Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Жасанды интеллект – аграрлық саланың жаңа мүмкіндігі

Жасанды интеллект – аграрлық саланың жаңа мүмкіндігі

49 қаралым

Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығына жасанды интеллект технологияларын енгізу және суармалы егіншіліктің тиімділігін арттыру жөніндегі тапсырмасы – уақыт талабынан туындаған маңызды бастама. Бүгінде әлемдік технологиялық даму өндірістің барлық саласына жаңа серпін беріп отыр. Осы үдерістен ауыл шаруашылығы да шет қалмауы тиіс.

Менің ойымша, жасанды интеллектіні аграрлық салада қолдану – жай ғана технологиялық жаңару емес, ауыл шаруашылығының жұмыс тәсілін түбегейлі жетілдіруге мүмкіндік беретін бағыт. Атап айтқанда, егістік алқаптарының жағдайын бақылау, топырақтың құнарлылығын анықтау, ауа райын болжау, суару жүйесін автоматтандыру және өнімділік көлемін алдын ала есептеу шаруалардың жұмысын жеңілдетіп, шығынды азайтуға ықпал етеді. Бұл әсіресе табиғи-климаттық жағдайы құбылмалы өңірлер үшін маңызды.

Президенттің суармалы егіншілікті дамытуға қатысты айтқан пікірі де ерекше назар аударуға тұрарлық. Себебі су – ауыл шаруашылығының негізгі тіршілік көзі. Оны ысырапсыз пайдалану, тамшылатып және жаңбырлатып суару технологияларын кеңінен енгізу арқылы жердің өнімділігін арттыруға болады. Бұл ретте жаңа алқаптарды игерумен қатар, қолданыстағы егістік жерлердің әлеуетін тиімді пайдалану да маңызды.

Бұл міндеттердің Райымбек ауданы үшін де өзектілігі жоғары. Ауданымыздың ауыл шаруашылығы картоп өсірумен, мал шаруашылығымен тығыз байланысты. Осы бағыттарда цифрлық технологияларды қолдану, суару жүйелерін жаңғырту, шаруашылықтарға заманауи техникалар мен ғылыми тәсілдерді енгізу өнім сапасы мен көлемін арттыруға жол ашады. Әсіресе, картоп өсірушілер үшін топырақ ылғалдылығын бақылау, суару уақытын тиімді жоспарлау және өнімді сақтау технологияларын жетілдірудің маңызы зор.

Сонымен қатар мұндай жаңашылдықтарды ауылдарға енгізу үшін шаруалардың цифрлық сауаттылығын арттырып, шағын және орта шаруашылықтарға қолжетімді қолдау тетіктерін қалыптастыру қажет. Өйткені технологияның тиімділігі оны өндірушінің күнделікті жұмысына қаншалықты бейімдей алғанымызбен өлшенеді.

Қазақстанның кең байтақ жері мен ауыл шаруашылығындағы әлеуеті елімізді халықаралық азық-түлік нарығындағы маңызды орталықтардың біріне айналдыруға мүмкіндік береді. Ол үшін табиғи байлықты тиімді пайдаланып, ғылым мен технология жетістіктерін өндіріске батыл енгізуіміз керек. Ауыл шаруашылығының болашағы – еңбек тәжірибесі мен заманауи технологияның үйлесімінде.

Аяулым СЕРІКҚЫЗЫ,

Текес ауылдық әкімдігінің жастар нұсқаушысы

Райымбек ауданы

↑