Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім туралы сөз қозғағанда, жастарды еңбек нарығында сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарына бағыттау жөнінде үнемі айтып келеді. Ал 77 жылдық тарихы бар WorldSkills байқауы бүгінде тек Европа елдері ғана емес, шығармашылық әлеуеттерінің ашылуы мен кәсіби біліктілігінің қалыптасуы тұрғысынан біздің еліміздің жастары үшін де қызықты. Талғар қаласындағы Мәдениет үйінде төрт күн жалғасқан аймақтық чемпионаттың қорытындысы осыны әйгілегендей.
Жұмысшы кәсіптерінің абыройын арттыру, жас жұмыскерлерге қазіргі еңбек нарығында сұранысқа ие практикалық дағдылар мен жоғары біліктіліктерді алу мүмкіндігін беретін аталмыш чемпионаттың ашылу салтанатында сөз алған Алматы облысы Білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлсара Исағұлова оның мақсатын былай түсіндірді.
– Бұдан 77 жыл бұрын басталған бұл байқауға Қазақстан 2015 жылдан бері қатысып келеді. Осы жылдар аралығында Алматы облысының студенттері, мықты мамандары жұмысшы мамандықтары бойынша талай белестерді бағындырып, өздерінің кәсіби біліктіліктерін танытты. Демек біздің жастарымыздың арасында да жұмысшы мамандықтарын жақсы көретін, оны мойындайтын және қоғамға қажет екенін сезінетін жастар көп деген сөз. Бұл чемпионаттың негізгі мақсаты да сол – қоғамға жұмысшы мамандықтарының қажет екенін мойындату және жастарды өз кәсібінің шебері болуға тәрбиелеу. Өйткені, кім болуына қарамастан, мейлі ол мемлекеттік қызметкер, прокурор, заңгер, экономист, қаржыгер, педагог не басқа болсын, түптеп келгенде олардың қай-қайсысы да күнделікті өмірде аспаздың, шаштараздың, сәнгердің, дәнекерлеушінің, көлік жөндеушінің, тағы басқа жұмысшы мамандықтар иесінің қызметін тұтынады. Демек, жұмысшы мамандықтары қоғамға әрқашан керек. Сондықтан да сіздер өз мамандықтарыңыздың қыр-сырын жетік меңгеріп, сол үшін мақтануларыңыз, сол үшін күресулеріңіз, оның нағыз шебері болуға тырысуларыңыз керек. Мен сіздерді соған шақырамын! – деді Гүлсара Исағұлова.
Осылай Алматы облысының техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарының студенттері арасында «Worldskills» – Qonaev-2024» аймақтық чемпионаты басталып кетті. Оған облыстағы 23 колледжден 84 білім алушы қатысып, 12 құзыреттілік бойынша өзара мықтылар анықталды. Жарыс көрігін қыздырған жастардың өз кәсіптері бойынша жұмыстарын 84 маман және 12 тәуелсіз сарапшы бағалады. Кәсіптік шеберлік сайыстары Алматы облысының бес орта оқу орнында, атап айтқанда Алматы экономикалық колледжі, Алматы облыстық қызмет көрсету және тамақ саласындағы инновациялық технологиялар колледжі, Есік гуманитарлық-экономикалық, Талғар политехникалық колледжі, Талғар агробизнес және менеджмент колледжі және Есік қаласындағы №6 Қазақ орта мектеп-лицейінде өтті.
Үш күн жалғасқан қызықты да тартысты кәсіби шеберлік сайысы тағы да сол Талғар қаласындағы Мәдениет үйінде қорытындыланды. Аймақтық чемпионаттың аяқталуына орай, Алматы облысы Білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтап, ақшалай сыйлықтар мен дипломдар табыстады.
– Бұл чемпионат әр студенттің кәсіби шеберлігін, шығармашылық ізденісін жан-жақты көрсетті. Сіздердің кәсіби шеберліктеріңізді бағалаған әлеуметтік серіктестер де жоғары пікір айтып жатыр. Байқау барысында мамандықтардың қыр-сырын меңгерген жастар үшін бұл баға жетпес жетістік деп түсінемін. Еңбекті бағалай білген кәсіпкерлерге қошамет пен алғысымыз шексіз. «Worldskills»-2024» аймақтық чемпионаты – жұмысшы мамандықтарының олимпиадасы. Себебі, ол әрбір студентке алған білімін өмірде қолдануды ғана емес, сонымен бірге қателіктерін түзету, кәсіпқойлық пен шеберліктерін нығайту бағыттарын айқындап береді. Қазақта бақ шаба ма, бап шаба ма деген бар, бағы да, бабы да келіскен жастар бүгін жеңіс тұғырына көтеріліп, өз мамандығының һас шебері екендігін дәлелдеп отыр. Біз үшін студенттердің бәрі талантты. Бәрі білім алуға құштар, бәрінің мамандықтарына деген сүйіспеншіліктері жоғары. Құрметті жастар, мен сіздерді жеңістеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Осындай жеңіспен сіздер ұстаздың, оқу орнының намысын қорғай білдіңіздер. Бұл – әрине мақтауға тұрарлық жетістік. 23 құзіреттілік бойынша 84 студенттің арасында жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар бола білгендер бүгін жүлделі орындарды бағындырды. Бірінші орынды иеленген бүгінгі жеңімпаздар білімдерін ұлттық чемпионатта қорғап, өздерінің кәсіби шеберлегін республика көлемінде дәлелдеуі шарт. Сондықтан жеңімпаздарға облыс атынан үлкен міндет жүктеліп отыр. Өздеріңізге белгілі, ұлттыық чемпионатың бір тапсырмасы ағылшын тілінде ұсынылады. Сол себепті жеңімпаз студенттеріміз ағылшын тілін үйренуді басты назарға алулары қажет. Ол үшін әрбір оқу орнының басшысы аталмыш бағытты жандандырып, жеңімпаз студенттердің практикалық дайындығын кәсіпорын базасында жетілдірудің мүмкіндіктерін қарастырсын демекпіз. Құрметті жеңімпаздар, баршаңызды бүгінгі жеңістеріңізбен тағы да шын жүректен құттықтаймын! Ұлттық чемпинатта омырауларыңызға жарқыраған медаль тағып, жеңістің мерейін тағы да асқақтады деген үлкен сенімдеміз, марапаттарыңыз құтты болсын! – деді облыстың бас мұғалімі Салтанат Дауысбекқызы.
Сонымен, «Аспаз ісі» бойынша «Алматы облысының қызмет көрсету және тамақтандыру саласындағы инновациялық технологиялар колледжі» МКҚК студенті Нұрсұлтан Толыбек жеңімпаз атанса, «Шаштараз өнері» атауында «Алматы облысының қызмет көрсету және тамақтандыру саласындағы инновациялық технологиялар колледжі» МКҚК студенті Анель Иманқожа жеңіс тұғырына көтеріліп, осы оқу орнының тағы бір түлегі Альмира Каримова «Сән технологиясы» аталыымында топ жарды. «Графикалық дизайн» құзыреттілігінде «Алматы экономикалық колледжі» МКҚК студенті Айсұлтан Бердешов бірінші орынды иеледі. «Веб технологиялар» аталымында «Талғар политехникалық колледжі» МКҚК өкілі Таиржан Аметов жеңіске жетсе, осы колледждің тағы бір түлегі Анатолин Кончаков «Электромонтаждау жұмыстары» құзыреттілігінде жеңіске жетті. «Төменгі сыныптарда оқыту» бойынша «Есік гуманитарлық-экономикалық колледжі» МКҚК студенті София Вьюн үздік деп танылса, «Шанақ жұмыстары» бойынша «Қаракемер кәсіптік колледжі» МКҚК өкілі Қуандық Оразымбетов ешкімге дес бермеді. «Жеңіл автомобильдерді жөндеу және қызмет көрсету сайысында «Талғар агробизнес және менеджмент колледжі» МКҚК студенті Әділет Әдебиетұлы үздік болды. «Дәнекерлеу технологиясы» құзыреттілігі бойынша «Кәсіптік оқудағы көпсалалы колледжі» МКҚК өкілі Ілияс Жәрімбетов бірінші орынға лайық деп танылса, «Мектепке дейінгі тәрбие және дайындық» аталымында «Есік гуманитарлық-экономикалық колледжі» МКҚК түлегі Еңлік Алнұр жеңіс тұғырына көтерілді. Ал «Желілік және жүйелік әкімшілендіру» бойынша «Талғар политехникалық колледжі» МКҚК студенті Сабыржан Амиров жеңімпаз атанды.
Барлық жеңімпаздарға 50 мың теңгеден ақшалай сыйлық және диплом табысталды. Ал екінші және үшінші орынды иеленген жүлдегерлер сәйкесінше 40-30 мың теңге ақшалай сыйлық және тиісті дипломдармен марапатталды.
Алматы облыстық мәслихатының депутаты, «Аспаз ісі» аталымы бойынша байқаудың бас сарапшысы Серікхан Әділхановтың айтуынша, былтырғымен салыстырғанда биылғы чемпионат жоғары деңгейде өтті.
– Бірінші рет мен сарапшылық еткен аталым бойынша жеңімпаз атанған қатысушы 880 балл жинады. Бұл – үлкен көрсеткіш. Демек, студенттер кәсіптік шеберлік сынына жақсы дайындықпен келді деген сөз. Егер бүгін осы аталымда жеңімпаз атанған Нұрсұлтан Толыбек республика чемпионатында да осындай жетістік көрсете алатын болса, жеңіс тұғырынан көрінетіні күмәнсіз, – деді ол.
Ал, «Жеңіл автомобильдерді жөндеу және қызмет көрсету сайысында үздік атанған Әділет Әдебиетұлы:
– Мен ELECTUDE бағдарламасы бойынша «Приора» автокөлігінің қозғалтқышын (мотор) және ВАЗ-2107 көлігінің беріліс қорапшасын бұзып-жинау сайысына қатыстым. Қозғалтқышты бұзып-жинауға үш сағат, беріліс қорапшасына бір жарым сағат уақыт берілді. Сол уақытта үлгеру қажет, оған қосымша айналаны таза ұстауың тиіс. Сондай-ақ ақауды анықтау деген тапсырма болды, онда түйіспелік сым (провод) мен істікшелер ажыратылып тасталады. Соны тауып, қозғалтқышты от алдыруың керек. Талап өте қатаң болды, егер қолыңнан болт не басқа нәрсе түсіп кетсе, ұпай алып тастайды. Сонда да мен 100-ден 90,8 балл жинап, жеңімпаз атандым. Бұл мамандықты таңдағаным, әкем 40 жылдан бері көлік жүргізеді, ағам көлік жөндеумен айналысады. Бұйыртса, республикалық чемпионатта да жеңіске жетуге ұмтыламын. Келешекте Қазақ көлік қатынастары университетіне түсіп, жоғары білім алғым келеді. Осындай кәсіптік шеберлік байқауларына қатысып, тәжірибе жинау, өзгелерден үйрену – маған алға қойған армандарыма қол жеткізіп, келешекте өз ісімнің шебері, білікті маман болуыма көп көмегін тигізетініне көзім жетті, – дейді. Қуаныштан жүзі бал-бұл жанған жеңімпаздың алдағы мақсаты айқын, ұстанымы берік екені байқалады.
Қалай дегенде де бұл чемпионатқа қатысқан барлық жас келешекте отандық экономика мен қоғамдық өмірдің сан саласындағы сұранысты қанағаттандыруға өзіндік үлестерін қосып, жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеретіндері сөзсіз. Енді ел көлемінде осындай кәсіп иелері еңбек ететін өндіріс ошақтары мен жұмыс орындары көптеп ашылса болғаны!
Естеріңізге сала кетейік, еліміз «WorldSkills» қозғалысына 2014 жылы қосылып, 2015 жылы Сан-Паолода өткен WorldSkills Competition бірінші әлем чемпионатында біздің команда 50-ші орында болған еді. 2017 жылы Абу-Дабиде өткен жарыста 24-ші орынды иеленді. Ал елімізде кәсіптік-техникалық және жоғары білімнің қазіргі дамуы – бұл көрсеткіштерді одан әрі жақсарту үшін мол мүмкіндіктер ашып отыр.
Құтмағамбет Қонысбай,
Талғар ауданы