеске белсенді қатысуының маңыздылығына тоқталып, спорт өкілдерін аймақтағы спорт пен мәдениеттің дамуына үлес қосуға шақырды. Сондай-ақ, спорт саласының дамуы үшін жыл сайын қомақты қаражат бөлінгенімен спортшылардың көрсеткіші көңіл көншітпейтінін, мұны Мемлекет басшысының өзі атап өткенін алға тарта сөйледі. Президенттің министрлікке жағдайды егжей-тегжейлі талдау және спортты дамытудың жаңа көзқарасын әзірлеу қажеттілігі туралы тапсырма бергенін, содан кейін агенттік туризм және спорт министрлігімен, ведомстволық бағынысты ұйымдармен келісім бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізуді бастағанын тілге тиек етті. Талдаудың мақсатына тоқтала келе, бүгінде агенттік төрағасының тапсырмасы бойынша Алматы облысының денешынықтыру және спорт басқармасының және ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізіліп жатқанын хабардар етті. Бұл жұмысқа қоғамдық ұйымдардың өкілдері, еріктілер және осы салаға бей-жай қарамайтын басқа да адамдар тартылғанын айтқан департамент басшысының міндетін атқарушы облыстың денешынықтыру және спорт саласында жемқорлық тәуекелдері көрініс тапқанын жасырмады.
Қазақстан Спортшылар одағының төрағасы Азамат Қарлығашев пен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қоғамдық кеңесінің мүшесі Серік Сәпиев және аталған одақтың құрметті мүшесі Ольга Шишигина кезегімен сөз алып, спортқа жемқорлықтың келтіретін залалы жөнінде әңгіме өрбітіп, осы саладағы аталған қауіпті індетті ауыздықтау жолындағы күрес бастамасын қолдайтындықтарын білдіріп, бөлінген қаражатты игерудегі ашықтық жайлы ойларымен бөлісті. Одан кейін сөз кезегі облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ерболат Сарабековке берілді.
– Спортшылардың жетістігі кез келген мемлекеттің әлеуметтік қуатының даму деңгейін танытатын құрылым ретінде қарастырылады. Облыс көлемінде спортты дамыту бойынша бірқатар жұмыс атқарылуда. Бөлінген қаражат шеңберінде облыста бұқаралық және балалар спортын дамыту, олимпиадалық резервтерді даярлау, спорттық инфрақұрылым желісін кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Облыста дене тәрбиесін қалыптастыру, бұқаралық спортты дамыту жұмыстары бір жүйеге қойылған. 1 облыстық, 9 аудандық бұқаралық спорттық ісшараларды ұйымдастыру орталықтарын құру бастамасы республика бойынша үздік тәжірибе ретінде танылып, қазіргі таңда еліміздің басқа өңірлерінен біздің орталықтар секілді мекемелерді ашуды ҚР Туризм және спорт министрлігі тапсырып отыр. Ірі жарыстар облыстың спорт саласын ғана емес, туризмін де дамытуға өз септігін тигізуде, – деген Ерболат Сарабекұлы қолданысқа берілген спорттық инфрақұрылымдармен таныстырып, мүгедектер спорты мен спортшылар даярлайтын мекемелердің жетістіктерін санамалап шығып, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Айжарық Көптілеуов,
Қонаев қаласы