Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы шетелдік делегациямен бірге Астана қаласына барып, «Samruk Energy» АҚ өкілдерімен кездесу өткізді.
Кездесуде Іле өзенінің Қапшағай су электр стансасынан төменгі жағынан қуаттылығы 500 МВт гидроаккумуляциялау құрылысын үйлестіруге тапсырыс беру, сонымен қатар, Ақтоғай СЭС-і жобасын іске асыру барысы талқыланды. Басқосу нәтижесінде Энергетика министрлігімен ЖЭК (жаңартылатын энергия көздері) бойынша маңызды келісімге қол жеткізілді. Энергетика министрінің бұйрығымен әрқайсысының қуаты 20 МВт болатын екі шағын су электр стансасының және 10 МВт тағы бір станса құрылысына жаңа аукцион кестесі бекітілді. Кеген және Райымбек аймақтары, cондай-ақ, Іле ауданында қуаты 100 МВт күн электр стансасының құрылысы мақұлданды. Кездесу аясында Жамбыл облысында тағы бір 20 МВт-тың нысан құрылысына рұқсат берілді. Бұл келісімде көзделіп отырған жаңа жобаларды жүзеге асыру өңірдің энергетикалық секторын дамытудағы маңызды қадам болып есептеледі әрі жалпы энергетикалық байланыстағы ЖЭК (жаңартылатын энергия көздерінің) үлесін арттыруға ықпал етеді. Бұл бастама аймақ тұрғындарының экологиялық таза энергетиканы тұтынуына тиімді үлесін қоспақ.