Қашанда қоғамның жарасымдылығы мен жасампаздық қуаты тіл тұтастығында екені талассыз шындық. Бұл тұрғыдан мемлекеттік тілдің мерейін үстем етудің маңызы зор. Өйткені, бір тілде сөйлейтін қоғам шынайы бірегейлікке жылдам қадам баса алады. Әрине, бұл үдеріске қоғам тарапынан да сұраныс артып келе жатқандығын байқауға болады.
Облыстық тіл оқу әдістемелік орталығы Еңбекшіқазақ аудандық филиалының мәліметіне жүгінер болсақ, биыл 49 өзге этнос өкілі мемлекеттік тілді меңгеруге қызығушылық танытыпты. Филиал жетекшісі Айжан Сыздықованың сөзінше, тіл үйренушілер аптасына екі сағаттан, 6 ай бойы аталған курстан өтеді. Онда облыстық тіл оқу әдістемелік орталығы мен еліміздегі белді тіл білімі институттары дайындаған оқыту дәдістемелері пайдаланылады екен. Межедегі мерзім аяқталғаннан кейін қатысушылар өзі үйренген деңгейге сай емтихан тапсырады. Ал сынақтан сүрінгендер қайталай оқытылады.
– Соңғы кездері мемлекеттік тілді үйренуге құлшыныс танытатын өзге этнос өкілерінің қатары көбейді. Әсіресе, мемлекеттік қызметкерлер мен түрлі сала мамандары зор ынта таныта бастады. Тіпті, олардың арасында кәсіпкерлер де бар. Мұнда тіл үйренушілер мемлекеттік тілді меңгеріп қана қоймай, түрлі мәдени шараларға да белесене қатысады, – дейді филиал жетекшісі Айжан Сыздықова.
Тіл оқу әдістемелік орталығынан ойдағыдай білім алып, үздік жетістікке жеткендердің бірі – Надежда Сычева. Ол «Жанұя» әлеуметтік қолдау орталығында еңбек етеді. Оның сөзінше, тіл тұтастығы адамдарды бір-біріне жақындастырады. Тіпті, кейбір қордаланған әлеуметтік мәселелердің оң шешім табуына да әсер етеді.
– Мен қазақ тілін мектеп қабырғасынан бастап үйрендім. Бірақ, жоғары оқу орнына түскен кезде, қазақ тілді ортадан ажырап қалдым. Сөйтіп, білетін сөздерімді ұмыта бастадым. Бір жылдан бері мемлекеттік тілді үйренуді қайта қолға алдым. Үнемі ізденудің арқасында қазір қазақ тілін еркін сөйлейтін деңгейге жеттім. Жақында мемлекеттік тілде баяндама жасадым. Бүгінде М. Әуезовтің әдеби шығармаларын оқуға ден қоя бастадым. Бұл қадам менің сөздік қорымды көбейте түседі деген ойдамын. Меніңше, Қазақстанда тұратын азаматтар ұлтына, жасына қарамай мемлекеттік тілді білуге талпынуы қажет. Өйткені, мемлекеттік тіл – ел бірлігінің түпқазығы. Мемлекеттік тілге атүсті қарайтындар «мектеп қабырғасында қазақ тілді орта болмады» дегенді жиі айтады. Ол жай сылтау ғана. Қазір кез келген жанға тілді меңгеруге мүмкіндік жеткілікті, – дейді Надежда Сычева.
Орталықтың Еңбекшіқазақ аудандық филиалында қазақ тілін үйренуге зер сала үйреніп жүргендердің бірі – Дельшо Хаджиева. Ана тілімізді әліппеден бастап зердесіне тоқуға тырысқан курд этносының өкілі қазақ тілін поэзия тыңдау арқылы бойына сіңіргенін айтты. Ол қазір М.Мақатевтың, Т.Айбергеновтың өлеңдерін жиі оқиды. Дельшо Хаджиева қазақ тілін аздап түсіне бастағаннан бері мемлекет құрушы ұлттың рухани әлеміне жақындай түскенін жасырмады.
Күні кеше өткен Қазақстан халқы ассамблеясының сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз үшін тұтастықтың аса маңызды екенін атап өткен еді. Қалай десек те, тіл тұтастығын ел тұтастығы деп білетін кез жеткенін уақыт өзі дәлелдеп тұрғандай.
Ерзат Асыл,
Еңбекшіқазақ ауданы