Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына биыл 79 жыл толып отыр. Қызыл армияның жеңісімен аяқталған қанқұйлы соғыстан аман-есен оралып, бейбіт күнде еліміздің өркендеуі үшін еселі еңбек еткен ардагерлердің қатары сиреп қалды. Бүгінде тарихқа айналған сол бір сұрапыл кезеңнің облыс орталығындағы жалғыз көзі тірі куәгері – Оксана Бетебаева.
Оксана Демидовна 1920 жылы 7 қазанда Украинаның Полтава облысы Петрово-Роменский ауданы Венеславовка ауылында дүниеге келген. Жасыл-желекке малынып, бау-бақшасы жайқалған осы бір шағын елдімекендегі жетіжылдық мектепті бітіргеннен кейін медициналық училищеге түскен. Училищені тәмамдаған соң, еңбек жолын Петрово-Роменский аудандық ауруханасында медбике болып бастаған.
1941 жылы кенеттен соғыс басталып, ауруханада жаймашуақ күндерді басынан өткеріп жатқан Оксана әскер қатарына шақырылып, медбикелер жасағына қабылданады. Ол Полтава қаласының №1668 әскери госпиталінде медбике болып жұмыс істейді. Соғыстың алғашқы айларында күндіз-түні майданнан жаралы жауынгерлер тиелген эшолондар лек-легімен келіп жатты. Бастапқы кезде оның бәріне бой үйрету оңайға соқпады. Бірнеше тәулік бойы ұйқыны да, тамақтануды да ұмытып, хирургтің жанында жаралыға ота жасауға жәрдемдесіп, күнді де, түнді де госпитальда өткізуіне тура келген. Осылайша жауынгерлердің өмірін сақтап қалуға барлық күш-жігерін жұмсады. Әр сүйем жер үшін шайқас жүріп жатқан кезде дәрігердің нұсқауын орындау, науқасты ота жасауға дайындау, ауыр халдегі жаралыларды бақылау оңай жұмыс емес еді. Талдырмаш бойлы нәзік қыз қанша қиналса да, асқан қайсарлық пен шыдамдылық таныта білді. Жаралыларға әрдайым көмек қолын созып, қиналған сәтте жанынан табылып, қаншама адамның өміріне араша болды. Бір күні госпитальға ауыр жараланған азиялық жас офицер түседі. Әдемі көзімен жылыұшырай қарап, көмек-қолдау сұрағандай болады. Сол сәтте жүрегі дір ете түскен Оксана Бекежанның жанынан шықпай, сауығып кеткенінше қолдан келген барлық көмегін көрсетеді. Бір-бірімен жақынырақ танысады. Оксана Демидовна мен Бекежан Телгенбайұлы арасындағы сезім ұшқыны алапат жалынға ұласып, шаңырақ көтеруге бел байлап, екеуі госпитальда үйленеді. Сөйтіп, ерлі-зайыптылар бір сапта жорық жолынан өтеді.
Соғыс аяқталғаннан кейін Бекежан Бетебаев қалпына келтіру жұмысына жіберіледі. Жарасымды жұп 5 жыл бойы Германияда комендатурада жұмыс істеп, мерзімі аяқталған соң Жаркентке келген. Оксана Жаркент ауруханасында медбике болып еңбек етсе, жұбайы Бекежан орта мектепте география пәні мұғалімі болады. Содан кейін ерлі-зайыптылар Іле кентіне қоныс аударған. Бекежан №1 мектептің директоры қызметіне тағайындалып, Оксана осы білім ордасына зертханашы болып жұмысқа орналасады.
1969 жылы Бекежан қайтыс болып, Оксана үшін жарық дүние қараңғы түнекке айналғандай болады. Құдай қосқан қосағынан айырылған Оксанаға балаларын тәбиелеп жеткізу оңайға соқпайды. Ол пешенесіне жазылған қиындыққа көндігіп, ауырлыққа шыдай біледі.
Оксана Бетебаева «ІІ дәрежелі Отан соғысы» орденімен, «Маршал Жуков» және тағы басқа мерекелік медальдармен марапатталған. Жауынгерлік және еңбектегі жетістіктері үшін Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар иеленген. Қонаев қаласының Құрметті азаматы.
Жан баласына қиянат жасамай, қаншама адамның өміріне арашашы болған Оксана әжейдің жасаған жасы ерлік пен елдіктің, жанкештілік пен жасампаздықтың айқын көрінісі секілді «Кейінгі ұрпақ бейбіт өмірдің қадірін ұғынып, оны қастерлеуді жадынан шығармаса екен. Жүз жастан асқаным да емделушілердің шын ықыласымен берген ақ батасының қайырымы шығар», – деді қос ғасырдың куәсі болған майдангер әже.
Қызы Нина Бекежанқызы осы күні 100-ден асқан кейуананың қас-қабағына қарап, алақанына салып, балаша мәпелеп отыр. Сүйікті анасына жасаған қамқорлығы арқылы қала жұртшылығының ыстық ықыласына бөленіп отырған Нина апай Оксана әжейдің көбіне төсекте жататынын, ұзақ уақыт отыра алмайтынын, көру қабілетінің төмендеп, құлағы нашар еститінін айтты. Біз де сұм соғыстың ауыртпалығын бір кісідей көтере білген, адамдарға жақсылық жасауды, көмек қолын созуды өмірлік мақсаты деп білетін мейірімді медбикенің амандығын тіледік.
Айжарық Көптілеуов,
Қонаев қаласы