Жамбыл ауданындағы «Таңбалы» тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайында Наурыз мерекесі тойланды. Мекеменің Қарабастау ауылы маңындағы «Таңбалы сапар орталығы» деп аталатын бас кеңсесінде өткен шараға жартас суреттерін зерттеуші ғалымдар, әр өңірден келген музей жетекшілері, жастар, саяхатшылар қатысты.
«Наурыз – жыл басы» атты мерекелік шарада халқымыздың салт-дәстүрін паш ететін көріністер қойылып, ән-жыр қалықтады. Алдымен Қарабастау ауылынан күймемен көш керуені келіп, көрісу салты орындалды. Қыдыр ата бата беріп, сән-салтанат жарасымды жалғасын тапты.
Көпшілікке «Таңбалы» мұражайының директоры Бибігүл Дәндіқараева құттықтау сөзін арнады. Келген қонақтар да ізгі тілектерін ақтарды. Бұл орайда қоғам және мемлекет қайраткері Сәт Тоқпақбаев, жазушы Сәуле Досжан, «Есік» тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Гүлмира Мұхтарова, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті тарих факультетінің археология, этнология және музеология кафедрасының оқытушысы, доцент, этнограф Тәттігүл Қартаева лебіздерін білдірді. Олар Таңбалы шатқалындағы жартас суреттерінің маңызына, соның ішіндегі Наурыз мейрамымен байланысты жәдігерлердің мән-мағынасына тоқталды.
Бас кеңсе ғимаратының алдындағы алаңның бір шетінде «Ең үлкен мұра – біздің дәстүрлеріміз» атты көрме қанат жайып, келушілер назарына ұлттық қолөнер бұйымдары ұсынылып, халықтық рәсімдер көрсетілді. Осында ши, өрмек тоқу, жүн сабау, ұршық иіру, ұлттық тағамдар әзірлеу сияқты көрсетілімдер тамашаланды. Асық ату, бес тас, ләңгі тебу сияқты ұлттық ойындарға да кезек берілді. Алаңның енді бір шетіндегі жеке киіз үйде ерлі-зайыпты қолөнершілер Қоңыр Бекдайыр мен Анаргүл Нарботанова отбасылық шеберханасынан шыққан бұйымдарын паш етті.
«Наурыз айы туғанда, той болушы еді бұл маңда» атты мерекелік концерттік бағдарлама және театрландырылған көрініс қойылды. Аудандық «Сүйінбай сазы» халықтық фольклорлық-этнографиялық ансамблі мен «Сүйінбай» театры әртістерінің өнерінен көрермен тамаша әсер алды. Одан кейін «Таңбалыдағы күнбастылар құпиясы» атты тақырыптық экскурсия бойынша саяхатшылар Таңбалы шатқалына сапар шегіп, сондағы ашық аспан астындағы жәдігерлерді аралап көрді. Ондағы қола дәуірінен бастап біздің заманымызға дейінгі ғасырларды және кейінгі жыл санауымызды қамтыған ежелгі қоныстар, тас қашау орындары, табыну ғимараттары және мыңдаған петроглифтермен танысты.
Таңбалыдағы мерекелік шараны және осындағы тарихи жәдігерлерді көруге Алматыдан Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Жаратылыстану институтынан, Туризм және спорт академиясынан білімгерлер арнайы ат арытып келді. Солардың бірі – Жаратылыстану институтының 3-курс студенті Меруерт Ерболқызы алған әсерін бізбен былайша бөлісті:
– Алғаш бәрі де біз үшін жұмбақ еді. Экскурсовод ағайымыз жартастағы суреттердің мән-мағынасын ашып бергенде құдды бір тарих қойнауына еніп кеткендей болдық. Белгіленген бағытпен шатқалды аралай жүріп, тиянақты әңгімелеп, нақты түсіндіріп берді. Суреттердің қандай мағына беретінін және не мақсатпен салынғандығын білдік. Бұл суреттер біздің арғы бабаларымыздан қалған белгілер. Әрбірінің өз ерекшелігі, айтатын ақпараты бар. Мысалы 12 адам бейнеленуі жылдың 12 айдан тұратынын білдіріп, ежелгі адамдардың наным-сенімдерінен хабар береді. Мұражай қызметкерлеріне рақмет, наурыз мерекесі өте жақсы ұйымдастырылды. Келген қонақтармен танысып-білісіп, шараны қызыға тамашалап, бәріміздің көңіл-күйіміз көтерілді. Бізді осында бастап келген кураторымыз Кенжебек Болатұлына ризамыз. Осындай шаралар жиі болып тұрса біз сияқты жастарға өте пайдалы болар еді деп ойлаймын, – деді.
Мерекелік шараға қатысушылар соңында наурыз көжеден дәм татып, көтеріңкі көңіл-күймен аттанды.
Серік Сатыбалдиев,
Жамбыл ауданы