-13 °c
Qonaev
Monday, May 19, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    «Қара майор»

    01.02.2024
    in Барлық жаңалықтар, Идеология, Тарих
    «Қара майор»
    0
    SHARES
    402
    VIEWS

    Интернационалдық тұрғыда жәрдем береміз деген мақсатпен 1979 жылдың 12 желтоқсанында Кеңес басшылығы Ауғанстанға әскер кіргізу туралы шешім қабылдайды. Нәтижесінде, 1979 жылдың 25 желтоқсанында КСРО әскерлері Ауғанстан шекарасынан өтіп, 1989 жылдың 15 ақпанына дейін соғыс қимылдарын жүргізді. Ауған соғысының біткеніне де 35 жылдың жүзі болды. Аталмыш соғысқа дереккөздер бойынша Қазақстаннан 22 мың адам қатысып, олардың 761-і қаза тапқан, 379-ы мүгедек атанып, 21-і хабарсыз кетті.

    Осы соғыста Қарулы Күштер министрлігінің академиясын бітірмесе де, Ауған соғысы­ның бейресми академиясын бітірген Борис Керімбаев ағамыздың рухы ондаған генералдан биік тұрғанын мойындағанымыз жөн. Себебі, оның артында Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Рақымжан Қошқарбаев, Төлеген Тоқтаров және басқа даңқты қазақтың батыр ұлдары сияқты көптеген аңыз-әңгіме қалды, кітаптар жазылып, кинолар түсіріліп таспаға жазылды.

    Борис Керімбаев жастайынан отбасы мен өскен ортасынан алған тәрбиесінің, Құдай көкірегіне салған ақыл-парасатының арқасында ерте ер жетіп, ержүрек болып өседі. Өзінің алдына үлкен мақсат қояды. 1961 жылы Ю.Гагарин ғарышқа ұшқанда әке-шешесіне айтпай, Орынбордағы ұшқыштар дайындайтын училищеге хат жазады. Көп күттірмей жауап келеді, әке-шешесіне сонда бір-ақ айтады. Олар баласының бұл ісіне қуанудан басқа амалдары қалмай­ды. Сөйтіп, құжаттарын оқу орнына дайындай бастайды. Алайда басындағы жарақа­тының кесірінен комиссиядан өтпей қалады. Айтқанынан қайтпай­тын қайсар, талапты баланы көрген онда­­ғылар: «Әскери саланы ұнат­саң, Алматыдағы шекарашылар училищесіне баруыңа болады»- деп ақыл-кеңес береді. Соңында саналы азаматтың жырақта оқып, шыны­ғып, ысылғым келеді дегенін ескеріп, Ташкент қаласындағы әскери учили­щені ұсынады. «Талаптыға нұр жауар» дегендей, арманы орындалып, оқуға түседі. Оның үлкен тұлға болып қалып­тасуының қайнар бұлағы осылай басталған еді.

    1966 жылы әскери училищені тәмам­дағаннан кейін Борис Керімбаев Германиядағы Кеңес әскери тобында мотоатқыштар взводы мен барлау ротасының командирі қызметтерін атқарады. 1977 жылы әскери жасақ­тарды мамандандыру жолында өзі қызмет ететін бөлімнің штаб-бастығы, мотоатқыштар батальонының коман­дирі болады. 1980 жылы КСРО Қарулы Күштері 10-басқармасы бас штабының Эфиопиядағы жаяу әскер бригадасының кеңесшісі ретінде жұмыс істейді. Ал 1981жылдың 8 қаңтарында талантты офицер Борис Төкенұлы Қапшағайдағы айрықша тапсырмалар үшін құрылған 177-арнаулы жасақ командирі болып тағайындалады. Аса жауапты тапсырманы мойны­на жүктеген жерлесіміз машақатына қара­май, күн-түн демей, іске кіріседі, мұсылман жігіттерді іріктеп, оқу-жат­тығу жұмыстарын жүргізеді.

    Борис Төкенұлының сақадай-сай дайындалған сарбаздары соғысты Ауған жеріндегі Меймене деген жерден бастайды. Ол жайында Ауған жерінде соғысты Борис Төкенұлымен бірге өткерген жерлестері Бақберген Әбішев пен Қанат Жарқынбаев: «Қапшағайда оқу-жаттығу жұмыстары біткеннен кейін біз бір эшалонға, техника екінші эшалонға тиеліп, жол­ға шықтық. Басында Балқаш­қа барамыз деп ұқтық, кейіннен Түркмениядағы Шаржо қаласына келіп жеттік, сол жерде қаруланып, 1981 жылдың 29 қарашасында түнгі сағат 2-де мемлекеттік шекараны басып өттік те, Мейменеге аяқ бастық. Соғысты Дорздов, одан ары Панджшер аймағында жалғастырдық», – деп еске алады.

    Панджшер аймағы ұзыннан-ұзақ созылып жатқан, бір шеті Пәкістан мемлекетімен шектесетін, географиясы соғысқа ыңғайсыз, таулы-қыратты болып келетін еді. Ауған соғысының ішіндегі «Панджшер шатқалы» үшін соғыстың маңызы өте зор болды. Аталмыш шатқал Кеңес одағын Ауғанстанның астанасы Кабулмен байланыстыратын таулы аймақ, алтын көпір, стратегиялық маңызы зор. Соғыстың басым бөлігі осы аймақта орын алды. Бұл жерді Ауған елінің дала командирі, атақты Ахмед Шах Масуд биледі. Сонымен бірге бұл жер гауһар тасқа және басқа кен оры­дарына бай өлке болды. Панджшер арыстаны атанған Ахмед Шах Масуд туралы қысқаша айтып өтетін болсақ, ол Панджшер уезінде 1953 жылы дүние­ге келген. Ұлты – тәжік, мұсылман-суннит, Ханафи мазһабын ұстанушы, Кабул университеті­нің түлегі. 1975-1977 жылдары Египет, Ливан мемлекеттерінің әскери база­­­­ларын­да оқу-жатығудан өтіп, соғыс-­террактыларға қатысады, Таяу Шығыста, Латын Америкасы, Оңтүстік Азия елдерінде партизандық күрес тәсіл­дерін үйреніп, Ауған еліне азамат соғысы басталғанда оралады. Елінің 2-3 бөлігі осы айлакер, дайындығы жоғары қатал қолбасшының қол астын­да болады. Кеңес маршалдары мен генералдары Панджшер арыс­танына қарсы тұрарлық тұлға бірден-бір Борис Төкенұлы деп шешеді. Себебі, қасиетті қазақтың сайын даласыны тумасы ақыл-ойы, парасаты, түр-тұлғасы, дайындығы жағынан көптеген замандастарынан көшілгері-тұғын. Соның арқасында Панджшер арыстанына қарсы тұрып, өзі кейіннен Панджшер патшасы атанады. Кеңес әскерлері 1981 жыл­дың мамыр айында Панджшерге шабуылды бастады. Операцияға 36 батальон жұмылдырылды. Бұл батальондар­­дың 20-сы кеңестік болса, 16-сы Б.Кармал билейтін Ауған өкіметінікі еді. Мұның сыртында шабуылға тек Кеңес тарапынан 104 тікұшақ, 26 әскери ұшақ, 165 миномет, 250 жаяу ұрыс машинасы және өзге де қару-жарақ түрлері мен қосымша күштер қатысты. Бір аптаға созылған қиян-кескі шайқаста екі жақ үлкен шығынға ұшырады. Өз шебін жеті күн бойы ұстаған Ахмед Шах ақырында Панджшерді тастап шық­ты. Шатқал үшін екі жақтан көптеген техника жойылып, көптеген әскер қаза табады.

    Ақырында Ахмед Шах Панджшерді тастап кеткеннен кейін Қара майор 635 сарбазымен шатқалға орналасады. Жоғарғы жақтың бұйрығымен ең болмаса бір ай төтеп беріп, аймақты бақылауға тиіс еді. Ал 177-арнаулы жасақтың сарбаздары сегіз ай бойы ұрыс жүргізіп, қарсы тұрады. Ал басында Панджшер арыстаны Ахмед Шах Құран Кәрімге қолын қойып: «Кеңес өкіметінің ең соңғы сарбазын тірідей отқа қуырамын», – деп бүкіл әлемге жар салып еді, онысы іске аспады. Сонымен бірге, бір ай ішінде шатқалды қайтарып алып, қарсы тұрған батальонның көзін құртуына сенімді болды. Алайда арыстанның бұл ойын қазақтың арда туған Қара майоры быт-шытын шығарды. Соғыс тактикасын өзі құрды, картаны Жасұзақов пен штаб бастығы Тютев сызатын, түннің бір уағына дейін отырып елеп-екшейтін. Содан кейін дұшмандарға: «Ертең дайындалыңдар, «шурави» келе жатыр», –деп хабар тарайтын. Ал Борис Керімбаев болса картаны басқаша сызып, сағат таңғы төртте бөлім коман­дирлерінің қолына ұстатады. «Сондай бір сенімді тактиканың нәти­же­сінде «Дорзов» атты үлкен кишлакты алып едік», – деп еске алады жерлес қаруластары.

    Сөйтіп, Ахмед Шахқа Борис Төкенұлы «шах» қоя бастайды. Осы тұста оның басына миллион доллар тігіледі. Бұл келеңсіз жайды командирге барлау бөлімінің бастығы Сәкен Жасұзақов хабарлайды және командирдің қауіпсіздігін сақтау барысында көптеген шара ұйым­дастырады, айла-әдіске бара­ды. Атап айтқанда, көлігін күн сайын ауыстырумен болды. Бірде жаяу ұрыс машинасына мінгізсе, келесі күні жүк көлігін дайындап қоя­тын. Болмаса жанармай таситын машинаға отырғызатын және күзет­терді ауыстырып, керек кезінде күшей­­тіп отырды. Ол 177-арнаулы батальонның командирі бола жүріп, қол астындағы жауынгерлерге де жауаппен қарап, әкесіндей қамқорлық жасап, барынша шығынды азайтуға тырысты. Бөлімшелері қиын жағдайға тап болған кезде тікұшақпен көмек қолын созды. Өзінің қандыкөйлек қарулас досы Амангелді Жантасов «Мұсылман батальоны» атты кітабын­да: «Ал енді мен ол туралы, біздің командиріміз туралы аздап айтып өткім келеді. Адам туралы айту үшін оның шеберлігі, даналығы және әскери таланты арқасында біз өз бөлім­шемізге жүктелген көптеген күрделі тапсырмаларды орындай алдық және сонымен қатар, егер мүмкін болса, қарамағымыздағы қызметкерлерді құтқардық. Жоқ, әрине, шығындар болды. Соғыстың шығынсыз өтуі мүмкін емес. Бірақ Борис Төкенұлы бізге сабақ берді, талап етті және өзі әскери әрекеттерді қол астындағылардың өлімін болдырмайтындай етіп жаса­ды. Ол көптеген жағдайда жетіс­тікке жетті деп айта аламыз», – деп ағынан жарылуы көп нәрсені аңғарт­са керек. Сонымен бірге, Борис Төкенұлының жеке оққағары болған жерлесі Бақберген Әбішевтен алған сұхбатқа жүгінсек: «Борис Төкенұлы керемет стратег, талантты қолбасшы болды. Ұйықтамайтын кездеріміз көптеп кездесетін. Аяқ астынан күн-түн демей кенеттен жол жүріп, болмаса тікұшақпен ұшып кететінбіз. Соғысты дұрыс ұйы­дастыра білгенінің арқасын­да 8 ай ішінде 635 сарбаздың 41-і қаза болды. «Осының өзінде аналарына не бетімді айтамын?» – деп қапаланатын. Аналарына не айтамын демекші, әлі есімде, 1982 жылдың 23 қыркүйегі болатын, Панджшер шатқалының Руха кишлағында тұрақтаған кезіміз, Баграм қаласына ақшаға баруымыз керек болды. 2 тікұшақ шықпақшы еді. Екінші тікұшаққа жүгіріп үлгергенім сол, шаңның арасынан командирі­міз түсіп келе жатыр екен, сол жер­де қолымнан тартып, алып қалды. Командирімізбен бірге штабқа келдім. Арада 2-3 күн уақыт өткенде Баграмға кеткен тікұшақтың бірі қайтып, Руха кишлагына қонар тұста дұшмандардың оғынан апатқа ұшырады. Ербол, Қанат, барлығы он үш адам қаза тапты. Олар­ды елге жөнелттік. Қатты қайғырдық. Командиріміздің жақсылығы, бірде-бір сарбазды гаупвахтаға жаппады, бәрімізді бес саусағындай жақсы білді. Ұрсып алатын, өкпе-реніші осымен бітетін. Біз командирге еш­­­қашан ренжіген емеспіз, ылғи көмек қолын созғысы келіп тұраты­нын сезетінбіз. Бізді қойшы, сонау Ауған халқының өзіне мейірім­ділік­пен қарайтын. Жергілікті халықтың ақсақалдарымен ұзақ сөйлескенін талай көрдік, кейбіріне ұн, тұз, сіріңке сияқты заттарды бергізетін, жағдайды түсіндіретін, кейін олардың кейбірінен керекті мағлұматтарды алып отыратын. Жүрек жұтқан командирімізбен жау­дың арасына бітімгершілікке бара­тын кездеріміз болды. Бірде Ахмет Шахтың туған кишлағы «Базаракқа» келдік. Тұтқындарды алмасу жайында сөйлестік. Келіссөзге Ахмет Шахтың орынбасарының өзі төрт адам болып келді. Келіссөз сәтті аяқталып, аман-есен тұрақты жерімізге оралдық, содан кейін бір айға дейін тыныштық орнады», – деп қандыкөйлек достарымен бірге басынан өткерген жайды айтты.

    Ел ауызында қара майор атанған ержүрек азамат жайлы естелік айту­шылар көп. Солардың қатарында Марат Ордабаев, Испанди Галимов, тағы басқа сұхбат берген сарбаздары­ның бәрі ыждаһатпен естелік айтып, коман­дирлеріне деген құрметтері мен сағыныштарын білдірді. Сондай азаматтың бірі – Ауған соғысының ардагері, қазіргі таңда Жамбыл ауда­нындағы «Сәт» мешітінің бас имамы Сейітқали Ыбытаев. Сейітқали қажы Есімбекұлының Борис жайлы естеліктерінің өзі бір төбе. Әсіресе, оның «қара майор» аталуы жайында: «Ахмет Шахтың атақты «Мавлоди қара» атты дала қолбасшысы болды. Ол қолбасшы қаталдығымен аты шыға бастаған тұста батальондағы қырғыз жігіті «Дұшмандарда Мавлоди қара бар болса бізде одан да мықты қара майор бар, саспаңдар, жігіттер» деген екен. Осы қырғыз сарбазының аузынан шыққан сөз лақап атпен «қара майор» болып Борис Төкенұлына танылды. Несі бар, «қара» сөзі қазақта қасиетті ұғым, мысалы, қара шаңырақ, қара қазан, қара домбыра деп жалғаса береді», – деп айтқаны көңілге мақ­таныш сезімін ұялатады.
    Демек, Ауған жеріндегі геогра­фия­лық орта – таулы аймақта ұрыс жүргізу барысында ол өзінің көшпен­ділердің текті ұрпағы екенін дәлел­деген дарынды қолбасшы, хас батыр болғаны айдан анық. Сөз соңында Ауған соғысының дарабозына өскелең ұрпаққа үлгі ету, мәңгі еске қалдыру мақсатында «Халық қаһарманы» атағы мен елдімекен, көшелерге аты берілсе деген ұсынысымызды айтқым келеді. Батырларымыздың жасаған ерлігі мәңгі ел жадында!

    Жандарбек Қарабасов,
    Қазақстан Журналистер
    одағының мүшесі

    Ұсынымдар

    «Қожеке Назарұлы – 200» экспедиция тобы Кеген ауданына келді

    «Қожеке Назарұлы – 200» экспедиция тобы Кеген ауданына келді

    2 years ago
    Өңір оқушылары халықаралық байқаудан жүлде алды

    Өңір оқушылары халықаралық байқаудан жүлде алды

    1 month ago
    Иппотерапия игілігі

    Иппотерапия игілігі

    3 months ago
    Алматы облысында жол апатынан екі адам қаза тапты

    Алматы облысында жол апатынан екі адам қаза тапты

    2 years ago
    Ұлттық дәстүр паш етілді

    Ұлттық дәстүр паш етілді

    5 months ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      t>