30 наурыз күні Іле ауданының Байкент ауылы маңындағы Ворошилов су қоймасының бөгеті бұзылған. Бөгеттің жарылған жерінің ені 5 метрге жуықтайды. Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев төтенше жағдаймен күрес шаралары туралы баяндады.
«Су қоймасының сыйымдылығы 1.36 миллион текше метр болғандықтан, тұрғын үйлерді су басуды болдырмау жұмыстары атқарылды. Қоймадағы су Жармұхамет өзенінің негізгі алабы бойынша Амангелді-1 және Амангелді-2 көлдеріне, сол одан ары қарай Қаскелең өзені арқылы Қапшағай су қоймасына жіберілді. Бөгет бұзылуының салдарын жеңілдету үшін Қараой ауылындағы Утянка өзенінен 150 мың текше метр су ағызылды», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Сұхбат барысында облыс басшысы Жармұхамет өзені аңғарында қоныс тепкен жаңа тұрғынүй алабындағы 930-ға жуық адам 300-ге тарта үйді су басу қаупіне байланысты қолға алынған шаралар туралы ақпарат берді. Оның сөзінше, төтенше жағдайдан тұрғындарды қорғау үшін өзен аңғарының өткізу қуатын арттырып, Амангелді көлінің жағалауын нығайту жұмыстары жүргізілген.
«Бұл бағытта ауқымды ресурс жұмсалып, нақты іс-шаралар атқарылды. Селден қорғау құрылымдарын нығайтып, жағалауды қауіпсіз ету үшін 1200 тонна инертті материал жеткізілді. Сонымен қатар, жағалауды барынша берік ету үшін инертті материал толтырылған 4000 қап қойылды», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Өңір басшысының сөзінше, бөгет бұзылуының салдарын жоюға 565 адам, 6 мотосорғы мен 83 техника тартылған. Су басу қаупін жоюға ТЖД, жергілікті атқарушы органдар, полиция департаменті, әскери бөлім, мемлекеттік органдар қызметкерлері мен аудан тұрғындары қатысты.
«Жергілікті билік, құтқару қызметі мен тұрғындардың жұмыла қимылдауының арқасында ықтимал орасан зардаптың алды алынды. Ең алдымен, Байкент ауылы тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 28 адам эвакуацияланды. Сондай-ақ, жағдай ушыға қалғандай болса деп 250 адамға арналған эвакуация штабы құрылды. Тұрғындар мен су қоймасы бөгетінің бұзылу салдарын жоюға қатысқандарға ыстық тамақ берілді», – деді Марат Сұлтанғазиев.