Он жылға созылған Ауған соғысы – тарихтың қасіретті парағы. Бұл – АҚШ пен КСРО секілді әлемдік ірі державалардың солақай саясатынан болған қанды қырғын. Соның салдарынан Ауған елінің бейбіт өміріне сызат түсті. Мағынасыз майданға қазақ жастары да тартылды. Сол саптағы жауынгерлердің бірі – есімі елге белгілі қаламгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, республикалық «Балдырған» журналының бас редакторы Дүйсен Мағлұмов. Ардагерден алған сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.
– Дүйсен аға, биыл өзіңіз куә болған, мыңдаған сарбаздың өмірін жалмаған Ауған соғысының аяқталғанына 35 жыл толды. Уақытқа шегініс жасап, өткенге көз жүгірткенде есіңізден кетпейтін қандай сәтті ерекшелеп айтар едіңіз?
– Бейбіт өмірде әскерге аттанып, от пен оқтың арасынан бір-ақ шығамыз деп кім ойлаған? Қаншама сарбаз жат өлкеде жер жастанды. Шейіт болған қаруластарымның әзіз бейнесі әлі күнге дейін көз алдымнан кетпейді.
1979 жылы 27 желтоқсанда біздің дивизия алғашқылардың бірі болып Ауғанстанға кірді. Ол күнді ұмыту мүмкін емес. Александр Бектің «Арпалыс» кітабын бәріміз оқыдық. Бірінші тарауы «Қорқыныш» деп аталады. Сонда Бауыржан Момышұлының тұңғыш рет жаумен бетпе-бет келгенде «Біз қатты қорықтық» деп айтқаны бар емес пе?! Дәл сол күйді біз де бастан кешірдік.
Қырық шақты әскери техникамен Құндыз қаласын бетке алдық. Ресейде сақылдаған аяз апшыңды қуырса, мұнда көктемдегідей сібірлеп жаңбыр жауып тұр. Қас қарайған шақ. Айнала жалаңаш жартастар, ағаш өспейтін тақыр төбелер. Арада жарты сағат өткенде әлгі жартастардан оқ борады. Бір-ақ сәтте дүниенің астан-кестеңі шықты. Колонна қапаста қалды. «Урал» автомашинасының жүргізушісі мерт болды. Оқ екі көздің арасына тиіпті. Оларға көмек көрсету үшін командир мені жұмсады. Еңкейе жүгіріп кабинаның есігін аштым. Латыш жігітінің денесі жерге сылқ ете түсті. Көкшіл жанары аспанға қадалып ашық жатыр. Есім ауыңқырап барып бойымды тіктедім. Қосымша әуе күші келмегенде бәріміз ажал құшатын едік. Сол кезде соғысты көзбен көрдік. Одан бері қырық бес жыл уақыт өтіпті. Ауған соғысы десе, әлі күнге дейін денем түршігеді.
– Соғысқа бару туралы бұйрықты естігенде қандай күйде болдыңыздар?
– Ол кезде біз өрімдей жас едік. Аузын ашса жүрегі көрінетін ауылдың ақкөңіл баласымыз. Мына өмірде бір нәрсеге көзім анық жетті, адам маңдайына жазылған тағдырдан қашып құтылмайды екен.
Мен Нарынқол өңіріндегі Қаратоған деп аталатын шекара шебіндегі аядай ғана ауылда, қарапайым отбасында дүниеге келдім. №1 застава сонда орналасқан. Әлемге әйгілі Хантәңірі көз алдымызда асқақтап тұрады. Осындай бай табиғаттың ортасында бақуатты өмір сүріп жатқан едік. Жер бетіндегі тірі тозақты көреміз деп кім ойлаған?!
Мектептен кейін жоғары оқу орнына бірден түсе алмадым. 1978 жылы әскер қатарына шақырды. «Армия адамды шыңдайды» деп үлкендер арқамыздан қағып шығарып салды. Көтеріңкі көңіл-күймен аттандық.
Сонымен, Мәскеу әскери округіне қарасты атақты Таман дивизиясынан бір-ақ шықтым. Бізді майдан даласын минадан тазартуға және барлау ісіне машықтандырды. Ол жерде тауда өскеннің пайдасы көп тиді. Өрмелеу, секіру, жүгіру маған соншалықты салмақ түсірмеді. Аңшыларға ілескенім де кәдеге асты. Автоматтан, тапаншадан атқан оқты нысанаға дәл тигізетін болдым. Минамен жұмыс істеуден жаңылмайтын деңгейге жеттік. Өйткені, қателессең бір-ақ сәтте өмірмен қоштасасың. Барлаушыға керекті тәсілдердің бәрін меңгердік. Қысқасы, бес қаруын бойына жиған сақа сарбазға айналдық.
Бірақ өкімет ешкімге сездірмей, бізді соғысқа дайындапты. Бір күні енді Мәскеуді қойып, Орта Азияға оқу-жаттығуға барасыңдар деді. Шындықты пойызда бір-ақ естідік. 1979 жылы 25 желтоқсанда Ауған соғысы басталыпты. Кеңес армиясы оған қатысатын болыпты. Себебі, интернационалдық борышын өтеуге міндетті екен. Бұл – бізге берілген бұйрық. Бұйрықты талқылауға хақымыз жоқ. Мерт болсаң, мәйітіңді табытқа салып, «Жүк-200»-бен елге жібереді. Тіршілігің сонымен тоқтайды.
Кірпігіміз айқаспай, көрер таңды көзбен атқыздық. Ел-жұртпен іштей қоштастық. Саған өтірік, маған шын, бір күннің ішінде жиырма жасқа есейдік десем артық болмас. Әттең, өз Отаның үшін, өз елің үшін айқассаң бір сәрі ғой! Оның азабы бұдан жеңілірек еді. Біреудің жерінде, мағынасыз майданға араласып көз жұмғаннан артық не өкініш бар?!
Түркіменстанның Кушка деген қаласына соғыс техникаларын жасырыпты. Соларды жер астынан шығарып, ұрысқа дайындадық. Бұйрық бойынша атқарылатын міндеттер белгіленді. Оны неше мәрте құлағымызға құйды. Жүретін жолды, баратын жерді нақтылап, географиялық ерекшеліктерін, қандай кедергі барын картадан көрсетті. Сонымен, 27 желтоқсанда жасақталған әскери колонна отқа оранған Ауғанстанға жол тартты.
– Кинофильмдерден көрген кезде, Кеңес жауынгерлерінің ерік-жігері жағымды сипатталады. Ал шынайы өмірде қалай болды? Бұған не айтасыз?
– Ең сорақысы, алғашқы сәттен-ақ кеңестік техника сыр берді. Тастақ жолға, шатқалға жарамайтыны білінді. Бұл кемшілік тұрмыстық ахуалда да қайталанды. Алайда оны ешкімге ашып айта алмайсың. Өйткені, мұны «әскери құпияға» жатқызады. Мәселен, төрт кісілік палаткада жерге тасталған қамыста жатамыз. Күн күйіп тұр. Термометр 50 градус ыстықты көрсетеді. Бөшкедегі суға киіміңді батырсаң, бес минутта кеуіп кетеді. Айналаңда жылан мен шаян, қарақұрттар өріп жүр. Одан сақтайтын дәрігерлік екпе жоқтың қасы. Біраз сарбазды жылан мен қарақұрт шағып өлтірді. Сары ауру, іш ауру секілді кесел бірімізден екіншімізге жұқты. Осының бәрі жүйкеңді жүндей түтеді.
– Ауған халқы туралы не айтасыз? Олардың басқыншылық соғысқа көзқарастары қалай еді?
– Біреу сенің үйіңе рұқсатсыз баса-көктеп кіріп, кеңірдегіңе пышақ тақаса, отбасыңа қаратып мылтық атса, оған қалай қарау керек? Бұл соғыс та осыған ұқсас.
Ауған халқы небір құқайды басынан кешірді. Күрестен көз ашпады. Қаруды қолдан түсірмеді. Берік қалыптасқан жауынгерлік салты бар. Өзін-өзі қорғауды өмірдің ережесіне айналдырған жұрт. Осындай тағдыр оларды тасқайрақтай шыңдады. Сырын ішіне бүккен жұмбақ ел.
Соңғы санақ бойынша, мұнда 40 миллионнан астам адам бар екен. Бала туу көрсеткіші жоғары. Халықтың 40 пайызға жуығы 14 жасқа дейінгі балалар. Ауған жұртын көп ұлтты деуге келеді. Пуштундар, хазарлар, тәжіктер, өзбектер, түркімендер, қырғыздар – бәрі қатар өмір сүруде. Мұсылман мемлекеті. Ислам дінінің қағидаларын берік сақтайды.
Менің аңғарғаным, Ауған соғысы – мағынасыз майдан. Бетпе-бет келіп, шеп құрған қарақұрым қол жоқ. Паранжа жамылғандардың қайсысы ер, қайсысы әйел, қайсысы жауынгер – ажырата алмайсың. Саған тұтқиылдан қару сілтейді. Содан кейін ізім-ғайым жоғалады. Міне, Ауғандағы соғыстың тұрпаты осындай.
Ауған соғысы – солақай саясаттан туған кесапат. Ол үшін сарбазды кінәлай алмайсың. Олар антына адалдығын сақтады, бұйрықты орындауға мәжбүр болды. Егер одан бас тартса, әскери трибунал – ең қатал жаза күтіп тұрады. Біздің халіміз «былай тартсаң – өгіз өледі, былай тартсаң – арба сынадының» кері еді.
Екінші жағынан алғанда, соғыста аяушылық болмайды. Сен оны атпасаң, ол сені атады. Амал жоқ, өзіңді-өзің қорғауға тиістісің. Айтып-айтпай не керек, он жылдың ішінде адамның қаны судай ақты. Бәрінің обалы Кеңес одағын билеген компартия басшыларының мойнында!
– Сіздің Кабулдағы Амин сарайына жасалған шабуылға қатысқаныңызды естідік. Сол оқиға туралы айтып беріңізші.
– Айтайын, Ауғанстан патшасы Мұхаммед Таракиді атып өлтіріп, оның орнына Хафизулла Амин билікке келеді. Тізгін қолына тиген соң, көнбегендердің көзін жоя бастайды. Шектен шығуды тоқтатамыз деген желеумен Кеңес өкіметі арнайы операция ұйымдастырды. Оны «Альфа» деп аталатын арнайы жасаққа жүктеді. Сонымен, сарай маңына десант түсіріледі. Таңдаулы сайыпқырандар іске кірісіп, небәрі 18 минуттың ішінде билікті ауыстырады. Біздің топ арнайы жасаққа қосымша ретінде жіберілген болатын. Сарайдың сыртын қорғап тұрдық.
Амин өлген соң, орнын Бабрак Кармаль басты. Әйелі орыс, Мәскеуде оқыған, өзі коммунист. Біраз уақыттан кейін биліктен ол да кетті, Мұхаммед Наджибулла келді. Кеңес әскері Ауғанстанды тастап шыққанда талибандар Наджибулланы дарға асыпты деп естідік. Бір сәт қорытындылап көрейік. Осы жанталастардан не шықты? Түк те шыққан жоқ. Қор болған есіл өмірге басыңды шайқап мұңаясың.
– Арнаулы операцияның аумағына сізді бекер қоспаған шығар? Дайындығыңыз қалай еді?
– Бір қайғылы оқиғаны айтайын. Жауынгердің сайыпқыран болғаны аса қажет. Соғысқа дейін бізді осыған мықтап дайындады. Кешегі Екінші дүниежүзілік соғыстың атақты партизаны Қасым Қайсенов ағамыздың «Мен оқ шығармай-ақ адам өлтірудің 104 түрін білемін» дегені бар. Біз де содан кем қалмадық. Бронежилетте автоматтың төрт магазиніне орын бар. Әрқайсысына отыз оқ сияды. Осыған көңіл бөлмеген кейбір жігіттер артық жүкті қайтеміз деп, соның салдарынан атыс кезінде оғы таусылып арманда кетті. Бірде күзетке қойған тәжік жігіті ұйықтап қалады. Аңдыған баскесерлер 40 жауынгерді қас пен көздің арасында бауыздаған. Өзін қорғаған сарбаз дивизияны да қорғайды. Біз осы заңдылықты қатаң сақтауға серт еткенбіз.
– Ауғандықтарға тән қандай ерекшеліктер есіңізден кетпейді?
– Командирлер жергілікті халықтың мінездерін сипаттай отырып, көп жайды ескертті. Мәселен, соғыс заңдылығына сәйкес, олармен бес метр қашықта тұрып амандасуың керек. Қонақжайлық танытып, үйіне шақырса бармауға тиіссің. Ал әйелі туралы әңгіме қозғасаң, онда басың бәлеге қалады. Нөмірі бірінші дұшпанына айналасың.
Ауғандықтар күй таңдамайды. Басына шалма орап, аяғына галош киіп, тас басып, тау асып жүре береді. Қолында тандыр наны болса жеткілікті, қарыны тоқ деп есептейді. Шетінен мерген. Өз өлкесінің ой мен қырына бес саусақтай қанық. Жауды жеңудің сан түрлі әдісін қолданады. Бірде ыстықтан қаталап шөлдеген жігіттер үюлі тұрған қарбызды көріп қуанып, жей бастаған ғой. Бәрі уланған екен. Іштері кеуіп, бір рота түгелдей қырылып қалған оқиға да болды.
Тағы бір жай еске түседі. Мина тазартқыш біздің топ әдеттегідей колоннаның алдында келе жатқанбыз. Ауғандықтар қимылымыздың бәрін бақылаған. Бірінші және соңғы машинаны минометпен атқылап жарып жіберді. Тар шатқалдан шыға алмай қыспақта қалдық. Жартастың қалқасынан оқты жаңбырша жаудырды. Жанұшыра шайқасып, рациямен орталықтан көмек сұрап жатырмыз. Тездетіп тікұшақтар да жетті. Ал ауғандықтар өздері білетін үңгірлерге тығылып үлгерді. Мұндай оқиғалар жиі қайталанатын. Олардың жеңілмеуіне туған жерлерінің әр пұшпағы көмектесті.
Ауған отрядтары жеке-жеке қимылдағанды ыңғайлы көреді. Рулық жүйемен жіктеледі. Мәселен, Ахмат Шах Масудтың қарауында 15 мыңдай сарбаз болған. Пандже шатқалын мекендеді. Алғашында ағылшын винтовкаларымен қаруланды. Кейін оларға АҚШ пен Пәкістан көмектесті. Арнайы дайындықтан өткен баскесерлермен сыбайласты. «Стингерлермен» ұшақтарды атып түсіретін мүмкіндікке қол жеткізді.
– Соғыста аттары аңызға айналған батырлар деп кімдерді ерекшелеп айтар едіңіз?
– Ержүрек қазақтар аз болған жоқ. Мәселен, «Қара майор» деген атпен танылған Борис Керімбаевты алайық. Мәскеу «Қара майорға» шатқалды бір ай қорғап тұруды тапсырған. Ал оның отряды аталған аумақты сегіз ай бойы қолдан шығармаған. Ешкімге бой бермеген Ахмат Шах Масудты тоқтатып, келісімге келтірген. Қазақтың қайсар ұлына арнап былай деп өлең шығарғанмын:
«Ауған біздің досымыз» деп жар салған,
Тапсырма алдың Москвадан, маршалдан.
«Құп болады» дедің сымдай тартылып,
Біліп тұрдың не күтерін қарсы алдан.
Күш-қайратың суарылып төзімге,
Намыс оты жайнап тұрды көзіңде.
Қайсар ұлы өр қазақтың әрқашан,
Тұратынын ұқтырдың сен сөзіңде.
Келдің елге ауыр ойлар мазалап,
Сен емес ең морт сынатын азамат.
Әскердегі бұйрық бірақ қатал ғой,
Бұлтартпайды, жібереді жазалап.
«Нартәуекел! Бабам жаудан ықпаған,
Сарбаздарым мықты болса күш маған».
Дедің-дағы отрядыңды құрадың,
Жігіттерден атан жілік, нық қадам.
Өмір саған жеңіл жолын бермеді,
Атақ саған оңайлықпен келмеді.
Алтын басың бағаланды долларға,
Бірақ жауың жеңе алмады, жеңбеді.
Отызыңда орда бұздың сардарым,
Әскеріңнің ойладың сен бар қамын.
Олар елге аман-есен қайтсын деп,
Қалай болса, солай отқа салмадың.
Жауыңды сен айла-амалмен ықтырдың,
Көп уақыт Паншерді ұстап, нық тұрдың.
Сен басқарған қайсар, батыр ұлдарды,
Жеңе алмасын дұшпаныңа ұқтырдың.
Бар қимылың ақылменен болжанды,
Айту керек сенің нағыз олжаңды.
Қайсарлықпен оқ атпауға көндірдің,
Ахмед Шах Масуд деген көкжалды.
Ерлігің көп айтатын біз ән қылып,
Даңқың жетер болашаққа жаңғырып.
Асыл бейнең жүректерде сақтаулы,
Сен тірісің, батыр аға, мәңгілік!
Сол сияқты Николай Майдановтың даңқы да осыған ұқсас. Тікұшақты тізгіндеп, небір қиын тапсырмаларды орындаған. Кеңес одағының батыры, кейін Ресейдің батыры атағын алған. Ол кісінің азан шақырып қойған есімі –Қайырғали. Генерал Бақытжан Ертаев ағамыз да қазақ баласының қайсар екенін танытты. Бақытбек Смағұлдың «Мен көрген соғыс» деген кітабы бар. Болат Сайла «Ауған соғысының ақиқаты» деген тақырыпта ғылыми диссертация қорғады. Ауған тақырыбы әлі талай шығарманың арқауына айналады деп ойлаймын. Мен де үлесімді қосуға тырыстым. Александр Плехановтың жазған кітабын қазақшаға аударып, мерзімді баспасөзге үзінділер бердім. Жақында Ауған соғысы туралы жазған дүниелерімді жинақтап, кітап етіп шығаруға дайындап жатырмын. Бұйырса, оқырмандардың қолына тиетін күн де алыс емес.
– Ауған соғысы ардагерінің мәртебесіне қатысты айтатын қандай уәжіңіз бар?
– Алғаш бізді Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерімен теңестірген еді. Кейін шетел аумағына әскери көмекке барған жауынгерлердің қатарына қосты. Бұл жерде бір нәрсені ескерген жөн. Он жылдық сұрапыл жас өмірлерді отқа салды. Мүгедек етті, ауруға ұшыратты. Соның мемлекеттен болатын өтемі көңілден шықпайды. Ауған соғысының азабы – Екінші дүниежүзілік соғыс азабынан кем емес. Назар салып қараңдаршы, жаралы майдандастарым азғантай зейнетақымен жарымай күн кешуде. Осы жайдың дұрысталуын қалаймын. Алла соғыстан сақтасын!
– Әңгімеңізге рақмет!
– Сұхбаттасқан – Болат Мәжит