Кеген ауданындағы Ақтасты ауылының тұрғындары таңмен таласа дауыс беруге асықты. №563 сайлау учаскесінде 286 сайлаушы тіркелген. Үйден дауыс беруге 3 адам өтініш білдірген.
Бұл күні ең бірінші болып ауыл ақсақалы Мәкен Сембаев пен ардагер-ұстаз Әсия Шаршеева өз таңдауын жасады. Ақсақалдар жиналған көпшілікке ақ батасын беріп, мәслихат депутаттары сайлауының маңыздылығына тоқталды. Алғашқы дауыс берушілерге арнайы ескерткіш сыйлықтар табысталды.
Учаскелік сайлау комиссияның төрағасы Қымбат Қамбарбекованың айтуынша, мұнда дауыс беру талапқа сай ұйымдастырылған. Сондай-ақ мүгедектігі бар азаматтарға қолайлы жағдай жасалған. Үйден дауыс беруге өтініш қалдырған азаматтар үшін де тасымалданатын жәшіктер қарастырылған.
«Дауыс» қоғамдық ұйымынан және «Әділет» партиясынан келген байқаушылар сайлау барысын бақылауда.
Дәурен Әбутәліпов
Кеген ауданы

