Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Алатау қаласында сайлау науқанында тұрғындар белсенділік танытуда

Алатау қаласында сайлау науқанында тұрғындар белсенділік танытуда

39 қаралым

Бүгін Алатау қаласында Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауы аясында тұрғындар өздерінің азаматтық белсенділігін танытып, дауыс беру науқанына қатысуда. Саяси науқан белгіленген тәртіпке сәйкес ұйымдастырылып, қала тұрғындары өздері тіркелген сайлау учаскелеріне келіп, ел болашағы үшін өз таңдауларын жасауда.

Ынтымақ шағынауданындағы №371 сайлау учаскесіне алғашқылардың қатарында келіп, дауыс берген азаматтардың арасында Ақсақалдар алқасы төрағасының орынбасары Октябрь Қашағанов, Нұрымжан Сымағұлова және Бақытгүл Әзімбаева болды. Ерекше атап өтерлігі, ұлттық құндылықтарды дәріптеген азаматтарымыздың қазақы кимешек пен ұлттық киімдерді киіп келуі сайлау науқанына өзіндік сән беріп, халқымыздың салт-дәстүріне деген құрметті айшықтай түсті.

Алатау қаласының қоғамдық-саяси өмірінде мәслихат депутаттарының орны ерекше. Мәслихат – жергілікті халықтың мүддесін білдіретін, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететін маңызды өкілді орган. Депутаттар қала тұрғындарын толғандырған мәселелерді көтеріп, оларды шешу жолдарын қарастыруға, жергілікті инфрақұрылымды дамытуға, әлеуметтік саланы жетілдіруге және халықтың тұрмыс сапасын арттыруға атсалысады.

Сайлау учаскесіне келіп, белсенділік танытқан аға буын өкілдері азаматтық жауапкершіліктің үлгісін көрсетіп қана қоймай, ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптеу арқылы кейінгі ұрпаққа өнеге болды. Олардың ұлттық нақыштағы киіммен келуі – елдік пен бірліктің, дәстүр үйлесімін танытқан тағылымды көрініс.

Алатау қаласы тұрғындарының сайлау науқанына белсенді қатысуы – ортақ іске деген жауапкершіліктің, ел болашағына деген сенімнің көрінісі. Қаланың өркендеуі мен халықтың әл-ауқатын жақсарту жолында әрбір азаматтың пікірі маңызды. Өйткені туған қаланың дамуы – баршамызға ортақ міндет, ал ұлттық құндылықтарды сақтау мен дәріптеу – келер ұрпақ алдындағы парызымыз.

Сайлау учаскелеріне келіп, белсенділік танытып жатқан тұрғындардың қатарында аға буын өкілдерінің болуы да қуантады. Олар өздерінің азаматтық ұстанымымен жастарға үлгі көрсетіп, қоғам өміріне белсене араласудың маңызын аңғартады.


Толқын ОДАШҚЫЗЫ
Алатау қаласы

↑