Ертең, яғни, 1 наурыздан бастап еліміздің бірқатар өңірінде уақыт өзгереді. Нақты айтсақ, 1 наурызға қараған түні сағат 00-де 15 өңірде, оның ішінде, Алматы, Астана мен Шымкент сияқты ірі мегаполистерде уақыт тілі бір сағат артқа жылжиды. Осы сәттен бастап бүкіл ел аумағы бір уақыт белдеуіне өтеді. Яғни, қазір Қазақстан аумағының жартысынан астамы – шығысы, орталығы және солтүстік пен оңтүстігінің көп бөлігі Гринвич өлшемі бойынша +6 уақыттық белдеуінде тұрса, 1 наурыздан бастап батыс өңірлерімен бірдей +5-ке ауысады. Осылайша, 1 наурызда Алматы, Астана, Шымкент қалалары, Абай, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ұлытау, Шығыс Қазақстан облыстарының тұрғындары үшін уақыт бір сағат кейінге сырғиды.
Географиялық тұрғыдан батысында +3-тен шығысында +7-ге дейінгі төрт уақыт белдеуінде орналасқан Қазақстан тарихында Кеңес одағы құрамында болған кезеңді айтпағанда, тәуелсіздік жылдарының өзінде сағат тілі бірнеше рет өзгерді. Кеңес билігі орнаған алғашқы жылдары Қазақстан аумағында Гринвич өлшемі бойынша +4, +5, +6 және +7 уақыт белдеуі қолданылды. Кейін уақыт белдеуі бірнеше рет ауыстырылып, одақ тарайтын тұста +7 белдеуінен бас тарттық. 1990 жылдан кейін енгізілген өзгерістер нәтижесінде ел аумағында екі уақыт белдеуі (+5, +6) қалдырылды. Әйтсе де уақыт белдеуіне қатысты өзгеріс мұнымен аяқталмады. 2020 жылы Алматыдағы Василий Фесенков атындағы Астрофизика институтының ғалымдары ел тұрғындарының көпшілігі (халықтың 80 пайызға жуығы) өздерінің географиялық уақытына сай өмір сүрмейтінін айтып, бірыңғай уақыт белдеуіне өтуді ұсынды.
Жұмыс тобы өкілдерінің уәжіне сенсек, азаматтардың денсаулығы мен қауіпсіздігі, экономикалық тиімділігі тұрғысынан қарағанда табиғи уақытқа барынша жақын уақыт белдеуіне өткен жөн. Астрофизика институты ғалымдарының айтуына қарағанда, астрономиялық тұрғыдан уақыт талтүстен белгіленеді. Ресми белгіленген күндізгі сағат 12 мен астрономиялық талтүстің айырмасы бір сағаттан аспауы тиіс. Астрофизиктер +5 белдеуіне өткеннен кейін Астана, Алматы, тіпті Өскеменнің уақыты да осы талтүске келеді деген пікірде. Былайша айтқанда, елдің шығысында талтүс сағат 12:30 шамасында болады. Бірақ бұл айырма бір жыл ішінде астрономиялық ауытқу есебінен теңесіп, елдің көп бөлігі өз уақыт белдеуіне оралады.
Астрофизиктердің уәжін дәрігерлер де қолдады. Олардың пікірінше, уақыттың өзгеруі тұрғындар денсаулығына оң әсер етеді, себебі түнгі уақыт ұзарып, ұйқы қанады. Ұйқысы қанған адамның иммунитеті жақсы болады, созылмалы ауруларға шалдықпайды.
2023 жылдың ортасында Парламент депутаттары, ғалымдар мен дәрігерлер, орталық және өңірлердің жергілікті билік өкілдерінен жұмыс тобы құрылып, елде бірыңғай уақыт белдеуіне көшу қажет деген тоқтамға келді. Бұл шешім Үкімет деңгейінде қабылданбас бұрын нормативтік-құқықтық актілер порталында қоғамның талқысына ұсынылды.
Әділін айтайық, талқылауда бірыңғай уақыт белдеуіне өтуге Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары қарсы болды. Шығыс қазақстандықтар, шын мәнінде, өңір +7 уақыт белдеуімен өмір сүруі тиіс екенін, жаңа уақыт бойынша күндізгі уақыт қысқарып, түн ұзаратынын айтады. Мәселен, жазда таң бұрынғыдай сағат 4-те емес, 3-те атады. Ал желтоқсан-қаңтар айларында кешкі сағат 16-17:00 мезгілінде бататын күн енді сағат 15:00-де ұясына кіреді. Тұрғындар осыған байланысты аймақта жарық ерте қосылып, электр қуатын бұрынғыдан көп тұтынуға мәжбүр боламыз дейді. Дәрігерлердің уәжі де шығыстағы ағайынның көңіліне қонбады. Қоғамдық талқылауға пікір білдіргендер аймақтың экологиялық ахуалы онсыз да нашар екенін, енді сағат тілі артқа жылжыса, жұмыстан кейінгі демалу уақыты қысқарып, күн көзін аз көретінін айтты.
Жалпы, Қазақстан осы өзгерістен кейін Еуропа елдеріндегі уақыт белдеуіне жақындай түседі. Мамандар жаңа уақыттық белдеуге өтсек, қарт құрлық елдерімен уақыт айырмасы бір сағатқа қысқарып, экономикалық қарым-қатынас, транспорт байланысы оңтайланады деп сенеді. Бірыңғай уақыт белдеуі елді әкімшілік басқару жұмысын да жеңілдетіп, мемлекеттік мекемелердің өзара іс-қимылына оң әсер ететін көрінеді. Мәселен, Елордада Үкіметтің таңғы сағат 9-ға белгілеген жиыны енді барлық өңірдегі шенеуніктер үшін бірдей уақытта басталады деген сөз.
Қалай десек те, табиғи уақытқа барынша жақындау, халық денсаулығы мен экономикалық тиімділікті арттыру мақсатындағы бірыңғай уақыт белдеуіне көшу бастамасында көпшіліктің таңдауына баса назар аударылды. Сол себепті осыны ескеріп, Шығыс Қазақстан облысының тұрғындарына қыс мезгілінде коммуналдық төлемдерге жеңілдік жасау, қосымша еңбек демалысын беру секілді артықшылықтар қарастыру қажет деген де ұсыныс жоқ емес.
Айбек Мұқан