Қонаев қаласында әкімдік мәжілісі өтті. Басқосу барысында облыс бойынша былтыр атқарылған жұмыстар сараланды. Жиынға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев төрағалық етті.
Алқалы жиында алғашқы сөз кезегі облыс әкімінің орынбасары Рустам Исатаевқа берілді.
– 2023 жылы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң серпін сақталып, қысқа мерзімді экономикалық индикатор 101,6 пайызды құрады. Алайда өсімдік шарушылығының 10,4 пайызға төмендеуі салдарынан ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 3,4 пайызға азайды. Көлік қызметі де 1 пайызға қысқарды. Көтерме сауданың 11,4 пайызға төмендеуі сауданың 5,9 пайызға азаюына әкеліп соқтырды. Өнеркәсіптік өндірістің азық-түлік өндірісі 8,1 пайызға, сусындар 9,0 пайызға, темекі өнімдері 3,0 пайызға, қағаз және қағаз өнімдері 14,9 пайызға, минералдық өнімдер 16,8 пайызға, металлургия өнеркәсібі 68,9 пайызға өсті. Жеңіл өнеркәсіп, фармацевтика, машина жасау, химия өнеркәсібі және резеңке, пластмасса, дайын металл бұйымдарын шығару азайған, – деген облыс әкімінің орынбасары жаңадан пайдалануға берілген нысандар мен кеңейтілген өндіріс көлемі жайлы ақпарат берді. Сонымен қатар, әкімдер кемшіліктерге назар аударып, әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін жақсарту жөнінде шаралар қабылдауы қажеттігін айтып, биыл жоспарлы көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін орындалуы керек міндеттерге тоқталды. Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Кеген, Райымбек аудандарында ешқандай өндірістік нысан іске қосылмағанын, шағын және орта бизнесті және туризмді дамыту, өңірге инвестор тарту бойынша жұмыстардың көңіл көншітпейтінін айтты.
Келесі кезекте облыс әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов Қонаев қаласында құрылыс нысандарын салу үшін қажетті жер учаскелерін дайындау жұмыстары, жағажай аймағындағы жер мәселесін реттеу, саяжай алаптарының аумағын қамти отырып, қала құрылысы жобасын әзірлеу және «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру жайлы сөз қозғады.
– 2023-2027 жылдарға арналған Қонаев қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары мен Бас жоспарға сәйкес 189 құрылыс жобасын іске асыру көзделген. Биыл Қонаев қаласында 95,6 га болатын 10 жер телімінде әкімшілік, мәдени және әлеуметтік 38 нысан құрылысын бастау жоспарланып отыр. Кейбір маңызды жер жер телімдері «Алматы-Өскемен» күрежолының бойында орналасқан. Онда облыс әкімдігінің ғимараты, департаменттер, облыстық сот, қылмыстық сот, экономикалық сот, Ұлттық банк, Конгресс -холл, облыстық прокуратура, Арнайы халыққа қызмет көрсету орталығы ғимараттары орналасады. Қонаев қаласы 10-шағынаудандағы № 7 жер телімінде перинаталдық және онкологиялық блоктары бар көпсалалы аурухана, тәулігіне 500 адамға дейін қабылдайтын емхана, 150 орындық оңалту орталығы, 600 орынды жатақханасы бар колледж ғимараттарын салу жоспарлануда. Жамбыл көшесіндегі орталық саябақтың жанындағы жер телімдерінде оқушылар сарайы, көпфункционалды спорт кешені және Қонаев көшесіндегі №10 жер телімінде мұражай ғимараты салынады. Бұдан басқа, Жамбыл көшесі бойында аумағы 1,3 гектар «Жабық бассейн» және ауданы 1,2 гектар «Мұз аренасын» инвестиция арқылы салуға арналған жер телімі белгіленді. Бүгінде 58 жоба мен 12 учаскенің құжаты рәсімделуде, 6 учаскені мемлекет меншігіне қайтару бойынша жұмыс жүргізілуде, қалған 30 жобаның құрылысына арналған жер телімінің шешімі табылмады. Осыған байланысты Қонаев қаласының әкімдігі әкімшілік, мәдени және әлеуметтік нысандардың құрылысын уақытылы іске асыру мақсатында жер мәселесін қысқа мерзімде шешулері қажет, – деді Нұржан Кеңесұлы. Одан әрі сөзін сабақтаған әкім орынбасары Қапшағай су қоймасының жағалауында орналасқан жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару бойынша жүзеге асырылып жатқан жұмыстар мен саяжай алаптарының елдімекеннің аумағына қосылуы жөнінде әңгіме өрбітті. Нұржан Құдайбергенов тұрғындардың әлеуметтік қызметтерге қол жеткізу және инженерлік инфрақұрылым салу мүмкіндігі тек жақын маңдағы елдімекендерге қосылу жолымен шешілетіндігі туралы түсіндіру жұмыстары аудан әкімдіктері тарапынан жүргізілмейтініне қынжылыс білдірді. Мұның соңы саяжай алаптары тұрғындарының наразылығына және әлеуметтік шиеленіс ошақтарының пайда болуына әкелетінін алға тартып, облыстағы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында қолға алынған жұмыстар жайын жан-жақты таныстырды. Одан кейін облыс әкімінің орынбасары Алмас Батановтың баяндамасы тыңдалды.
– Облыста 31,1 мың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер жұмыс істейді. 2023 жылы облыс бойынша ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемі 814,5 млрд теңгені құрады. 2022 жылмен салыстырғанда нақты көлем индексі Еңбекшіқазақ ауданында 10,1 пайызға, Кеген ауданында 1,2 пайызға, Қарасай ауданында 4,2 пайызға, Іле ауданында 1,6 пайызға төмендеді. Ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы 3,2 мың гектарға ұлғайып, барлығы 457,4 мың гектарды құрады. Малдың тұқымдық құрамын жақсарту мақсатында 19 келісімшарт бойынша асыл тұқымды 5684 бас ірі қара мал және 1351 бас ұсақ мал сатып алынды. 288,6 мың тонна тауық жұмыртқасы өндірілді. Еңбекшіқазақ, Жамбыл аудандарында 7,0 мың басқа арналған 2 мал бордақылау алаңы пайдалануға берілді. Іле ауданында 900 басқа арналған 2 тауарлы сүт фермасы, Ұйғыр ауданында қуаттылығы жылына 17,5 мың тонна болатын «Прима құс» ЖШС ет бағытындағы құс фабрикасы іске қосылды. Алайда Жамбыл, Балқаш, Еңбекшіқазақ, Қарасай, Іле, Ұйғыр, Кеген, Талғар аудандарында ауыл шаруашылығы өнімінің өндірісі мен мал саны төмендеген, – деді Алмас Сұлтанұлы.
Баяндамашының айтуынша «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 9 млрд 554,6 млн теңге сомасына 1349 өтінім келіп түскен. 496 қарыз алушыға 3 млрд 603,3 млн теңге берілген. Осы бағдарлама бойынша 40 ауыл шаруашылығы кооперативінің 15-і 382,5 млн теңге сомасына қаржыландырылды. Қарасай, Талғар аудандары мен Қонаев қаласында ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылмаған. Сонымен қатар, «FRUITART» ЖШС инновациялық азық-түлік холдингі Еңбекшіқазақ, Қарасай, Талғар, Жамбыл аудандарының «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысушыларының жеміс-жидек өнімдерін сатып алуға және кооперация бойынша зәкірлік жоба болуға дайын. Республикалық бюджеттен СҚО тәжірибесін тарату жөніндегі бағдарламаны іске асыру шеңберінде 11 инвестициялық жобаға 15,0 млрд теңге бөлініп, қарыз алушыға қаражатты беру ағымдағы жылдың ақпан айына белгіленді. Облыс аумағында 263,8 мың гектар суармалы егістік, 310 гидротехникалық құрылым бар. Суару желісінің ұзындығы 9,4 мың шақырымды құрайды. Облыс аумағында 310 гидротехникалық құрылым жұмыс істейді. Республикалық бюджеттен Райымбек, Кеген, Жамбыл, Іле, Талғар аудандары мен Қонаев қаласының суару желілерін реконструкциялауға 6,5 млрд теңге бөлінген. Көктемгі дала жұмыстарына дизель отыны бойынша 148 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден 1517 тоннаға өтінім келіп түсті және мақұлданған.
Жиынды қорытындылаған облыс басшысы әр салада атқарылғын жұмыстарға өз бағасын беріп, кейбір мәселелер бойынша жауапты тұлғаларға тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар, Қонаев қаласы әкімдігінің шеңгелділік диқандардың өнімінің сатылуына мүмкіндік жасамай отырғанын сынға алды. Алмас Батановқа үздік көрсеткішімен көзге түскен ауыл әкімдерін ынтыландыру мақсатында марапаттаттау шарасын ұйымдастыру жайлы ұсыныс білдірді.
Айжарық Көптілеуов,
Қонаев қаласы