Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев «Жiбек жолы» ЖШС қазақстандық коммерциялық-инвестициялық компаниясының ауылшаруашылық өнімдерін өңдейтін және осы салаға қажетті құрал-жабдықтар шығаратын кешенінде болып, қазіргі ахуалынан хабардар болды.
Бұл кешенде биыл жазда бірнеше зауыт іске қосылады. Соның бірі – тамшылатып суаруға арналған құбыр мен тағы басқа жабдықтар шығаратын зауыт. Аталған компания өкілі Анна Ви облыс басшысына зауытты аралатып, кәсіпорында орнатылған құрылғыларды көрсетіп, әрбірінің қандай қызмет атқаратынын айтып берді. Компания өкілінің айтуынша, зауытты жабдықтау жұмысы мәресіне жетуге таяп қалған. Шикізат Қытай Халық Республикасынан тасымалданады. Марат Елеусізұлы облыста тамшылатып суару жүйесінің кенжелеп қалғанын, әсіресе, Шеңгелді алқабында мұндай әдіспен суару жолға қойылмай отырғанын атап өтті. Зауыт өнім шығарған соң оны өткізу керегін айтқан әкім тамшылатып суаруға арналған құбыр мен құрал-жабдықтар жайлы диқандарды ақпараттандыруды және шаруа қожалықтары мен өндірістік кооперативтердің жаңа жабдықтарға қол жеткізуі үшін субсидия және тағы басқа жолдарын қарастыруды сала басшылары мен ауыл әкімдеріне жүктеді.
Облыс әкімі құрама жем дайындайтын, дәнді дақылдарды өңдейтін, құрғақ сүт шығаратын зауыттардың да жұмысымен танысты. Кеңес билігі тарағаннан кейін жұмысын тоқтатқан бұрынғы кәсіпорынның ғимаратын банктен сатып алған компания зауыттардың құрылысын жүргізуде. Зауыт өнімдерін болашақта экспортқа шығару мүмкіндігі мол. Компания басшылығы облыс басшысынан кәсіпорын аумағына газ және 700 метр темір жол тартуға қолдау көрсетуді сұрады. Марат Сұлтанғазиев зауыт орналасқан аймақты газдандыру барысында көгілдір отын мәселесінің шешілетінін және темір жол салудың да жолдары қарастырылатынын жеткізді.
Айжарық Көптілеуов