Атырауда Алаштың басын қосқан алқалы жиын – дәстүрлі Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы өтті. Жайық жағасындағы жиынға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев төрағалық етті. Ұлттық құрылтайдың осы жолғы отырысы «Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбына арналды. Мемлекет басшысы, ең алдымен, биылғы құрылтай отырысы Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен және Рамазан айымен орайлас келгенін әңгімелеп, жиынның мән-маңызын түсіндірді. Президент баяндамасында ел, жер тарихымен бірге қоғамға қатер төндіріп тұрған ойынқұмарлық, нашақорлық, насыбай ату, вейп¬тердің кеңінен таралуы, вандализм, буллинг, зорлықзомбылық сияқты зардабы ауыр кеселдер де ашық айтылды. Құрылтайда ел құлағын елең еткізген тағы бір жаңалық Елтаңбаның кескін-құрылымын жаңартуға қатысты болды.
Президент құрылтайдың кіріспесінде Қазақ хандығының орталығы – Сарайшық қаласынан сыр шертіп, өз дәуірінде Батыс пен Шығыстың алтын көпіріне айналғанын тілге тиек етті. Тарихтан тартқан келелі сөз халықтың ауызбіршілігіне, елдің тұтастығы мен зиялы қауымның бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруына қарай ойысты. «Алдымен, ел ағаларының арасында ауызбіршілік болуы керек. Олар ұрпаққа өнеге болатын кесек әңгіме айтуы қажет. Қазір ертеде өткен оқиғаларға, белгілі бір тұлғаларға қатысты талқылау көбейіп барады. Қаламгерлеріміз, тіпті, Шыңғыс ханның тегі кім деп, айтысып-тартысып жататын болды. Кеңес заманындағы тұлғаларды, әсіресе, Алаш көсемдері мен Кеңес қайраткерлерін салыстырып, бірбіріне қарсы қояды. Дәл осындай сөз тартыстарының ақиқатына жету қиын, жеткеннің өзінде ел ішіне іріткі салатын мұндай дау-дамайдың еш қажеті жоқ. Әр дәуірдің өз ерекшелігі бар. Әрбір тұлға өзінің көзқарасына, дүниетанымына қарай және өз қоғамының мүддесіне сәйкес елге қызмет етті. Олар, яғни, сол заманның қайраткерлері бір кездері ұстанған бағытына бола дауласса, ендігі ұрпақ кімнің ісі дұрыс, кімдікі бұрыс деп даурығып жүр. Жалпы, бұрынғы және қазіргі тарихтың түрлі кезеңдерін, тұлғаларын бір-біріне қарсы қоюға болмайды. Түптеп келгенде, мұның бәрі – біздің тарихымыз», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Президент құрылтайда тіліміздің қолдану аясын кеңейту мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала беретінін мәлімдеді. Бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы – ағартушылық. Бұған қоса, кітапхана ісін өркендетуге бей-жай қарауға болмайды. Алдағы уақытта Алматы мен Астанада тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапханалар бой көтереді. Болашаққа сеніммен қадам басу үшін төл тарихымыздың ауқымын сезініп, мәдени мұрамызды сақтап, оны дәріптеген жөн. Қазақстан – Ұлы даладағы көшпенділер өркениетінің тікелей мұрагері. Жер жүзіне Алтын Орда деген атпен танылған әйгілі Жошы ұлысы Орталық Еуразияның байтақ даласындағы ең қуатты мемлекет ретінде мойындалған. Осындай ой өрбіткен Мемлекет басшысы ары қарайғы сөзін:
– Жошы әулеті алты ғасыр бойы Орталық Еуразияның тағдырына тікелей ықпал етті. Ұлан-ғайыр аумақта біртұтас өркениет құруға ұмтылды. Жошы ұлысы Ұлы даланы мекен еткен халықтардың сан ғасырлық даму бағдарын айқындап отырды. Ұлық ұлыс мемлекетті басқару ісін жаңа деңгейге көтерді. Оның Рим империясымен ұқсастығы да осында. Биыл Жошы ұлысының негізі қаланғанына 800 жыл толды. Бүгінгі жиынымыз да осы мерейлі белеске тұспа-тұс келіп отыр. Жошы ұлысы Қазақстанның мемлекеттілік дәстүрінде айрықша орын алады. Еліміздің өткені, бүгіні мен болашағы оның тарихи мұрасымен тығыз астасып жатыр.
Ендеше, Алтын Орда туралы халықаралық аренадағы түсінік Қазақстанмен тікелей байланысты болуы керек, – деп толықтырды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қазақстанның жеті томнан тұратын жаңа академиялық тарихын жазу жұмыстары жүйелі жүріп жатқанын хабарлады. Бұл іске 250 ғалым, соның ішінде, 60 шетелдік маман атсалысып жатыр. Аталған еңбектің дербес бір томы Жошы ұлысына арналмақ.
Президент былтыр Қазақстан ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар комитетіне мүше болып сайланғанын еске салып, еліміздегі қайталанбас табиғи және тарихи ескерткіштерді кеңінен дәріптеуге шақырды. Бұл ретте Президент жерасты мешіттерін және тылсым табиғатымен шетелдіктердің ерекше қызығушылығын туғызған Үстірт қорығын ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізбесіне енгізу жөнінде тапсырма берді. Бұған қоса, Мемлекет басшысы Ешкіөлмес жотасындағы, Арпаөзен, Құлжабасы, Сауысқандық сайларындағы дала өркениетінің сан мыңжылдық шежіресі саналатын таңбалы тастарды (петроглифтерді) қорғауға алу үшін тиісті шаралар қабылдауды, сондайақ жалпы тарихи-мәдени мұрамызды сақтау үшін археологиялық қызметті жүйелеуді тапсырды.
Құрылтайда ұлттық бірегейлікті сақтау мәселесіне ерекше екпін түсіріліп айтылды. Президенттің пікірінше, еліміздің рухани дербестігін сақтап, оны нығайта түсу үшін дәстүрлі дінімізді қолдаған жөн. Оның ішінде, сүнниттік бағыттағы ханафи мәзһабына ден қойған абзал. Бұл орайда Мемлекет басшысы Ислам дінінің Ұлы дала төрінде таралып, тамыр жаюына орасан зор үлес қосқан, түркі әлеміндегі сопылық ілімнің негізін қалаған Қожа Ахмет Яссауи мұраларын терең зерделеп, дәріптеуге айрықша назар аударған жөн деп санайды.
– Соңғы жылдары ел ішінде қара киініп, тұмшаланып жүретін адамдар пайда болғаны баршаңызға мәлім. Олар – бөтен емес, өз азаматтарымыз. Халқымыздың дүниетанымында қара киініп жүру деген атымен болмаған. Бұл – еліктеушіліктен, әсіре-діншілдіктен туған үрдіс. Біз салт-дәстүрімізден ажырамауымыз керек. Радикалды неофиттар халқымыздың салтында жоқ киім үлгілері арқылы да жат діни идеалдарды қоғамға таңуға тырысып жүр. Бұл біздің дәстүрлі ұғымдарымыз бен құндылықтарымызға жасалып жатқан ашық шабуыл екені анық. Біз бабаларымыздың сан мыңжылдық діни ілімі мен рухани бағдарына арқа сүйеуіміз керек, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай мүшелерінің алдында сөйлеген сөзінде қоғамды жайлаған бес кеселмен, атап айтқанда, есірткі саудасы және нашақорлықпен, лудоманиямен, тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг және агрессиямен, вандализммен, ысырапшылдықпен бүкіл ел болып күресіп, тосқауыл қоюға шақырды. Президент ұлттың жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылықтарға да жеке тоқталды. Олар – тәуелсіздік және отаншылдық, бірлік және ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, заң және тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық және жаңашылдық. Еліміздегі әрбір азамат осы құндылықтарды берік ұстануы керек. Президент ұсынған «Адал азамат» ұғымы мұның бәрін түгел қамтиды. Сонымен бірге бұл Әділетті Қазақстан идеясымен үндеседі.
– Біз осы іргелі құндылықты ұрпақ санасына сіңіре беруіміз керек. Адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни, адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды. Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам санасезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды. «Адал адам – адал еңбек – адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үштағанды озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Құрылтайда Мемлекеттік нышандар, оның ішінде, Ту мен Елтаңба туралы сөз қозғалды. Туымыз барлық талапқа сай әдемі жасалса, ал Елтаңбаның құрылымына сын-пікір жиі айтылады. Президент ұлттың бүкіл бет-бейнесі, тарихы, таным-түсінігі мен шежіресі Мемлекеттік нышандарда көрініс тапқанын айта келе, Елтаңбаға қатысты ой-пікірін: «Ұлттық бірегейлігіміз мемлекеттік рәміздерде айқын көрініс тапқан. Мен былтыр аймақтардың нышанын, яғни, символикасын жүйелеп, бірыңғай стандартқа келтіру қажеттігін айттым. Нышандардан сол өңірдің ерекшелігімен қатар, еліміздің болмысбітімі де байқалуға тиіс. Қазір осы бағытта нақты жұмыс жасалып жатыр. Бұған мамандар, сарапшылар және белсенді азаматтар атсалысуда. Олар Мемлекеттік нышандарымызды түгел жаңғырту туралы пікір айтып жатқанын білемін. Біздің Көк Туымызда мін жоқ. Онда еліміздің бірегей болмысы нақты бейнеленген. Әнұранымыз да нағыз ұлттық рухты паш етеді. Қазақтың Әнұраны әлемнің әр түкпірінде шырқалып жүр. Жаңа жылды жақындарымыздың ортасында Әнұранмен қарсы алу жақсы дәстүрге айналды. Бір сөзбен айтсақ, Әнұранымыздың сөзі де, әуені де халықтың жүрегіне әбден орныққан. Ал Елтаңбамызға қатысты сыни пікірлер айтылып қалады. Оны Кеңес заманындағы Гербке ұқсатып жатады. Тым эклектикалық, күрделі дейді. Мұндай ойды ел ісіне бейжай қарамайтын белсенді азаматтар ғана емес, мамандар да айтып жүр. Орынды пайымдар ескерусіз қалмауы керек. Ортақ келісімге келген жағдайда арнаулы комиссия құруға болады. Бұл комиссия мәселені жан-жақты қарастырып, қоғамдық талқылау өткізеді. Содан кейін Қазақстанның жаңа Елтаңбасының жобасын жасауға ашық байқау жарияланады», – деп жеткізді.
Ұлттық құрылтайда қоғам қайраткерлері, депутаттар, басқа да мекемеұйым, бірлестіктердің жекелеген белсенді азаматтары қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, өз ойпікірлерін ортаға салды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құрылтайда айтылған жаңа идеялар мен ұсыныстар мұқият қаралып, нақты шаралар қолға алынатынын жеткізді. Шара соңынан Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысын келесі жылы Көкшетауда өткізу ұсынылды.
Қуаныш Тұнғатар