28 ақпан – Жамбыл Жабаевтың туған күнін атап өтуді ақындар мен батырлар елі жыл сайынғы дәстүрге айналдырған . Поэзия алыбының 150 жылдығынан бастау алған мерекелік шара Жамбыл ауданында бұл жолы да жарасымды жалғасын тапты. Аудан жұртшылығы мен алысжақыннан ат арытып келген зиялы қауым өкілдері жүз жасаған жыр жампозының рухын асқақтатты.
Шараға аймақ басшысының ықылас-ниетін ала келген облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым алдымен Жамбыл Жабаевтың кесенесіне барып, рухына тағзым етті. Дәстүрлі Жамбыл күні Ұзынағаш ауылындағы аудандық Мәдениет үйінде өтті. Салтанатты жиында алғашқы сөзді Нұрлан Ерғалиұлы алды.
– Жамбыл Жабаев – ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан ұлттық айтыс өнерімізді , жыршылық дәстүрімізді ерекше дәріптеген ұлы тұлға. Халқымыздың поэтикалық өнерінің дамуына үлкен үлес қосқан өлең сөздің дүлдүлі. Жыр алыбының сөздері ұранға айналып, өзі халық поэзиясының атасы атанды, – деген ол, Жамбыл шығармалары көптеген халықтардың тіліне аударылып, шет елдердің алдыңғы қатарлы прогресшіл қайраткерлері мен көрнекті жазушылары ақын еңбегін ерекше құрметтейтінін атап айтты.
– Биылғы жылы да облысымызда біршама мерейтойлар аталып өтеді. Соның ішінде балалар əдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде тойланады. Жазушының кітабы түрік тіліне аударылып, Анкара қаласында тұсауы кесілгелі отыр. Бұл қазақ қаламгерлерінің әлемде бағалануының бір белгісі деп білемін. Жыл сайын өткізілетін Жамбыл атамыздың туған күні – еліміздің рухани бірлігінің нышаны. От ауызды, орақ тілді ақынның мұралары кейінгі ұрпаққа асыл қазына болып жалғаса берері сөзсіз, – деді Нұрлан Әбдірахым. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов көпшілік алдында Жамбыл жайлы ой-пікірін ортаға салды. – Ұлы ақынның туған күні тек осы жерде ғана өтпеуі керек. Бұл бүкіл еліміз мерекелейтін айтулы шараға айналуға тиіс. Біз, Жазушылар одағы, осы мәселені көтеретін боламыз. Абайдың туған күні бүкіл Қазақстанда атап өтілетініндей, Жамбылдың туған күні де солай болуы керек. Өткен ғасырдың басында ұлтқа төнген нәубет, ашаршылықтың өзінде қазақ халқы өзінің мәдениеті мен өнерінен ажыраған жоқ. 1934 жылы Алматыда қазақ өнерпаздарының слетінде қазақ өзінің ұлы ақынын тұңғыш рет сонда кездестірген. Ал 1936 жылы Мәскеуде Қазақстанның өнері мен мәдениетінің онкүндігі аясында «Правда» газетінің бірінші бетіне Жамбылдың «Менің елім» деген көлемді толғауы жарияланды.
Мен өзім мына бір жайтқа қатты көңіл бөлемін. Сол онкүндікке кімдер барды дегенде, делегация құрамында ұлтымыздың жас таланттарының символы ретінде 22 жастағы Күләш Байсейітова болса, бүкіл ақылсанамыз, телегей-теңіз жырымыз бен халықтық қалпымыздың ақсақалдығын танытатын Жамбыл болды. Сталиннің алдында қасқайып тұрып қазақтың сөз өнерінің құдіретін көрсетті. Бұл – бүкіл Кеңес одағында болмаған жаңалық, халқымыздың үлкен жетістігі. Содан 1945 жылға дейін Жамбыл тоғыз жыл бойы жыр толғады. Ғажап ақынды әлем қаламгерлері мойындады. Француз жазушысы Ромен Роллан оны жаңа заманның жыршысы десе, Михаил Шолохов мұндай феномен әлемде жоқ екенін айтқан. Жамбыл біздің қандай керемет халық екенімізді өзгелерге танытты. Жырлары бүгін де, ертең де ұрпақты ізгілікке шақырып, тәрбиелей береді. Жамбыл дегенде ет-жүрегіміз елжірейтіні сондықтан. Ақын атындағы аймақтың жұртшылығы ғана емес, бәріміз де Жамбылмен мақтанамыз, – деді ол.
Жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы ақынның туған күні Жамбыл ауылында 63 жылдан бері аталып өтетінін, кейін аудандық көлемде ұйымдастырылғанын тілге тиек етті. Ал өткен жылы облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің қолдауымен өңірдің жаңа әкімшілік орталығы Қонаев қаласында үлкен ісшаралар өткізілгенін ризашылықпен атап өтті. 2021 жылы жыр алыбының 175 жылдығы республика көлемінде және түркітілдес мемлекеттерде де мерекеленіп, кітабы жарық көргенін, мерейтой аясында мәдени-рухани іс-шаралар, көптеген ғылыми конференциялар ұйымдастырылып, ақын мұраларын насихаттайтын «Жамбыл əлемі» атты 30 томдық кітабы жарық көргенін еске салды. Сондай-ақ жуырда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Жамбыл апталығы ашылғанын айтты. Бұл күндері жер-жердегі оқу орындары мен кітапханаларда көрме, дөңгелек үстел, кездесу кештері сияқты түрлі іс-шаралар өтуде. Жамбыл жайлы республикалық мерзімді басылым беттерінде материалдар жарияланып, баспадан кітап шығуда. Жамбылтанудағы жаңаша көзқарас тақырыбында мақалалар шыққанын жеткізді.
Серік Сатыбалдиев,
Жамбыл ауданы