Әз-Наурыз мерекесіне орай, Қонаев қаласындағы Б.Соқпақбаев атындағы орталық саябақта ұлттық спорт түрлерінен сайыс өтті. Қала тұрғындары мен қонақтары арқан тартыс, қошқар көтеру, ләңгі тебу, армрестлинг және асық атудан жарысқа түсті. Бәсекеге әртүрлі жас санаты бойынша 500-ден астам адам қатысты.
Аталған шараның негізгі мақсаты – ұлттық құндылықтарды құрметтеу мен салауатты өмір салтын насихаттау.
«Мұндай спорттық шаралар қазақ халқының бай мәдениетін паш етуге, денсаулықты нығайтуға, ерік-жігерді арттырып, спорттық рухты көтеруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жас ұрпақтың бойында ұлттық сананың қалыптасуына ықпал етеді», – деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Айбол Күлбаев.
Орталық саябақ ішінде салт-дәстүр салтанаты көрініс тапты. Балалар асық ойнаудан бәсекеге түсті. Бұл спорт түріне ересектер де қызығушылық танытып, бақ сынады. Қатысушылар үш метр және бес метрден асықтарды дәл көздеп, шеңберден шығаруға тырысты.
«Асық ату ойынына балалар мен ересектерді қосқанда 100 адам қатысты. Мергендік пен ептілік сынға түскен сайыс өте тартысты өтті. Алматы облысында бұл спорт түрі жылдан жылға қарқын алып келеді», – деді асық атудан жарыстың бас төрешісі Аблин Олжас.
Қошқар көтеруден өткен сайыс та жанкүйерлердің делебесін қоздырды. Күш пен төзімділікті қажет ететін жарысқа 18 жастан асқан ер адамдар ғана қатысуға мүмкіндік алды. Өзіне сенген 20 жігіт суырылып ортаға шықты. Басқа да ұлттық ойындар тартысты өтті.
«Армрестлинг үйірмесіне қатысып жүргеніме біраз жыл болды. Осы уақытқа дейін Қонаев қаласының чемпионы атандым. Ұлттық ойындардан өтетін жарыстардан шет қалмауға тырысамын. Бүгінгі сайыстан да ерекше әсер алдым. Ұйымдастырушыларға ризамын», – деді қатысушы Нұркен Ерденов.
Ұлттық ойындар бәсекесінде тәжірибелі спортшылар да бой көрсетті. Солардың бірі – армрестлингтен 11 дүркін Азия чемпионы, әлем чемпионының күміс жүлдегері Айдын Бахтияров.
«Ұлттық ойындар арқылы ата-бабамыздың асыл қасиеттерін бойымызға сіңіреміз. Өткенді тануға, болашақты бағдарлауға мүмкіндік аламыз. Бүгінгі мерекелік шарада соның бәрі көрініс тапты. Наурыз мерекесі құтты болсын!» – деді Айдын Бахтияров.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге грамота және ақшалай сыйлықтар табысталды. Осылайша Ұлыстың ұлы күнінде ұлттық ойындарымыз ұлықталды. Саябақ іші сән мен салтанатқа толып, қатысушылар мерекелік көңіл-күймен тарқасты.
Жарысты ұйымдастырушылар – Алматы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, облыстық дене шынықтыру мен спортты дамыту орталығы.