Қарымды қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағы Алматы облыстық филиалының директоры Қанат Әбілқайырдың есімі әдебиетсүйер қауымға кеңінен таныс. Публицистикалық мақалалары, әңгіме-хикаяттары оқырманнан оң бағасын алып жүр. Жазушы енді роман жанрына ойысуды жөн көріпті. Жуырда жарық көрген «Ағыраптағы аты жоқ адам» атты кітабы соның бір дәлелі.
Қанаттың қиялына қанат бітіріп, шабыттандырған «Жас қалам – жаңа роман жобасы». Оған мұрындық болған – Қазақстан Жазушылар одағы мен «BELES» құрылыс компаниясы. Қалталы азаматтардың тек материалдық байлықпен шектелмей, руханиятты қолдағаны, әдебиетке жанашырлық танытқаны, әрине, құптарлық іс. Сондықтан Жазушылар одағы қолға алған игі шараға қуана қол соғып, қошемет көрсеткеніміз рас. Өйткені, бүгінгі заманда кітаптың қадірі кетіп бара жатқанын несіне жасырамыз?
Еліміз азаттық алғанда, еркіндіктің жөні осы екен деп әр салада талғамсыздыққа бой алдырдық. Бұл үрдіс әдебиетті де айналып өткен жоқ. Кім көрінген қолына қалам ұстай бастады. «Самопал» кітаптар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақша қаптады. Салдарынан оқырман кітап оқудан алшақтады. Оған дер кезінде тосқауыл қоймасақ, ертең бәрі кеш болуы әбден мүмкін. Осы олқылықың орнын толтыруға енді-енді күш сала бастадық. Жоғарыда айтқан игілікті іс соның бір парасы.
Хош, сонымен аталған жобаға келейік. «Жас қалам – жаңа роман» өткен жылы басталған. Байқау шарты бойынша, оған жасы қырыққа толмаған қаламгерлер қатыстырылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жазушылар тарапынан 9 өтінім түскен. Үміткерлерді комиссия мүшелері саралап, сараптап, үш авторды таңдап алған. Олар – Қанат Әбілқайыр, Әлібек Байбол және Мақсат Мәлік. Жас қаламгерлер болса да, бүл үшеудің есімін оқырмандар жақсы біледі. Грант иелеріне көрнекті жазушылар, әдебиеттегі ағалары – Жүсіпбек Қорғасбек, Нұржан Қуантайұлы, Дәурен Қуат тәлімгер болып бекітілді.
Әр жазушыға үш ай уақыт берілді және оларға ай сайын 500 мың теңгеден қаламақы төленіп тұрды. Романның көлемі 100 беттен кем болмауға тиіс екенін де ескертті. Әрине, осыншама қысқа мерзімде роман жазып шығу оңай шаруа емес. Аталған байқаудың мақсаты – қаламгердің бұрыннан санасына сіңірген, идеясы пісіп-жетіліп, енді жазамын деп жүрген шығармасына қолдау білдіріп, қолына қалам ұстату. Романның тақырыбына шектеу қоймай, жазушының өз еркіне қалдырғаны да сондықтан. Нәтижесінде, қазақ әдебиетіне үш кітап келіп қосылды. Атап айтар болсақ, Қанат Әліқайырдың «Ағыраптағы аты жоқ адам», Әлібек Байболдың «Мұтылған» және Мақсат Мәліктің «Абыл мен қабыл» романдары оқырманға жол тартты.
Жуырда Алматы мен Астанадағы Ұлттық кітапханаларда кітаптардың таныстырылымы салтанатты түрде өтті. Зиялы қауым өкілдері, әдебиет сыншылары жаңа туындыларға өз бағасын берді.
«Прозаға қойылатын талаптар күшейген заманда көлемді туынды түгіл, жазған әңгімеңді де елге оқыту оңай емес. Соған қарамастан жазушы Қанат Әбілқайырдың «Ағыраптағы аты жоқ адам» атты бүгінгі күннің шындығын жеткізген романын ықыласпен оқып шықтым. Сөйлемдерін тым күрделендіре бермеген туынды үш айда жазылғанымен, бұл роман автордың қазан миында ұзақ жылдар бойы қайнатылып, толғағы келген сәтте туған шығармадай болып көрінді. Шығармада адамдардың тағдырынан бөлек, діни секталар тақырыбы, түрме тақырыбы, тағы сол сияқты бірнеше тақырыптар бар. Романды оқу барысында автордың осы тақырыптарды жан-жақты зерттегеніне көзің жете түседі. Баспанасын қорғаймын деп тағдыры тәлкекке түскен бір адамның өмірі арқылы бүкіл бір ұлттың трагедиясы баяндалады.
Адам өмірінде із қалдыру үшін теңіне қосылып, шаңырақ көтеріп, ұрпақ сүюі тиіс. Ал осындай нығметтердің бәрінен айырылған пендені артына із қалдырған, аты бар адам деуге бола ма? Бас кейіпкердің мына жалған дүниеден тұрақ таба алмай шерменде күйге душар болуына кінәлі кімдер? Автор мұндай күрмеуі күрделі сұрақтың жауабын іздеуді оқырман еншісіне қалдырады», – деп, әдебиет сыншысы Амангелді Кеңшілікұлы Қанат Әбілқайырдың шығармасын оң бағалаған.
Айтпақшы, Қанат Әбілқайыр кітап жарыққа шықпай жатып, оны әлеуметтік желі арқылы саудалады. Қаламгердің бұл әрекетін әркім әрқалай түсінгені де рас. Біздіңше, бұл өте дұрыс қадам болды ойлаймыз. Өйткені, ол – қаламгердің түн ұйқысын төрт бөліп, ойланып, толғанып, бүкіл энергиясын жұмсаған азабы мол еңбегі. Сондықтан оны қалай жарнамаласа да жарасады. Жазушының жаңа туындысын асыға күтіп жүрген оқырманы кітапқа алдын ала тапсырыс беріп жатты. Солардың қатарынан біз де табылдық.
Көп кешікпей «Жас қалам – жаңа роман» жобасы бойынша үш автордың кітабы басылып шықты. Жазушы Қанат Әбілқайыр редакцияға арнайы келіп, қолтаңбасымен қолымызға ұстатты.
Автор роман тақырыбындағы «Ағырап» деген сөзге анықтама беріпті.
«Ағыраптағы аты жоқ адам» атты роман жазып жатқанымда көпшілік:
– «Ағырап» деген не? – деп сұраумен болды. Мен оларға:
– Ағырап – жұмақ пен тозақтың арасындағы мекен. Қиямет таразысында жақсылығы мен жамандығы тең тартқан құлдар жұмаққа бара алмайды. Тозаққа да түспей, сол ағырапта қалады. Бұл туралы қасиетті Құран Кәрімнің «Ағырап» сүресінде де айтылған, – деп жауап бердім. Бұл жауапты естіген бір оқырманым:
– Біздің елді дәл қазір жұмаққа теңей алмайсыз, тозақта жүрміз деуге де ауыз бармайды. Мемлекетіміз сіз айтып отырған Ағырапқа ұқсайды екен, – деді. Оның тәпсірлеуіне қарағанда дамыған Батыс елдері – жер бетінің жұмағы, соғыс болып жатқан елдер – тозақ. Ал біз Ағыраптамыз! Мен ол оқырманның пікірімен мүлдем келіспеймін. Қазақстан жер бетіндегі жұмақ мекенге айналуы керек. Солай боларына сенейік!» – деп жазған екен.
Кітап жазушы Дәурен Қуаттың алғысөзімен басталады. «Бастап кетсең болды, басыңды көтере алмай оқуға мәжбүрлейтін келісті әңгіме, қилы-қилы хикая, тынысы кең, ойы терең, оқиғасы күрделі романдар болады. Жазушы Қанат Әбілқайырдың «Ағыраптағы аты жоқ адам» атты романы да сондай алдыүзік, шыға шаппа шығармалардың сойынан екенін сенімді түрде айта аламын. Дәл осылай берік байлам жасауыма романды оқыған оқырманның да көзі жетіп, менімен мекерлеспей келісеріне сенімдімін» – деген екен.
Ендеше, кітаптың ары қарайғы бағасын мәртебелі оқырманның еншісіне қалдырайық.
Болат Мәжит