Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың тамыз айында «Ұлытау – 2019» халықаралық туристік форумында сөйлеген сөзінде тарихи тұлғаларымыз туралы: «Ата-бабалардың аманатына адал болу – бізге сын! Қорқыт ата, Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауи, Бекет ата, Бәйдібек би, Бегім ана, Қабанбай батыр, Райымбек батыр, Мәшһүр Жүсіп, хакім Абай, тағы басқа көптеген дара тұлғаларымыздың есімдерін туризм арқылы кеңінен насихаттау – бүгінгі, яғни, біздің заманымыздың талабы. Біз, қазақ халқы, ұлы тарихи тұлғалардың ізбасар ұрпағы екенімізді ешқашан ұмытпауымыз қажет. Атабабаларымыздың рухын туризмнің озық үлгілері арқылы дәріптеуіміз керек», – деген болатын.
Әр заманда еліне қорған болған тұлғалар тарихымызда жүздеп, мыңдап саналады. Біз оларды соңғы отыз жыл көлемінде ғана танып-біліп, халық жадында мәңгі есте қалдыру үшін қажетті шараларды атқарып жатырмыз. Сондай шаралардың бірі бүгінгі күні Әлмерек бабаға арналып отыр.
Тарих ғылымында «Тұлғаны тану үшін оның өмір сүрген заманын білу керек» деген қағида бар. Әлмерек бабаның өмір сүрген жылдары белгілі, олай болса, тұлғаны тану үшін оның заманына, яғни, XVII-XVIII ғасырдағы қазақ тарихына үңіліп көрелік. Әлмерек бабаның өмір сүрген заманы Қазақ хандығының дәуіріне жатады. Өзінің үш мың жылдық тарихында Қазақ елі бірнеше ірі-ірі тарихи дәуірді басынан өткергені белгілі. Сондай дәуірлер қатарына соңғы мыңжылдықта Алтын орда мен Қазақ хандығы жатады. Бұл дәуірлердің ортақ белгілеріне сабақтастық және үздіксіздік принциптері бойынша жалғасын тапқан бір этностың нақты бір кеңістік пен бірнеше мыңжылдыққа созылған уақыт желісінде тек өзіне ғана тән тарихи, мәдени, рухани ортақ құндылықтарды қалыптастыруы мен оны дамытуы тиесілі. Сонымен қатар, аталған әрбір тарихи дәуірдің ел тарихында алатын өзіндік ерекшеліктері мен айрықша белгілері де бар. Уақыт жағынан алғанда бұл дәуірге XIII ғасырдың басы мен XIX ғасырдың бірінші ширегі аралығы енеді.
Ұлттық сипаттағы мемлекетіміз – Қазақ хандығының XV ғасыр ортасында тарих мінберіне көтерілген кезі мен XIX ғасырдың 20-жылдарының бірінші жартысында оның тарих көшінде қалған кезі – Хандық дәуір деп аталатын уақыт шеңберіне жатып, үш жарым ғасырлық уақытты қамтиды. Осы үш жарым ғасырлық тарихы бар Қазақ хандығы дәуірін өз ішінде саяси тарихтың өрбуіне қарай шартты түрде екі үлкен кезеңге бөлуге болады. Бірінші кезеңге хандықтың бір орталықтан басқарылып тұрған жылдардағы кезеңі жатса, Қазақ мемлекетінің бытыраңқылыққа ұшыраған жылдары екінші кезеңді құрайды. Керей мен Жәнібек хандар тұсынан Тәуке хан қайтыс болғанға дейінгі аралық – хандық дәуірдің бірінші кезеңі болса, одан кейінгі жылдары екінші кезеңі басталады. Хандық дәуірдің бірінші кезеңіндегі, яғни, XV ғасырдың орта тұсынан XVIII ғасырдың басына дейінгі аралықтың өзі шартты бірнеше кезеңге бөлінеді. Хандықтың құрылуынан күшеюі, әлсіреуі, қайта өрлеуі, күрес және «алтын ғасыр» орнаған Тәуке хан уақыты сияқты кезеңдер бар.
Тәукеден кейін хандық дәуірдің бытыраңқылық кезеңі басталады. Оның ішінде «Ақтабан шұбырынды», «Аңырақай», шартты түрдегі «Екінші Аңырақай», жоңғарлардан қазақ жерлерін азат ету жылдарын атауға болады. Әлмерек бабаның өмір сүрген жылдарына көз жүгіртсек, онда оның хандық дәуірдің соңғы екі мерзімі мен бытыраңқылық дәуірдің алғашқы төрт кезеңіне сәйкес келетінін көреміз.
Енді Әлмерек баба өмір сүрген заман қандай болды деген сауалға жауап беру үшін хандық дәуірдің кезеңдеріне назар салайық. Жәңгір хан қаза тапқан 1652 жылдан Тәуке хан билікке келген 1680 жылға дейінгі 28 жылдық кезеңде хандық тарихында кімнің тақты иеленгені әлі анықталмаған. Сол себепті де біз шартты түрде осы аралықтағы жылдарды «белгісіз жылдар» кезеңі деп атаймыз. Әлмерек баба өмірінің алғашқы жиырма екі жылдық кезеңі «белгісіз» жылдар кезеңінде өтеді.
Осы кезеңдегі қазақ қоғамының ішкі саяси жағдайына көңіл аударалық. 1652 жылы Жәңгір ханның ұлдары 20 мен 30 жастың айналасында болатын. Ал Шығай әулетінен тараған хан тағына үміткерлердің өзі жетерліктей еді. Шығай ханнан Ондан сұлтан, Тәуекел хан, Есім хан, Шахмұхаммед сұлтан, Әли сұлтан, Сұлым сұлтан, Ибрагим, Шәкім, Көмек, Абылай және Әбусейіт атты ұлдардың тарағаны белгілі. Осылардың әрқайсысында кем дегенде 4-5 ұл болды дегеннің өзінде таққа үміткерлер саны 40-50 шамалас болар еді. Ал осылардың әрқайсысында тағы да 3-4-тен ұл болған десек, Жәңгір ханнан кейін тақты иеленуге құқығы барлардың саны 100, не 150-ге жететін. Тәуке солардың бірі және жас жағынан алғанда кішісі болатын. Жәңгір ханның ағасы Жәнібек ханның ұлдары және інісі Сырдақ сұлтанның өзі немесе ұлдарының да билікті иеленуге толық құқығы болды. Өкінішке қарай, сол тұстағы жағдайды көрсететін жазба деректер болмағандықтан, біз нақты тұжырымдар айта алмаймыз. Ал Шәкәрімнің еңбегіндегі осыған қатысты материалдардан біз Жәңгір ханнан кейін тақ үшін талас-тартыстардың болғандығына көз жеткіземіз. Онда «Жәңгірдің орнына әз-Тәуке хан болғанда, хандыққа өкпелеп, Уәлибақи Ғайып ханға кетіп еді» деп айтылады. Автор бұл дерегін қайдан алғандығын көрсетпесе де, ол өте жеңіл түрде айтылған мәліметке жатады. Тақ үшін, билік үшін таластардың жеңіл болмайтыны белгілі. «Өкпелеп кетті» деген мәліметтің астарына үңілсек, көп жағдайды аңғаруға болады. Күресталастар тақ үшін болғандықтан, «өкпелеп кетті» деген сөздің орнына «жеңіліс тауып, қашып кетті» деген сөздерді қосуға болады. А.Левшиннің Тәуке хан туралы келтірген мәліметін осы жерде келтіруге тура келеді. «Ол (Тәукені айтып отыр) өзара қырқыстардан кейін халықты тыныштандырды, ол тайпалар арасында бірнеше жылға созылған қантөгістерді тоқтатты, жұрттың бәрін ақылымен және әділдігімен өзіне бағындыра білді» деп жазады тарихшы. Шәкәрімнің де, А.Левшиннің де материалдарына тереңірек талдаулар жасау арқылы Тәуке хан билікке келгенге дейін қазақ қоғамында тақ үшін кәдімгідей талас-тартыстардың болғандығын, рутайпалар арасында да жанжалдардың өршігендігін көру қиын емес. А.Левшин осы талас-тартыстардың ұзақтығын «бірнеше жылдар» деп жазса, біздің ойымызша, ол 28 жылға, яғни, Жәңгір хан қаза тапқан 1652 жылдан Тәуке хан билікке келген 1680 жылға дейін созылған дейміз. Тек Тәуке ханның билікке келуі мен жүргізген саясаты ғана ел ішіндегі барлық талас-тартыстар мен қантөгістерді, бітпейтін дау-жанжалдар мен өзара қырқыстарды тоқтатады. Салыстырмалы түрде алсақ, Тәуке ханға дейінгі 28 жыл бойғы талас-тартыстарға қарағанда, Тәуке хан тұсында қалыптасқан бейбіт, тыныш өмір «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» болып саналады. Ал енді осы 28 жыл бойғы өзара қырқысу кезеңі қазақ елімен көршілес елдердің тарихында, оның ішінде, олардың қазақтармен қарымқатынасында қалай көрініс береді, неге олардың тарихында осы кезеңдегі қазақ хандарының есімдері аталмайды деген сұрақтарға жауап іздестіріп көрелік.
Осы кезең ішіндегі қазақжоңғар қарым-қатынасына назар аударсақ, деректерде екі жақтан да бір-біріне қарсы бағытталған әскери жорықтар, ұрыстар мен шайқастар жөнінде ешқандай мәліметтер айтылмайды. 1653 жылы Батыр қонтайшы қайтыс болғаннан кейін оның үлкен ұлдары мен кіші ұлдары арасында тақ үшін талас-тартыстар басталып кетеді де, ол күрес бүкіл жоңғар қоғамындағы белгілі тайшылар мен нояндарды екіге бөліп жібереді. Көп ұзамай, билікке кіші ұлдар тобын басқарған Сенге қонтайшы келеді, бірақ ол ішкі өзара алауыздықтарды тоқтата алмайды. Ақыры 1670 жылдың соңына таман Батыр қонтайшының үлкен ұлдары – Цецен тайшы мен Цзотба батыр інілері Сенгені өлтіреді. Сенгенің орнына таққа отырған оның кіші інісі Галданның алғашқы саясаты ағасы үшін үлкен ағаларынан кек алуға бағытталды. Сондай-ақ ол Жоңғариядағы кейбір тайшылардың дербестігін жоюға, ішкі алауыздықтарды реттеуге, жалпы алғанда, билікті орталықтандыруға күш салады. XVII ғасырдың 70-жылдарының соңына таман ғана Галдан Жоңғариядағы негізгі қарсыластарын жеңіп, орталық билікті нығайта алады. Осылайша, ішкі саяси жағдайды ретке келтіргеннен кейін ғана Галдан көрші елдерге көз аларта бастайды.
Оның басқа көрші елдерге жасаған жорықтары секілді қазақтарға жорығы XVII ғасырдың 80-жылдарынан басталады. Бұл кезде қазақ ханы Тәуке хан болатын. Ал Әлмерек баба болса, бұл кезде жиырмадан жаңа асқан жас жігіт еді. Жастайынан діндар болған Галдан Тибеттегі дінбасыларының қолдауына сүйеніп, Далайламадан Бошақтухан – «ізгі ниетті хан» атағын алады. 1678 жылы ол Шығыс Түркістандағы саяси дағдарысты пайдаланып, аумақты қиындықсыз бағындырады. Ал 1680 жылдан бастап Галдан Бошақту хан Орта Азия мен Оңтүстік Қазақстанның қалалары мен аймақтарына жорықтар ұйымдастыра бастайды. Ол туралы 1722-1724 жылдары Цеван Рабданның ордасына барып қайтқан орыс елшісі Иван Унковский былай деп баяндайды: «Осы тауық жылы (1681) ол (Галдан Бошақту хан) қол ертіп жорыққа аттанып, Сайрамды қоршап алды. Ит жылы (1682) жорықтан қайтып оралып, ол Іле өзенінің жағасында қыстап шықты. Доңыз жылы (1683) тағы да Сайрамға аттанды. Жазда Галданның әскербасы Рабтан Сайрамды қиратады.
Жоңғарлардың қазақтарға қарсы жасаған бұл ірі жорығы мұсылман авторларының шығармаларында көрініс береді. «Тарих-и амнийа» еңбегінің авторы Мулла Мұса Сайрами жоңғарлардың Сайрамды алуы туралы былай деп баяндайды: «Біздің аталарымыздан естігеніміз бен жасы келген кәрі адамдардың айтуына қарағанда, осыдан 200 жылдай бұрын қазіргі Моғолстан жеріндегі хан орнына Іледе Құнтаджи (Қонтайшы) деген қалмақ келеді, оның билігі шығыста Комул мен Баркөлге дейін, батыста – Ташкент пен Сайрамға дейін, оңтүстікте – Карангу-Тагқа дейін созылады. Ол кенеттен жорыққа шығып, Ташкент Сайрамын басып алып бағындырады да, билікті бір қалмаққа тапсырады. Оның қасына бірнеше қалмақты көмекші етіп қалдырады да, өзі Ілеге қайтып оралады. Сайрамдықтар қалдырылған қалмақтарды өлтіріп, бағынудан бас тартады. Сайрамнан қашып құтылған бірнеше адам Құнтажыға келіп, болған оқиғаның бәрін айтып береді. Құнтаджи Ілеге соқпай, Сайрамға қайтып оралып, қаланы екінші рет басып алады да, тұрғындардың бір бөлігін өлтіріп, қаланы талан-таражға түсіреді. Қалмақ басшысы Сайрамның игі жақсы үш тобының әрқайсысынан 20 отбасыдан барлығы 60 отбасын бала-шағасымен, қызметшілерімен Ілеге алып кетеді. Оларды Іледе бір жылдай ұстап, сосын көне Тұрпанға жібереді».
Баяндаудан көріп отырғанымыздай, шығарма авторының арғы тегі сайрамдық, оның ата-бабалары – деректегі 60 отбасының бірі. Дерек мәліметінде айтылғандай, жоңғарларға Сайрамды 2 рет бағындыруға тура келген. Бұл жылдары Тәуке хан билікке жаңадан келіп жатқандықтан, оның жоңғарларға қарсы қояр күші болмаған секілді.
Жалпы, XVII ғасырдың екінші жартысындағы қазақ-жоңғар қарымқатынастарындағы ірі соғыстар мен шайқастарға көңіл аударсақ, олардың онша көп болмағанын байқаймыз. Екі жақтан да жекелеген кішігірім ұрыстардың болып тұрғандығын жоққа шығаруға болмайды. Жоңғарлар Сайрам қаласын алып, оны қиратқанымен, шабуыл бағытын одан әрі тереңдете алмайды. Оның басты себебі, қазақтар тарапынан қатты қарсылықтардың көрсетілуінде жатса керек. Әрине, мұның бәрі Тәуке ханның ұйымдастыруымен болғаны белгілі. Сайрам шайқасынан кейін жоңғарлар Ош пен Андижан түбінде де қатты қарсылықтарға тап болады. Галдан Бошақтухан бұдан кейін өзінің әскери қимылдарын шығысқа қарай бұрып, Шығыс Монғолияның жерін өзіне қарату үшін соғыс жүргізеді. Ақыры ол 1697 жылы наурызда 52 жасында қытай әскерлерінен жеңіліп, өзін-өзі өлтіреді.
1697 жылы Сенгенің ұлы Цеван Рабтан билікке келеді де, қазақ-жоңғар қатынасындағы жағдай күрт өзгереді. Ірі жорықтар жасалады. Жаңа қонтайшының қазақтарға қарсы алғашқы соғысы 1698 жылдың өзінде-ақ басталып кетеді. Цеван Рабданның жорығы барысында ол қазақ жерінің Шу-Талас өзендері өңіріндегі тұрғындарды қырғынға ұшыратып, он мыңдай адамды тұтқынға алып кетеді. Жоңғарлардың қазақ жеріне шапқыншылықтары бұдан кейін де жалғасады. Екі жақтан болып отырған ұсақ жорықтарды есептемегенде, жазба деректерде жоңғарлар тарапынан 171112, 1714 жылдары жаңа соғыстардың болғандығы айтылады.
Жоңғарлардың жекелеген өңірлерді ғана тонауға ұшыратқаны болмаса, қазақ елін толық бағындыруға, иеленуге бағытталған жорықтарына Тәуке хан тойтарыс беріп отырады. Тәуке хан тұсында қазақ қоғамында жүргізілген саяси-әкімшілік және құқықтық өзгерістер нәтижесінде қазақ елі өзінің қорғаныстық қабілетін көрсете біледі. Көптеген қазақ батырлары осы кезде ел үшін, жер үшін жан аямай жоңғарлармен соғысады, тіпті кей кездерде өздері бірігіп, жоңғарлардан кек алу үшін оларға қарсы жеңісті жорықтар ұйымдастырады. Олардың қатарында Албанның батыры – Әлмерек батырдың болғаны белгілі.
Тарихи тұлға – Әлмеректің ауыз әдебиетінің материалдарында әрі батыр, әрі абыз аталуы оның өмір кезеңдерін көрсетсе керек. «Белгісіз» жылдар кезеңінде 20 жастағы сарбаз көптің бірі болса, Тәуке хан заманындағы жоңғарларға қарсы күрестерде әбден ысылған, тәжірибелі сарбаздан тайпаның не жүздің қолын бастар батырға айналады. Тәуке ханнан кейін хандық тарихында орталық билік жойылып, бытыраңқылық дәуір басталады. Осы кезден бастап жоңғарлардың жорықтары да күшейеді. Ел мен жерді қорғау ісі көбінесе батырлардың басты міндетіне айналады.
Осы кезеңде 60-ты алқымдап қалған Әлмерек батыр өзінің жеке басындағы қасиеттері мен қабілеттерінің арқасында абыз атана бастайды. Абыз сөзі – арабтың «хафиз» сөзінің қазақша айтылуы, Құранды жатқа айтушы, көптеген хадистерді білуші және түсіндіруші дегенді білдіреді. Ал қазақ халқында абыз сөзі – Құранмен, хадистермен қатар барлық дәстүрді, әдет-ғұрыптарды білуші, оларға түсініктеме беруші адамды айтқан. Қазақ түсінігінде абыз дін жағынан да, дәстүр жағынан да ең білімді, ең парасатты, ең сауатты адам болып саналған. Әлмерек батырдың осындай қасиеттерге ие болуы, әсіресе, көріпкелдік және ерекше киелі қасиеттері оны батырлығымен қоса, абыз атандырса керек.
Ауыз әдебиетінде Әлмерек бабаның асыл қасиеттері туралы көптеген аңыз-әңгіме сақталған. Тіпті оны қазақтың көптеген батырларын тәрбиелеуші, батасын берген деген әңгімелер көп таралған. Хандық тарихындағы бытыраңқылық кезеңнің «Ақтабан шұбырынды», «Аңырақай», «Екінші Ақтабан» деп аталатын оқиғаларында Әлмерек бабаның жасы 60-80 жас аралығында болады. Бұл кезеңде Әлмерек абызға жасының үлкендігіне қарай баба атауы қосыла бастаған секілді. Өйткені, баба сөзі батырлығымен, қолбасшылығымен, білімділігімен, киелі деп танылуымен, көріпкелділігімен, болжағыштығымен елге танымал болған, жасы ұлғайса да халқына рухани адал қызмет жасаған адамға берілетіні белгілі.
Қазақ-жоңғар қатынасы тарихында 1745 жылдан бастап белсенділік қазақтар жағына өтеді де, керісінше, Жоңғариядағы саяси жағдайларға байланысты оның қуаты әлсірей бастайды. Осы кезден бастап қазақ жерлерін азат ету ісі жүргізіледі. Бұл кезде Әлмерек баба жасы сексеннен асып, тоқсанға таяп қалады. Оның батасымен талай батырлар рухтанып, жеңісті жорықтарға аттанады, жауын жеңе бастайды. Әрине, олар өз жеңістерінің барлығын Әлмерек бабаның ақ батасынан деп ұғынады. Сөйтіп, халық жадында Әлмерек баба рухымен, батасымен жоңғарларды жеңген тұлға болып саналады. Ауыз әдебиетінде қазақ елінің даңқты батырына айналған Райымбек жас шағында Әлмерек бабадан бата алған делінеді.
Қорыта келе айтарымыз, ел аузында есімі мәңгіге сақталған Әлмерек бабаның бүкіл ғұмыры хандық дәуірдің күрделі кезеңдерінде ел мен жерді қорғау жолында өтеді, тіпті, қартайған шағында батырларды рухтандырып, ақ батасымен жол көрсетеді. Мұндай тұлғалар қашанда елмен бірге!
Берекет Кәрібаев,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры,
тарих ғылымдарының докторы,
Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі