Кезінде әлемді айбынымен жасқаған КСРО мемлекеті тарап, орнына тәуелсіз республикалар пайда болғанда бірден бәрі жақсы болып кетпегенін білеміз. Жаңа мемлекеттер арасында шекара дауы белең алып, ұлтаралық және конфессияаралық дағдарыстар туындағанын көзіміз көрді. Соның кейбірі бүгінгі күнге дейін жалғасып, үлкен қантөгістерге алып келгені де өкіндіреді. Өз алдына мемлекет болып шыққан Қазақстанның болашағын болжаушылар 140 ұлттың өкілдері мекен ететін біздің елде де ұлтаралық қақтығыстар орын алып, бірлігі ыдырайды деп сәуегейлік танытқанын да естігенбіз.
Алайда қазақ халқының толеранттығы мен қонақжайлылығы, мемлекеттің ішкі саясаттағы дұрыс бағыты түрлі қақтығыстарды болдырмай, тату-тәтті тірлік кешуіміздің кепіліне айналды. Осы кездері құрылған Қазақстан халықтарының Ассамблеясы бұл маңызды іске айтарлықтай үлес қосқанын айту керек. Әлемде аналогі жоқ бұл ұйым түрлі ұлт пен діни конфессиялардың қкілдерін бірлік пен ынтымаққа үндеп, тұрмыстық деңгейде орын алып тұратын түсінбеушіліктерді ақылмен шешуге өзінің септігін тигізген.
Биылғы Қазақстанда болып жатқан бұрын-соңды болмаған су тасқыны халықты әбігерге салып, көптеген қиындықтар туғызып жатыр емес пе. Осыған байланысты атқарылып жатқан шаралар, мемлекет басшысының көптеген халықаралық жиындарды кйінге қалдыруы өте өзекті мәселе деп түсінеміз. Осы орайда жыл сайын өткізіліп тұратын Ассамблея сессиясын онлайн жүзеге асыру да құптарлық шаруа. Қазір той тойлап, жиын өткізетін уақыт емес. Қолда бар қаражатты үнемдеп, тасқын судан зардап шеккен адамдарға көмек көрсетуге бағыттаған жөн деп есептеймін!
Эльвира Угай,
«Немере» жекеменшік мектебінің директоры,
Қарасай ауданы