Ауған соғысы – Кеңес одағы кезіндегі қайғылы тарихи оқиғалардың бірі. Он жылға жалғасқан шайқаста Кеңес әскерлерінің құрамында Қазақстаннан 22 мыңға жуық жауынгер интернационалдық міндетін атқарды. Олардың 1000-ға жуығы сұрапыл шайқаста ерлікпен қаза тапқан, 21 адам хабарсыз кетіп, мыңдаған әскер елге ауыр халде оралды. 1989 жылы 15 ақпанда КСРО халқы Ауғанстаннан қайтқан жауынгерлерді қарсы алды. Биыл Кеңес одағы Қарулы Күштерінің Ауған жерінен толықтай шыққанына 35 жыл толып отыр.
Жылда республика бойынша барлық аймақта Ауған соғысы ардагерлерінің ұйымы бұл күнді ерекше атап өтіп, ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерді еске алып, Құран бағышталады. Бұл игі дәстүр жыл сайын Еңбекшіқазақ ауданында да өз жалғасын тауып келеді. Бүгінде Еңбекшіқазақ ауданында 150- ден аса Ауған соғысының ардегері бар. Солардың бірі – Айдар Анарқұлов. Ол 1963 жылдың 1 қаңтарында Шелек ауылында дүниеге келген. 1970-1979 жылдары Шелектегі жалпыға бірдей орта мектепте білім алады. 1980 жылдың көктемінде 351-ші гвардиялық әуедесанттық полкі 56-шы жеке десанттықшабуылдау бригадасына әскер қатарына шақырылады.
– Біз Ташкент қаласы маңындағы Шыршық (Чирчик қаласы) деген жерде алты ай әскери дайындықтан өттік. Жарты жылға жуық жеке десанттықшабуылдауға қатысты ұрыс тәсілдерін үйренгеннен кейін, сол жылдың күзінде Ауғанстанның Құндыз қаласына аттандық. Әрине бізге жүктелген миссиялар мүлде басқаша сипатта болды. Біздің десанттық-шабуылдау бригадасының жауынгерлері жолдар мен көлік колонналарын күзетіп, таулы аймақтарды тазартты. Сонымен қоса ұрыс қимылдарын қолдау мақсатында рейдтерге шықтық, өкіметтік полиция бөлімшелеріне көмек көрсеттік. Түнде ұрыс күшейеді де, күндіз аздап тынышталады. Ол жақтың ауа райы өте ыстық, +55-60 градус, қыс мезгілінің өзінде +34 градусты көрсетіп тұрады. Қатқан қара нан мен суды қанағат тұтқан қандастарымыздың күні солай өте берді. Ауғанстан – таулы мемлекет, жер бедері аса күрделі ел. Сол себепті онда ұрыс салу оңайға түскен жоқ. Кез келген сәтте өліммен бетпе-бет келуің мүмкін. Көп жағдайда тау-тас арасында жүріп келе жатқан автоколоннаға партизандық соғысты жақсы меңгерген қарулы топтар шабуыл жасайды. Бірақ көшпенді өмір көрген қазақ баласы үшін табиғаттың кез келген сынағы қиындық тудыра бермейтін. Сол қиындықтың барлығына тез көндігіп кеттім. Бір жарым жыл Ауғанстанның біраз бөлігінде ұрысқа қатыстым. Кейін тағы 2 жыл келісімшартпен ұрыс даласында қызмет еттім. Соғысқа барған кезде 18 жасар бозбала едім. Шынымды айтсам, елге аман қайтамын деп ойлаған жоқпын. Бірақ Жаратқан жар болып есен-аман елге қайттым, – дейді Ауған соғысының ардагері Айдар Байділдәұлы.
Елге оралған Айдар жоғары білім алуға бел байлайды. Сөйтіп, қазіргі Абай атындағы ҚазҰПУ-дың құқықтану мамандығын тамамдайды. Кейін қазіргі Қонаев қаласының ішкі істер бөлімінде 10 жылдан аса еңбек етіп, зейнетке шығыпты. Айдар Анарқұлов – қазіргі таңда шаруа қожалығымен, яғни, мал шаруашылығымен айналысып отырған кәсіпкер. Бүгінде ағамыз ұлын ұяға, қызын қияға қондырыпты. Майдангердің ұлы мен қызы медицина мамандығы бойынша жоғары білім алып, елге қызмет етуде. Ал Айдар Байділдәұлы еңбегі мен ерлігі үшін «Ауған соғысының ардагері», «Интернационалист-жауынгер» медалінің, Ауған соғысының 20, 25, 30 жылдық және Кеңес одағы Қарулы Күштерінің 70 жылдық төсбелгілерінің иегері атаныпты. Ауғанстаннан Кеңес әскерлерінің шығарылғанына 35 жыл өтсе де, сол кездегі соғыс жарасынан айыға алмай жүрген жауынгер ардагерлеріміз қаншама?!
«Ерлік – жан дүниенің ұлы қасиеті» дегендей, өмірінің өлшеулі бір бөлігін, жалындаған жастық шағының жартысын оқ пен от арасында өткізген майдангер ағамыз сол бір қанды майданға бірге аттанған достарын сағынышпен еске алатынын жасырмады.
– Ауғанстаннан оралғандардың тағдыры әртүрлі болды. Қанның ортасынан шыққандар елге оралғанда, оларды ешкім күткен жоқ. Кеңес одағы Ауған жауынгерлерінің кейбірін қараусыз қалдырды, олардың көбі психологиялық сауықтырудан өтпеді. Ана жақтың сұмдықтарын көріп келген кейбірі мына өмірге бейімделе алмай қалды, жасыратыны жоқ, ішкілікке салынып кеткендер де бар. Бүгінде көбінің денсаулығы жоқ. Дәрігерлердің өзі де анықтай алмаған дертке шалдыққандар көп. Шелектен бір жылда майданға аттанған 10 жауынгерден тек үшеуміз ғана жер басып жүрміз. Соғыс адамдардың жүрегіне емес, тұтас ғұмырына із қалдырады. Мен сынбадым, ерлікпен күресе білдім. Менің анам Тыл ардагері еді. Анам мені бала жастан еңбекке баулып, қаршадайымнан өмірге бейімдеді. Қандай да бір қиындыққа тап болсам, анамды есіме аламын. Мен үшін ол кісі үлкен өмір мектебі бола білді. Сол үшін де мен өр сеніммен өмір сүріп келемін. Шын мәнінде, соғыста жеңіс деген болмайды. Екі жақтан да қан төгіледі. Миллиондаған тағдыр бүлінеді. Бейбіт те берекелі өмірге не жетсін? – дейді Ауған соғысының ардагері Айдар Анарқұлов.
Тарих бетіне өзінің қанды ізін қалдырған Ауған соғысы да талай ердің тағдырын оққа байлады. Саяси текетірестің құрбаны болған Ауған халқына да, басқыншылық әрекет жүргізген Кеңес одағына да бұл соғыс қасірет әкеліп, жүрекке өшпес жара салды. Еліміздің өзге де өңірлерінде Ауған соғысы ардагерлеріне тиісті көмек беріліп, құрмет көрсетіліп келеді. Ардагерлер қашанда құрметке лайықты, оларды қадірлеу – біздің борышымыз.
Ерзат Асыл,
Шелек ауылы, Еңбекшіқазақ ауданы