Бүгін Қонаев қаласының әкімі Нұрлан Құматаев қаладағы бірнеше құрылыс нысанын аралады. Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады. Әкім барған нысандар қатарында 10 шағын ауданда салынып жатқан, құрылысы ұзаққа созылып кеткен 60 пәтерлі үш тұрғын үй бар. Көпқабатты үйлердің сыртқы және ішкі жұмыстары әлі аяқталмаған. Қаланың коммуналдық қызметі барлық инфрақұрылымды тартып қойса да, үй желілерге қосылмаған.
«Сіздер жұмысқа селқос қарамасаңыздар, жаңа жылда 180 отбасы баспаналы болар еді. Бекітілген мерзімнен 2 айға кешігіп жатсыздар. Құрылыс бөлімі олқылықтардың орнын толтыру бағытында 5 хат жолдаған, енді сіздердің компанияны жауапсыз деп тану үшін сотқа берді. Ең бастысы, сіздер түсінулеріңіз керек, үй кезегінде тұрған азаматтар пәтер кілтін асыға күтіп отыр. Оның ішінде көпбалалы отбасылар, мүгедектер және тағы басқа әлеуметтік осал топтағы жандар бар», – деді Нұрлан Құматаев «SHEBERBUILD» ЖШС өкілдеріне қарата сөйлеп.
Үй құрылысынан бөлек, аулаларды абаттандыру жұмыстары да басталмаған. Шаһар басшысы мердігер компаниямен бірге тапсырыс беруші тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен құрылыс бөлімі де жауапқа тартылатынын айтты.
Сондай-ақ ол «SHEBERBUILD» ЖШС Қонаевта құрылысы жүріп жатқан басқа нысандарда да мердігер екенін атап өтті. Олардың да жұмысы мерзімінен кешігіп жатыр. Сондықтан әкімдік компанияны жауапсыз деп тану үшін сотқа жүгінбек.