Биылғы көктем бүкіл Қазақстан халқы үшін үлкен қиындықтар әкелді. Еліміздің он аймағында бұрын-соңды болмаған алапат су тасқыны орын алып, төтенше жағдай жарияланды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы ауыр жағдайға байланысты ел халқына үндеу жасап, мұндай көлемі жағынан ең ірі табиғи апат соңғы 80 жылда болмағанын айтты. Жіберілген кемшіліктерді түзету үшін Үкімет пен тиісті мемлекеттік ұйымдарға нақты тапсырмалар берді. Жағдай қандай күрделі болса да, қиындық міндетті түрде еңсеріліп, барлығы қалпына келтірілетінін айтқан Президент: «Ең бастысы – азаматтардың амандығы. Тасқын судан зардап шеккен азаматтарға айтарым, мемлекет бірде-бір адамды ескерусіз қалдырмайды. Баршаңызға қаржылық және басқа да көмек беріледі. Материалдық шығындар толық өтеледі. Біз алапат су тасқынынан тиісті қорытынды шығаруымыз керек. Яғни, жіберілген олқылықтарды түзетіп, тиісті сабақ алуымыз қажет. Ал ондай сабақтар аз емес», – деді.
Естеріңізде болса, апат орын алған алғашқы күндері-ақ Мемлекет басшысы шұғыл кеңес өткізіп, су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардан кешірім сұрады. Тасқынға қарсы тиісті шаралар қабылдап, дұрыс әрекет етпегені үшін Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Склярға, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов пен сегіз облыстың әкіміне қатаң сөгіс жариялады, олардың бірнешеуіне лауазымды қызметтеріне сай келмейтіндігіне байланысты ескерту берді.
Мұның бәрі жайдан жай емес. Біз қанша жерден апат айтып келмейді десек те, Алланың өзі «сақтансаң – сақтаймын» дейтінін ешқашан естен шығармаған жөн. «Үш жылдығын ойламаған еркектен без» демекші, ауа-райының өзгерушеңдігін, бір жылдың бір жылға ұқсамайтындығын көп жылдық нақты оқиғалар мен тәжірибелер негізінде ең болмағанда жақын болашақта, ата-бабалар даналығына сүйене отырып, алдағы үш жылда шамамен қалай болуы мүмкін екенін болжап, соған сәйкес дайындық жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп отыруымыз керек. Бірінші кезекте, ауылдар мен қалаларды дамытудың нақты жоспарлары жасалып, оларда тұрғын үй, әлеуметтік нысандар, өндіріс ошақтары салынатын орындар осындай су тасқындары, жер сілкінісі сияқты басқа да табиғи апаттардың залалды салдары мейлінше аз болатындай тұстарда белгіленуі міндетті шарт ретінде айқындалуы тиіс.
Бұл – тұрғын үй, әлеуметтік нысандар, өндіріс орындары, жалпы құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін жер туралы, құрылыс нормалары мен басқа да заңнамалық құжаттарға өзгерістер енгізу, жоқ болса – жаңадан қабылдауды талап ететіні сөзсіз. Демек, Жоғары заң шығарушылық билігі ретінде мұны Парламент жедел қолға алғаны жөн. Өйткені, қазір түгел ауылдардың су астына қалуының басты себебіне үңілсек, барлығы дерлік мұндай талаптардың жоқтығынан, ал бар болса – олардың орындалмауынан екені айқын көрініп тұр!
Соңғы мәліметтерге қарасақ, Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанады, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы ірі су қоймалары 95-100 пайыз мөлшерінде суға толған. Оның үстіне Ресейдің Орынбор, Самара, Бурятия сияқты бізбен шегаралас аймақтарында да өзен сулары арнасынан асып, бұл елде де көптеген ауылдар су астында қалып отыр. Тағы бірнеше күнде бұл қарғын су да шегара асып, бізге жететін болса – жағдай қазіргіден де күрделенуі мүмкін!
Бір шүкіршілік ететін жағдай, Алла жар болып, адам шығыны жоқ. Қиын жағдайда ауызбірліктің асқан үлгісін көрсететін халқымыз түкпір-түкпірден жәрдем қолдарын созып, тасқыннан зардап шеккен ағайынға керек-жарақтан барынша көмек көрсетіп жатыр. Мәжіліс депутаттары шығынға батқан шаруалардың несиелерін төлеуді үш жылға дейін шегеруді ұсынды. Премьер-министр Олжас Бектенов те тасқынның қайтадан күшеюі мүмкін екенін ескертті. Ол тасқынның басты себебі қалың қар мен топырақтың тоң болып қатып қалуы, күннің күрт жылынуы мен қатты жауын-шашын екенін айтты.
Қаншама мал қырылды, қалың жұрттың есіл еңбегі зая кетті. Әлі су астында қалған тұрғын үйлердің жағдай қалай екені толық белгісіз. Мемлекет тарапынан көмек берілгенмен, мал ашуы – жан ашуы дегендей, халықтың көңіл-күйі тез арада орнына келуі қиын. Қалай дегенде де қаңтарда көп аймақта жаңбыр жауғаннан-ақ осылай болатыны болжанып, тасқынға барынша тосқын қою жұмыстары жүргізілуі керек еді. Әттең, болары болып, халық өлшеусіз материалдық шығынға батқан соң ғана бәрі айтылып жатыр. Сондықтан, менің ойымша жауапты тұлғаларға тек сөгіс жариялау, лауазымына сай еместігі жөнінде ескерту менен мәселе түпкілікті шешілмейді. Қатаң мемлекеттік тәртіп, әр басшының, маманның жауапкершілігі болмай – алға басу қиын. Осы көзқарастан келгенде бұл апаттан алатын сабақ аз емес!
Бексұлтан КӨЛБАЕВ,
Талғар ауданы, Кеңдала ауылы
ақсақалдар алқасының төрағасы