Мәдениеттің киелі ошақтарының бірі музей екені анық. Бүгінде мұражай қорларын сақтау және дамыту, насихаттау бағытында көлемді жобалар жүзеге асуда. Ең бастысы, осы шараларды атқаруда ұлтымыздың болашағы – өскелең ұрпаққа өткеннен сыр шертетін экспонаттардың маңызын жете түсіндіруге басымдылық берілуде.
Таяуда Есік археологиялық өлкетану музейі жаңа жәдігермен толықты. Ол – ата-бабамыздың жаугершілік заманда қолданған жауынгерлік қарулары мен ат әбзелдері. Көне заттарды Есік қаласының тұрғыны Серік Ешмұханбетов музей қорына табыстаған. Музей қызметкерлерінің сөзінше, ол кісі аталған жәдігерлерді кездейсоқ тауып алып, біраз жыл ұқыптылықпен сақтаған. Сөйтіп, жақында 20-дан аса жәдігерді музей қорына өткізген.
Аталған көне заман бұйымдары арасында жүзі доға іспеттес пышақтар тұрмыста жиі қолданылған болуы мүмкін. Табылған жәдігерлер арасында келушілер қызығушылық танытатын көне заттардың бірі – жебе ұштары. Сырт келбеті қауырсынға ұқсас. Қиғыш сызық, қыры кең болуына байланысты аң аулауға немесе сауытсыз жауынгерлерді жоюға арналған деуге болады.
– Бұл – біз үшін үлкен олжа. Аталған жәдігерлер алда кәсіби мамандардың арнайы сараптауына жіберіледі. Олар жәдігерлерді жүйелі түрде зерттеп, нақты қай ғасырға тән екендігін межелеп, құрамы мен өзге де ерекшеліктерін анықтайды. Содан кейін ғана біз жауынгерлік қарулар мен ат әбзелдерін музей қорына алып, келушілердің назарына ұсына аламыз. Былтыр музей қоры 50-ден астам жәдігермен толықты. Міне, биыл жыл басынан бері осындай тосынсыйға кенеліп отырмыз. Қолында көне жәдігері бар кез келген адам біздің қорға өз бұйымын табыстай алады, – дейді музей меңгерушісі Нариман Тайжанова.
Ерзат Асыл,
Еңбекшіқазақ ауданы