Өңірлік коммуникацияқызметі алаңында Талғар ауданының әкімі Таңат Айдарбековпен баспасөз мәжілісі өтті. Брифингте Алматымен іргелес жатқан өндірісті өлкенің даму динамикасы баяндалды. Аудан басшысының сөзіне сенсек, халқы тығыз орналасқан аумақта әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер жылдан-жылға жақсарып келеді. Өнеркәсіп, туризм, ауыл шаруашылығы, құрылыс, газдандыру, бюджет түсімдері туралы айтқанда, миллиондар мен миллиардтар тізілген саннан көз сүрінеді. Бір сөзбен айтқанда, қағаз бетіндегі әдемі көрсеткішке қарық болдық та қалдық.
Талғар ауданының басшысы көз алмай оқып шыққан баяндамада бастан-аяқ атқарылған шаруалар бірінен кейін бірі бүкпесіз айтылды. Бірақ брифингтің «Талғар ауданының 2023 жылдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен 2024-ке арналған міндеттері туралы» деген тақырыптың екінші бөлігіне келгенде жауап таба алмай қиналдық. Әр саладағы әдемі сандарды алдыға тартқан Таңат Есенкелдіұлы Талғар өңірін дамыту, тұрғындардың жағдайын жасау, үшауысымды мектеп, саяжай, көше, жолдарды жөндеу, жарықтандыру сияқты бүкіл ел-жұрт назарындағы мәселеге келгенде сипай қамшылап өте шықты. Бұл орайда аудан басшысы асыра орындалған сан-цифрларды былай қойып, пайызбен көрсетуге көшті. Онда да бүкіл әлемде ортақ ұсынылатын ең жоғары 100 пайызбен шектелсе қанеки, бірден 102, 104, 105, тіпті, 112 пайыздық көрсеткіштерді алдымызға тартты.
Әрине, атқарылған шаруа шашетектен. Жетістіктерге көз жұма қарауға тағы хақымыз жоқ. Десек те, Талғар ауданындағы түйткілдерді тұрғындардың тығыздығымен, Алматымен қоян-қолтық араласып жатуымен байланыстырып, жылы жауып қоюға тағы болмайды. Қанша жерден халық көп дегенімізбен, сол өңірге жауапты әкім ауданның әрбір нысанын, әрбір саладағы даму жайын басты назарда ұстауы тиіс. Журналистердің көзі қырағы екенінен сескенді ме, әлде қазір барлық жерде ашықтық, жариялылық барын, туындаған мәселелерді бұрынғыдай бүркемелеп, жаба тоқып жіберуге болмайтынын ұқты ма, бірсыдырғы баяндамадан соң басын көтерген әкім шешімін таппаған түйіндер мен дамуға кедергі тақырыптарға да тоқталды.
Соның біріншісі – су жүйесі. Аудан басшысының айтуынша, талғарлықтарды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі біртіндеп шешімін тауып жатыр. Бүгінде өңірдегі 48 елдімекеннің 45-і орталық су жүйесіне қосылғанын алға тартқан Таңат Есенкелдіұлы тағы да мұнысын пайызбен көрсетуге ұмтылды. Пайызы 93,7 екен. Сонымен қатар Талғар топтық су құбырына Байбұлақ, Амангелді, Алмалық ауылдары қосылып жатқанын айтты. Ал Шымбұлақ, Алтын дән, Бірлік, Талдыбұлақ елдімекендері су құбырына осы жылдың маусым айында қосылмақ.
Осы орайда Бесағаш ауылын айналып өте алмаймыз. Баяғыдан Бесағаш ауылының су жүйесі күрделі мәселелердің бірі саналады. Ауылдағы су қызметін «ТасҚұмСу» ЖШС алғанымен қарызға белшеден батқан. Бүгінде «Алматы су» мекемесіне 276 млн теңге қарыз көрінеді. Одан қалса, ірі елдімекенде су желілері тозған, жаз айында Бесағаш ауылының 11 мың тұғыны ауызсу тапшылығын көрді. «Осы мәселені шешу үшін «Бесағаш ауылын сумен қамту жүйесінің құрылысы (оңтүстік бөлігі)» жобасы әзірленді. Құрылыс жұмыстарының құны – 5,4 млрд теңге. Желілердің ұзындығы – 31,3шақырым. 2024 жылға құрылыс жұмыстарын бастауға 100 млн теңге қаражат бөлінген. Күн жылынғанда құрылысты бастау жоспарланған. Су мәселесін шешудің жолын осылай таптық», – деген Таңат Есенкелдіұлы Ақдала мен Кіші Байсерке елдімекендерінің су жүйесіне де қомақты қаражат бөлініп, ашық конкурсқа құжат дайындалып жатқанын жеткізді. Аудан әкімінің айтуынша, аталған жобалар толық жүзеге асса, су желілерінің тозу деңгейі 90-нан 82,0 пайызға дейін төмендейді және 9 елдімекендегі 63 мың халық сапалы ауызсумен қамтылады.
Талғар өңіріндегі тағы бір түйткіл – тұрғындарды баспанамен қамту және жер мәселесі. Өңір әкімі құрылыс саласындағы статистиканы айтып өтіп, бұл салада 47 млрд теңге жұмсалғанын тілге тиек етті. Атап айтқанда, Таңат Есенкелдіұлы Талғар қаласында тоғыз қабатты 5тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатқанын, онда 72 пәтер барын айтты. Бірақ брифинг соңында журналистер қойған сұрақтан тоғыз қабатты тұрғын үйлердің құрылысы тоқтап тұрғанын, негізі пайдалануға былтыр берілуі тиіс болғанын білдік. Бұл сұраққа саспаған әкім: «Бұл үйлер бітіп, дайын тұр. Құрылысы 2021 жылы басталған. Бірақ су жүйелері, кәріз жүргізілмеген. Қазір сараптамаға бердік, содан кейін конкурс жариялаймыз. Жылдың соңына дейін біте ме, оны уақыт көрсетеді», – деп айды аспаннан бір-ақ шығарды. Сөйтіп, Талғар ауданы әкімінің баяндамасында құрылысы жүріп жатыр деген нысанда су мен кәріз жүйесі реттелмей,тоқтап тұрғанын түсіндік. Қысқасы, бұл үйлердің шаруасы әлі біраз уақытқа созылатын сыңайлы. Сондай-ақ, аудан бойынша 10 жеке тұрғын үй кешенінің құрылыс жұмыстары басталған. Бұдан бөлек, ауданда былтыр 257,3 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, пайдалануға берілгені сөз болды. Тіршілігі қайнаған Талғарда құрылыстың қызу жүріп жатқанын көрсеткісі келді ме, аудан басшысы Бесағаш, Нұра, Қызылқайрат ауылдарындағы қызметтік тұрғын үймен біріктірілген учаскелік полиция мекемелерін де сөзіне қосып,баяндап өтті.
Талғар ауданында тұрғындардың талап-арызы мен айғай-шуы басылған емес. Өңірдегі мемлекеттік сатып алу мәселесінде де дау арылмаған. Аяқсыз қалған нысандар, бір-бірін сотқа сүйреген компаниялар жетіп-артылады. Салдарынан қарапайым халық зардап шегеді. Әсіресе, Талғар трассасының бойында орналасқан ауылдарда мәселе шаш-етектен. Жер телімдерін нарықтағы бағамен сатып алып, өз бетінше баспана тұрғызып, Алматыға қатынап жұмыс істейтін ағайында есеп жоқ. Олар әлдеқашан жергілікті әкімдіктен үміттерін үзген. Оның үстіне, жергілікті басқару өкілдері оларға инженерлік желілер тартып, қолдау көрсетуге шамалары да жетпейтін болған. Нәтижесінде саяжайлар, ауыл шетіндегі шағынаудандардан мезгіл сайын бір мәселе шығып отырады. Ашынған халық әкімдікке сөзін өткізе алмағандықтан айналып келіп БАҚ-қа жүгінеді. Ал БАҚ барынша ақпараттық демеушілік танытса да, оған құлақ түрер аудандық әкімдікте бір адам жоқ. Оған алысқа бармай-ақ, облыстық басылымдардан мысал келтірсек жеткілікті. Тұрғын үй мен жер кезегі, саяжайлар, лайсаң жолдар, көлік тасымалы сияқты халық үшін маңызды тақырыптарда ауыз ашпаған аудан әкіміне облыстық газетте шығып жатқан сын материалдары туралы сұрақ қойылды. Бірақ Таңат Есенкелдіұлыоблыс әкімдігінің ресми газетінде басылған сыни мақалалардан мүлде бейхабар болып шықты. «Алдағы уақытта қарастырамыз, облыстық газеттерге насихат жұмыстарын жүргіземіз», – деп таптаурын жауаппен құтылды.
Бүгінде Талғар ауданында екі журнал, екі газет және бір радио жұмыс істейді. Оған республикалық, облыстық басылымдарды қосқанда оншақты БАҚ таралады деген сөз. Алайда аудан әкімі журналистердің сын-пікіріне мүлдем құлақ аспайтын сыңайлы. Ашынған ел-жұрт өз үнін естірту үшін иек астындағы Алматыға жүгініп, ақпарат құралдарын шақыртады. Ал Талғар ауданы әкімдігі қандай іс-шараларды атқарып жатыр, не істеп отыр дегенге келсек, БАҚ беттерінен бір тұщымды материал таппайсыз. Осындай бейқамдықтың салдарынан ауданның жергілікті журналистері де наразылық білдіріп, аудан әкіміне арыз түсірді. Нәтижесі қалай боларын кім білсін?
Қуаныш Тұнғатар