Ширек ғасыр Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы, Саяси бюро мүшесі, елу жыл ел ағасы болған халықтың Димекеңі, Дінмұхамед Қонаев туралы әрбір қазақ сүйіспеншілікпен айтады. Қазақстанға, Кеңес одағына, тіпті дүниежүзіне қатысты еңбектері бар ол кісіні бүкіл әлем басшылары мойындаған. Үш мәрте Социалистік Еңбек Ері деген жоғары атақ иеленген.
Ол кезде Қазақстан Мәскеуге бағынады, табыстың бәрін Қазақстан Мәскеудің қазынасына құяды. Ал Мәскеуге бағынбаған адамның не болатыны белгілі еді. Қонаевтың ақылдылығы сол – Мәскеудегі басшылықпен де, мемлекеттің басқа да құрылымдарымен де жақсы қарым-қатынас орната білген. Сөйтіп, Қазақстанның өзіндік үлесін алып, оны игеріп отырған. Осындай тұлғаны бізге ХХ ғасырда Құдіреттің өзі сыйлаған, ғасырда бір туатын Димекеңдей данышпан сирек.
Димекең басқарған жылдарда республикада тамаша істер мен ерлікке толы жеңіс көп болды. Ұлан-байтақ даламызда мыңдаған жаңа мекенжай, олардың ішінде, 68 жұмысшы ауылы, 43 қала пайда болды. Шевченко, Арқалық, Екібастұз, Рудный, Никольск, Кентау, Степногор, Қаратау, Жаңатас, Жаңаөзен сияқты ірі әкімшілік және өндіріс орталықтары бой көтерді. Осы кезең ішінде республикада өнеркәсіп өндірісінің көлемі 8-9 есе, ауыл шаруашылығы 6-7 есе, құрылыс 8 есе өсіпті. Халық саны 1955 жылмен салыстырғанда 2 есе көбейіп, 1987 жылы 16 миллион 244 мыңға жетіпті. Республикада тұратын қазақ 2,2 есе өсіп, 7 миллионды еңсерген. Осы заманға лайық 1000 орынға арналған жаңа мектептер шаңырақ көтерді. Д.Қонаевтың адами қасиеттерін әңгімелеудің өзі бір төбе. Өз сөздеріне назар аударайықшы.
«Партия жұмысында жоғары да жауапты қызметте жүріп, ешқашан осыншалықты ұлан-байтақ жері бар, байлығы бастан асатын және даңқы жер жарып тұрған Қазақстанды, оның көпұлтты халқын жалғыз билейін дегенді ойлап та көрген емеспін. Шүкір, шыққан тауым биік болды. Омырауға таққаным да бір басыма жетерлік еді. Атақ та алысқа кетті. Ел ішіндегі абыройым да баршылық-тұғын. Соған қарамастан, табыстан бас айналған жоқ. Тұла бойымдағы бар қасиетті сақтап қалуға тырыстым. Күнделікті өмірде де, жұмыста да сол үш қасиетке арқа сүйедім. Олар – қарапайымдылық, адалдық, табандылық. Қандай жағдай болмасын, сабыр сақтап, мейлінше қайырымды болуға ұмтылдым. Мінсіз едім демеймін. Мен де ет пен сүйектен жаралғам. Бірақ барлық мәселеге әділ төреші болуға, таразы басын тең ұстауға тырыстым. Жан баласына «сен» деп жекіріп я дауыс көтеріп көрген емеспін. Үлкенге ізетпен, кішіге құрметпен қарадым. Аз сөйлеп, көп тыңдау – әдетім. Әсіресе, алдыма мұң-мұқтажын айтуға келген жанды түгел тыңдап алып, істің байыбына барып, әңгімені шиыратын едім», – дейді Дикемең.
Айтса айтқандай-ақ, даналық халықта екенін біліп, олардың ортасында жиі болып, айтар тілегіне, қоятын талабына құлақ асып, өзін өмір мектебінен дәріс алып қайтқандай сезінеді екен. Біздің Дегерес ауылында да 1981–1983 жылдары қатарынан үш рет болып қайтты. Сондай қасиетті кісімен үш рет кездесу мен үшін үлкен бақыт деп есептеймін. Әр келген сайын Дегерес тауының етегіне оқшау үй тігіліп, қазақтың ұлттық сый-сияпатын көрсететінбіз. Келетін уақыты – әр жыл сайын мамырдың бесі мен жетісі аралығы. Бұл кезде жусан жаңа көтеріліп, иісі төңіректі алып жатады. Мал төлдеп, «Уызқағанақ» пен «Қымызмұрындық» жасала бастайды. Димаш ағаны күтетін үйге аудан хатшысы мен кеңшар директорының әйелдері Роза, Алмагүл және мен жіберілеміз. Ол кезде мен мектеп директорымын. Басқа күтушілер бір жотаның астында тігілген үйлерде ас пісіріп, дастарқан мәзірлерін дайындап жатады. Тамақтарды ол жерден екі-үш кісі ғана бізге тасып жеткізеді, өйткені, көп кісі жүріп, жайқалған жусанды таптамау керек. Жанымызда санитарлық-эпидемиялық стансаның бас дәрігері ғана болады. Ол әкелген тамақтардан тексеруге керектілерін алып тұрады. Дүниеде туған еліңнен артық ел де, жер де жоқ деп есептейтін Д.Қонаев Қазақстанның халқын, табиғатын, ұлттық тағамдарын қалай бағалайтынының куәсі болғанбыз. Алдына қойған тағамдардан аса сүйсініп жегені майтары, уыз, сары ірімшік болды. Қасындағыларға да сол тағамдардан ауыз тиюді ұсынады, өйткені олар қазақ дастарқанында күнде бола бермейтінін түсіндіретін.
Қазақ даласына соншалық бір сүйіспеншілікпен қарағанын айтсаңшы! Бұл кезде даланы неше алуан шөп басып, үлбіреген нәп-нәзік гүлдер бейне жасыл дастарқандай болып жайылып жатар еді. Табиғаттың өзінде өзгеше бір сүйсінерлік, жанға жайлы тартымдылық болатын. Димаш ағаның Дегерес жерінде тынысы біртүрлі кеңейіп, етек-жеңін кеңге салып, емінеркін жүргісі келетіні байқалатын. Әр келген сайын дастарқан басында 4-5 сағат асықпай отыратын.
Алғаш келгенінде Д.Қонаев Дегерес кеңшарының шопаны, Социалистік Еңбек Ері Шопан Жандыбаевқа, жылқы фермасының меңгерушісі Наркен Қалыбековке «Волга» автокөлігін, мектепке шағын автобус сыйлап кетті. Екінші келгенінде Еңбек Еріне Алматы қаласынан екі бөлмелі пәтер сыйлады, өйткені шопанның 10 баласы бар еді. Ал мектепке тіркемесімен трактор тарту етті. Үшінші рет келгенінде мектептің 30 оқушысы мен 5 мұғаліміне Мәскеу қаласына барып қайтуға тегін жолдама ұсынды. Өмірден көргені де, көңілге түйгені де көп, дүниеге сергек көзбен қарайтын зерек Димекеңнің адамгершілік жолын, ізгі қасиеттерін, жасап кеткен істерін кейінгі ұрпаққа өнеге етіп отыру – біздің міндет.
Күміскүл Кемелбекова,
ҚР Мәдениет қайраткері, Жамбыл ауданының Құрметті азаматы