Алдына келген шәкіртті білім нәрімен сусындатып, көкірек көзін ашуда ұстаз еңбегіне тең келер ештеңе жоқ. Осынау «бала жанының бағбаны» атанған ізгі жандарға көрсетілер құрметтің шексіз екендігі де сондықтан. Бүгінгі әңгімемізге арқау болып отырған Нұргүл Темірбаева да саналы ғұмырын мұғалімдік қызметке арнаған жандардың қатарынан саналады.
Осы бір орта бойлы, дидарына шуақ ұялап, жанарына мейірім тұнған, жүріс-тұрысы мен іс-әрекетінен ізгілік пен ақыл-парасаттың лебі есіп тұратын қарапайым жанға деген мекендестерінің ықыласы бөлек. Алдынан кесе-көлденең өтпей, ізетпен аман-саулық сұрасады. Боямасы жоқ тілек-ниеттерімен алқап, кіршіксіз көңілден шыққан ыстық лебіздерін арнап жатады. Өйткені, қырық жылдан аса уақыттан бері мектеп есігін алғаш ашқан тарыдай шәкірттерге әріп танытып, қолдарын жазу-сызуға машықтандырған, бойларына тағылымды тәрбие сіңіру жолында тер төгіп келе жатқан ұлағат иесі осынау құрметке лайық екені бәріне аян.
Сан мыңдаған шәкіртті түлетіп, бүгінде ұлағатты ұстаз деген абыройлы атаққа ие болып отырған Нұргүл Темірбаева қасиетті Тәңіртау етегіндегі Нарынқол ауылында ерлі-зайыпты Кеңесбек пен Разханның қарапайым шаңырағында 1963 жылдың 14 сәуірінде өмір есігін ашыпты. Білім теңізіндегі тұңғыш сапары 1970 жылы аудан орталығындағы Қазақстанның 40 жылдығы атындағы сегіз жылдық мектептен басталған. Бірінші сыныпқа қабылданған балауса қыздың білімге құштарлығын таныған алғашқы ұстазы Мақан Мұсаева жас өскінге дер кезінде нәр беріп, бабын таба білетін кәнігі бағбандай, айрықша ықылас танытқан екен. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген емес пе. Нұргүл де Мақан апайының әр күнгі сабағына айрықша ден қойып, көкірегіне құйып алудан айнымапты. 8-сыныпты бітіргенше сынып журналы мен күнделігінің әр бетін кілең «бестік» бағамен ғана өрнектепті.
– Ұстаз болу – бала кезімнен арманым еді. Ой-санасы ақыл-парасат пен ізгілікке толы, білімді де білікті жандар мені ерекші әсерге бөлейтін. Әсіресе, физикадан дәріс берген Әрлия Берікбаева, Гүлдархан Нүсіпжанова, химияның қыр-сырына қанықтырған Шара Қайырбекова сияқты мұғалімдердің шәкірттеріне жылышырай танытудан айнымайтын жұғымды мінезі, мәдениеті, алалап-бөлелемейтін ұстанымдары осы мамандыққа деген қызығушылығымды бұрынғыдан да арттырып, қиялыма қанат бітіретін. Арманның жетегімен сегізінші сыныптан кейін Есік қаласындағы бастауыш сынып мұғалімдерін даярлайтын училищенің табалдырығын аттадым, – дейді әңгімесін әріден бастаған Нұргүл.
Ерекше куәлік талапкердің өзі қалаған оқу орнына емтихансыз түсуіне жол ашқан. Оқуды ойдағыдай бітірген жас маман, іле-шала Абай атындағы педагогикалық институттың сырттай бөліміне оқуға қабылданып алған соң, өзін қанаттандырып ұшырған О. Жандосов атындағы орта мектебіне қайта келіп, ұстаздық еңбек жолын бастайды. Бұл 1982 жылдың қыркүйегі екен. Сол тұстағы мектеп директоры Асқар Әбішев жаңа келген маманға сенім артып, екінші сыныптың тізгінін ұстатыпты.
Нұргүл алғашқы күннен-ақ, ізденімпаздық пен еңбекқорлықты жанына серік ете білді. Кішкентай шәкірттерінің білімін арттырумен қатар, ой-өрістерін дамытудың, бойларына тәлімді тәрбиенің озық үлгісін қалыптастырудың тиімді жолдарын іздеуді алдына үлкен мақсат етіп қойды. Ата-аналармен де сыйластық қарым-қатынас орнатып, оқу-тәрбие жұмысының бір жағына шығысуына, мектеппен тығыз байланыс орнатуына мүмкіндік тудырды. Нәтижесінде сыныбындағы озаттар мен екпінділердің саны көбейіп, оқу-үлгерім сапасы жоғары деңгейге көтерілді. Өзіне дәріс берген ұстаздарының ақыл-кеңестерін тыңдаудан жалықпады. Уақыт тауып олардың сабақтарына жиі қатысатын. Ой, пікір, ұсыныстарына ден қойып, нұсқаған бағыт-бағдарларын өмірлік ұстанымына айналдыруға тырысатын.
Жоғары сыныптай емес, бастауыштың жұмысы күрделі де жауапты екеніне ешкім талас тудырмаса керек. Өйткені, білімнің іргетасы осы кезде қаланады. Бастауыштың мұғалімінен жаратылыстануға да, гуманитарлық бағытқа да жетік болу талап етілетіні де сондықтан. Осындай сәттерде қасынан табылған Жамал Бабаева, Әниса Күмісбекова, Кенжехан Тағаева секілді апайларына Нұргүлдің айтар алғысы шексіз. Өмірде барына ыстық ықыласын арнаса, о дүниелік болғандарын қимас көңілмен еске алады.
Уақыт шіркінге тоқтау бар ма?! Содан бері желдей жүйткіп 40 жыл өте шығыпты. Кеше өзі ұстаздардың тәлімін алса, бүгінде жас мамандардың ақылшысына айналды. Мектеп директоры Нұрбақыт Шәкенов пен оқу ісінің меңгерушісі Айжан Дауытовадан бастап, әріптес іні-сіңілілері ұлағатты ұстаздың алдын кеспей, сый-құрметін көрсетіп жатады. Нұргүлден дәріс алған мыңдаған шәкірттерінің арасында оқу озаттары мен үздіктері көп. Солардың көпшілігі жоғары оқу орындарын бітіріп, лауазымды мамандық иелері атанып жүр. Бүгінгі оқушылары да мұғалім мерейін үстем етіп келеді.
Нұргүл Темірбаеваның ұстаздық жолдағы еңбегі атаусыз қалған жоқ. «Педагог-зерттеуші» санатындағы лауазым иесі, республикалық «Өрлеу» білім-ғылым технология порталының ұлағатты ұстазы» төсбелгісінің, «Ауыл еңбегі үшін» және «Еңбек ардагері» медальдарының иегері. Қазақстан Республикасы оқу-ағарту министрлігінің Құрмет грамотасы, «Демеу» жергілікті кәсіподағының Алғыс хаты, «Білім және инновациялық технологиялар орталығының Құрмет грамотасы, білім көтеру институттары берген дипломдар соның бір дәлелі.
Бала жанының бағбаны Нұргүл өнегелі отбасының да алтын діңгегі, аяулы анасы. Жан жары Бақыт Найманбаев екеуінің кіндігінен тараған үш ұл мен бір қыз әке көріп оқ жонған, шеше көріп тон пішкен тәлімді де тәрбиелі азаматтар. Бәрі де жоғары білімді, қоғамға қажетті мамандық иелері. Ұл-қыздарынан өрбіген немере-жиендер ата-әжелерінің көз қуаныштары. Кешегі жас маман, бүгінгі ұлағатты ұстаз Нүргүл Темірбаева өмір-өзеннің арнасымен жүзе жүріп, асқаралы алпысты еңсеріп, зейнет жасына көтерілді. Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ардақты жанның қуанышты күндері көп болып, абыройы арта берсін!
Жұмабек Тұрдиев,
Райымбек ауданы