Биыл ұлт мейрамын тойлаудың жаңа форматы ретінде «Наурызнама» онкүндігі өткізілді. Соның бір күні ұлттық киімдерді ұлықтауға арналды. Осыған орай, қазақи нақыштағы киім тігумен айналысатын Іле ауданында тұратын кәсіпкер Айгүл Туғанбаеваны әңгімеге тартқан едік.
– Айгүл ханым, бұл кәсіпке алғаш қалай келдіңіз?
– Менің анам тігінші болған. Сол кісінің қасында жүріп осы өнерге машықтандым. 6 жасымнан бастап өз бетімше қуыршақтарыма көйлектер тіге бастадым. Бірте-бірте мата қиқымдарынан құрақ құрауды үйрендім. Сөйтіп тігіншіліктің қыр-сырына қанықтым. Кейін тұрмысқа шығып, бес ұл, бір қыздың анасы атандым. Бала қамымен бұл істі уақытша тоқтатуға тура келді. Кенже қызым балабақшаға барғанда ғана тігіншілікті қайта қолға алдым. Оған киімді өзім тігіп беретінмін. Балабақшадағылар менің өнеріме риза болып, тапсырыс бере бастады. Кейін қызымды биге бергенде, ондағы мұғалімдерден де ұсыныстар көптеп түсті. 2015 жылдан бастап осы кәсіпке шындап кірістім.
– Көбіне қандай үлгідегі киімдерді тігесіз?
– Алғашқы тапсырыстар бишілерден, дәстүрлі әншілерден қазақи нақыштағы киімдерге түсті. Өзіме де осы бағытта кәсібімді өрбіткен ұнайды. Заманауи үлгідегі киімдерді де топтамама қостым. Десек те, дәстүрлі киімдерді тігуге бүйрегім көбірек бұрып тұрады. Шүкір, қазір тапсырыс берушілердің қатары көбейді. Мектептермен, балабақшалармен, би студияларымен тығыз жұмыс істеймін. Кейбір әншілер де сахналық образдарына сәйкес киім тігіп беруімді өтінеді.
– Сіздің дизайнерлік топтамаңыздың ерекшелігі неде?
– Менің ойымша, қолымнан шыққан киім үлгілерінің барлығы дерлік таза өзімнің шығармашылығым деп есептеймін. Себебі түрлі деңгейдегі жарыс болғасын, ол жерде киілетін киім өзгелерден бөлек болуы тиіс. Мен осы ойды негізге ала отырып, нобайын сызып, тұтынушыларға ұсынамын. Кей кездері олармен бірлесе отырып, ортақ дизайн шығарамыз. Кез келген киім үлгісіне қосымша фурнитура жасап беремін. Мысалы, қыз балаға қазақи нақыштағы киім үлгісін тігу қажет болса, жанына оюмен өрнектелген белдік немесе бас киімді сыйға тартамын.
– Қазақи нақышта киінетін жастардың қатары көбейіп келеді. Тапсырыс берушілердің арасында ондай сұраныстар жиі түсе ме?
– Дұрыс айтасыз, алдыңғы жылдармен салыстырғанда қазақи нақыштағы киімдерге сұраныс өте көп. Жастар күнделікті киетін киімдеріне ою-өрнек салғанды ұнатады. Жақында ғана күртешені оюмен өрнектеуге тапсырыс түсті. Этностильдегі киімдер сәнге айналды. Ұлттық киімге деген құрметтің артқанына қуанасың.
– Дәстүрлі киім тігу оңайырақ па, әлде заманауи киімді тігу оңай ма?
– Кішкентай кезімнен дәстүрлі киімдерді тігіп әуестенгенімнен болар, қазақи киімдерге келгенде шабытым шалқып, тезірек жұмысымның ақырғы үлгісін көруге асық боламын. Әр оюына мән беріп, моншақтарын тізбелеп отырғаннан ләззат аламын. Сондықтан жай көйлектен гөрі қолым қазақша, дәстүрлі сахна киімдеріне қарай жүгіріп тұрады.
– Тігіншіге қолдан шыққан әр туындысы ерек. Бірақ соның ішінде жаныңызға жақын деп қайсысын ерекшелеп айтар едіңіз?
– Санамда әлі күнге дейін жаңғырып тұратын ерекше үлгідегі киім – ұзату тойына арналған қалыңдық көйлегі. Бір апталық еңбегімді сарп еткен бұл көйлектің әр бөлігі қолдан жасалып, жеке тігіліп, жіті таңдалған болатын. Күні-түні тіккен қалыңдық киміне жұмысыммен қоса, ішкі сезімімді да арнаймын. Себебі қандай көңіл-күймен тіксең, кимің де соған сай шығады.
– Мемлекет тарапынан қандай қолдауға ие болдыңыз?
– 2020 жылы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен «Бастау бизнес» жобасының грантын иелендім. Бағдарлама бойынша бір ай оқып, сынақты ойдағыдай тапсырып, өз бизнес жоспарымды сәтті қорғап шықтым. Нәтижесінде, қайтарымсыз грантты ұтып алып, сол қаржыға ательемді ашып, тігін құралдарымды сатып алдым. Мемлекеттік бағдарлама шағын және орта бизнес өкілдеріне кәсібін кеңейту үшін таптырмас мүмкіндік деп есептеймін.
– Алға қойған қандай жоспарларыңыз бар?
– Болашаққа деген жоспар көп, әрине. Соның бірі – өз брендімді қалыптастыру. Ол үшін еңбек пен ізденіс, мол қаражат керек. Сол идея шындыққа айналу үшін тер төге береміз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан – Бағдат Шойбас, Іле ауданы