Ағымдағы жылдың басынан бері Алматы облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне білім беру қызметтерін көрсетуге байланысты азаматтардан көптеген өтініштер келіп түсуде.
Өңір тұрғындары өздерінің тұтынушылық құқықтарын белсенді түрде қорғап, білім беру қызметтерін көрсететін ұйымдардың өз міндеттемелерін тиісінше орындамау жағдайларына бейжай қарамайды.
Азаматтар көбінесе ақшалай қаражатты қайтару, білім беру қызметтерінің сапасыз немесе толық көлемде көрсетілмеуі, шарт талаптарының орындалмауы, сондай-ақ нақты көрсетілген қызметтердің шартта мәлімделген талаптарға сәйкес келмеуі мәселелері бойынша жүгінеді.
Департамент азаматтардың қаржылық мүдделеріне қатысты өтініштерге ерекше назар аударады. Ағымдағы жылдың басынан бері Алматы облысының тұтынушыларына білім беру қызметтеріне қатысты мәселелер бойынша 10,6 млн теңге қайтарылды.
Өтініштерді қарау және құқық бұзушылықтарды анықтау аясында Департамент тарапынан бақылау жұмыстары да жүргізіледі.
38 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, олардың нәтижелері бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, жалпы сомасы шамамен 990 мың теңге айыппұл салынды.
Бұл ретте Департаменттің негізгі міндеті құқық бұзушыларды жауапкершілікке тартумен ғана шектелмейді, ең алдымен, тұтынушылардың бұзылған құқықтарын нақты қалпына келтіру болып табылады.
Әрбір нақты жағдайда Департамент мамандары азаматтарға олардың құқықтарын түсіндіреді, сотқа дейінгі наразылықтарды дайындауға жәрдемдеседі және дауларды сотқа дейінгі тәртіппен реттеу мақсатында кәсіпкерлік субъектілерімен жұмыс жүргізеді.
Өтініштердің едәуір бөлігі азаматтардың сотқа жүгінуінсіз шешімін табады. Мұндай тетік тұтынушыларға өз құқықтарын қысқа мерзімде қалпына келтіруге және төленген ақшалай қаражатты қайтарып алуға мүмкіндік береді.
Білім беру қызметтері саласындағы өтініштер санының артуы бір жағынан, осы салада проблемалық мәселелердің бар екенін көрсетсе, екінші жағынан, халықтың құқықтық сауаттылығының артып келе жатқанын білдіреді.
Алматы облысының тұрғындары өз құқықтарын қорғауда белсенділік танытып, заңнамада көзделген тетіктерді біледі және өздерінің заңды мүдделерін қорғауға дайын.
Департамент білім беру қызметтерін көрсететін ұйымдармен жұмысты жалғастырып, шарт талаптарының сақталуына, көрсетілетін қызметтердің сапасына және тұтынушылардың ақшалай қаражатын ұстап қалудың заңдылығына ерекше назар аударады.
Алматы облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті еске салады: оқу қызметтерін алу туралы шарт жасасар алдында тұтынушыларға оның талаптарымен, қызмет құнымен және төлем тәртібімен, шартты бұзу және ақшалай қаражатты қайтару шарттарымен мұқият танысу ұсынылады. Сондай-ақ шарттарды, чектерді, төлем құжаттарын, жарнамалық материалдарды және қызмет көрсетушімен жүргізілген хат-хабарларды сақтау қажет.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау – бұл ең алдымен азаматтың сапалы қызмет алу және заңды құқықтары бұзылған жағдайда төленген ақшалай қаражатын қайтарып алу мүмкіндігі.
Департамент өңір тұрғындарына қажетті құқықтық және консультациялық көмек көрсетуді, сондай-ақ заңнамада көзделген ден қою шараларын қабылдауды жалғастырады.
ҚР Сауда және интеграция министрлігінің
Алматы облысы бойынша сауда және
тұтынушылардың құқықтарын қорғау
департаментінің бас маманы Д.Сенбаева

