Қонаев қаласында Алматы облысының бірыңғай байланыс орталығы ашылды. Салтанатты жиында Ақпараттық технологиялар орталығының директоры Бауыржан Ибраев сөз сөйлеп, облыс тұрғындарын мазалаған түрлі мәселелерді жедел шешу мақсатында аталмыш орталықтың ашылып отырғанын жеткізді. Ғимараттың лентасын Қонаев қаласы әкімінің орынбасары Марлан Жолдахмет пен Талғар ауданы әкімінің орынбасары Оразхан Қаспақбаев қиды.
Облыс тұрғындары бұл қызметке 109 нөміріне қоңырау шалу арқылы қол жеткізе алады. Қоңырау шалу стационарлық нөмір, ұялы телефон арқылы да тегін. Халыққа қызмет көрсетудің қолжетімділігі мен сапасын арттыру мақсатында ашылып отырған орталық пилоттық режимде қаңтар айының 11-інен бастап қызмет көрсетуде. Бүгінде Қонаев қаласы мен Талғар ауданының жұртшылығы аталмыш қызметке қол жеткізе алады. Біртебірте облысымыздың барлық ауданына бұл қызмет қолжетімді болады. Орталықтың жұмысымен таныстырған 109 қызметінің басшысы Алмагүл Қабақова 109 нөміріне хабарласа отырып, азаматтар түрлі өтініштері мен проблемалық мәселелерін шеше алатынын алға тартты. 109 абоненттік нөміріне қоңырау түскен кезде ол автоматты түрде жүйеде көрсетіледі. Қажетті барлық өріс толтырылады, содан кейін бұл карточка автоматты түрде бақылау және сапа орталығына түседі. Орталық тұрғындар жүгінген мәселе бойынша жауапты мекемелерге өтініш тастап, мәселенің жуық арада шешілуін қадағалайды. Оның жауабын мейлінше тез беріп, одан нәтиже шығаруға тырысады. Өтініштерді орындаудың орташа уақыты 1-10 сағатқа дейінгі уақыт аралығын қамтиды. Коммуналдық желілердегі авариялық жұмыстар мәселенің күрделілігіне байланысты 4-тен 12 сағатқа дейін созылады. Бұл қызмет мемлекеттік мекемелер, коммуналдық және жедел қызметтермен бірлесе отырып жүргізіледі. Өтініштерді жүзеге асыруда арнайы топ құрылып, шұғыл әрекет ететінін де айта кеткен жөн.
Орталықтың жұмысын жедел басқару залы, бақылау және сапа орталығы бөлімдері жүзеге асырады. Мұнда 8 адамнан тұратын екі ауысымдық кезекшілікте операторлар жұмыс істейді. Олардың тынығып, демалуы, тамақтануы үшін де ғимаратта жайлы жағдай жасалған. Орталық кідіріссіз күндіз-түні халыққа қызмет көрсетеді. Бүгінгі таңда облыс жұртшылығы тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, оның ішінде жарықпен, жылумен қамту, басқа да мәселелер бойынша хабарласуда.
Жұмыстың сапалы жүруін бақылау мақсатында операторлардың жұмысы үнемі бақылауда болады. Жаңа ашылған байланыс орталығының бүгінде көпшілікке қолжетімсіз болып отырған көптеген мәселенің шешілуіне ықпал етеріне сенім зор.
Алма Есенбай