Қайырымдылық – адамзат атаулыға ортақ қасиетті ұғым. Қоғамда қайырымды жандардың қатары артқан сайын, өмір ізгіліктің шуағына шомады. Бағы мен соры тең тайталасқан тірлікте мейірімді жүректердің жылуына мұқтаж жандар қаншама?! Әсіресе, тастанды болған тағдырлар аялы алақандардың әлпештеуін аңсайды.
Есік қаласында орналасқан отбасылық үлгідегі балалар үйінде қараусыз қалған он бала тұрады. Бірінің анасы түрмеде болса, кейбірін ешқандай себепсіз тастап кеткен. Бірақ соған қарамастан, балалар қазір өздеріне жаңа отбасы сыйлаған анасымен бақытты өмір сүруде. Аталған балалар үйінің негізін қалаушы Роза Есенова сонау тоқсаныншы жылдардың бел ортасынан бастап қараусыз қалған балаларды қанатының астына ала бастапты.
– 2001 жылы сол кездегі облыс әкімі Заманбек Нұрқаділовтің пәрменімен заңды түрде отбасылық үлгідегі балалар үйі ретінде қызмет атқара бастадық. Содан бері 56 бала бұл шаңырақтың жылуын көрді. Тіпті олардың арасында 11 айлық сәбилер де болды. Менің ойымша, мемлекеттік негіздегі балалар үйінен отбасылық үлгідегі үй әлдеқайда тиімді. Мұнда балалар өз үйінде тұрып жатқандай сезінеді. Отбасылық үлгіде тәлім-тәрбие алады. Бір-біріне бауыр басып, ағалы-інілі, апалы-сіңілі секілді тату-тәтті. Осындағы сәбилердің бойына бірінші кезекте адами құндылықтарды сіңіруге баса мән беріледі. Сонымен қатар оларды үй шаруасын дөңгелетіп әкетуге де баулиды.
Біздің отбасылық үлгідегі балалар үйінің маңында шағын аумақ бар. Балалар көктемде оған көкөніс отырғызып, жаз бойы оларды өздері күтіп-баптайды. Күзде алынған өнім қыс бойы азық болады. Балалардың бәрі мені «Ана» деп шақырады. Біз шын мәнінде көп балалы отбасымыз. Мен алғаш баулыған балдырғандар қазір бір-бір шаңырақтың иесіне айналды. Кейбіреуі жоғары білім алып, әр салада өнімді еңбек етіп жүр. Ұшқан ұясына жиі келіп тұрады. Осындағы жасөспірімдерді жақсы оқуға талпындырып, ақыл-кеңестерін айтып кетеді. Мен балаларды тәрбиелеп, оларға жарқын өмір сыйлау үшін осындай қадамға бардым. Кез келген адам баланы асырай алғанымен, дұрыс тәрбие бере алмауы мүмкін, – дейді Роза Есенова.
Отанның негізі мен тірегі, қайнар көзі отбасы екендігі айдан анық. Отбасы – шыр етіп дүниеге келгеннен сәттен бастау алатын тәлім-тәрбие мектебі. Біз сөз етіп отырған отбасылық үлгідегі балалар үйінде жеткіншектердің талантын ұштауға да мүмкіндік берілген. Өйткені ондағы ұл-қыздар өз әуестігіне қарай түрлі үйірмелерге қатысады. Араларында облыстық, республикалық өнер байқауларында топтан озып, дарынымен дараланғандар бар. Айталық, 10-сыныпта оқитын Аян Тілекқызы республикалық «Самғау» балалар мен жасөспірімдер арасындағы ән-би, өнер байқауында «Вокал» жанры бойынша І дәрежелі диплом иегері атанып, халықаралық «Бойтұмар» өнерлі балалар байқауында І орын алған. Ол балашақта өнер жұлдызы болу үшін тер төгіп жатқандығын жеткізді.
Иә, алуан тағдыр тоғысқан шаңырақтағы өзге этностың перезенттері де қазақ тілінде сөйлеуді әдетке айналдырыпты. Жеті жасар Анна қазақ поэзиясындағы көрнекті ақындардың жырын жатқа оқиды екен. Зерделі қыз болашақта дәрігер боламын деген асқан арманы барын айтып қалды. Сонымен қатар балаларды ізгілікке баулыған шаңырақта күмбірлетіп күй шертіп, әуелете ән салатын дарынды жандардың барына көз жеткіздік. Бұл да Роза Есенова іргетасын қалаған шаңырақтың жан жылуын аңсаған балақайларға тигізген шапағаты болса керек. Мұндағы жеткіншектер жаздық лагерлерге де жиі барады. Онда балалар көшбасшылықты, эмоциялық интеллектіні дамытатын пәндерді оқиды. Бір сөзбен айтқанда, олардың жан-жақты дамуына жол ашады.
Отбасылық үлгідегі балалар үйінде балдырғандардың ойдағыдай өмір сүруіне мемлекет тарапынан арнайы бағдарлама әзірленіп, қаржы бөлінген. Аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиясының хатшысы Алма Дүйсебекованың айтуынша, балалар үйінің қызметі білім бөлімі мен әкімдік тарапынан қадағаланып отырады.
– Балалар кәмелет жасына толғаннан кейін де назардан тыс қалмайды. Бүгінге дейін осы отбасылық үлгідегі балалар үйінде тәрбиеленген 12 азаматқа баспана берілді. Кезі келгенде басқалары да қолжетімді баспанамен қамтылады, – дейді Алма Дүйсебекова.
Біз отбасылық үлгідегі балалар үйінің берекелі, жылылық пен шуаққа толы шаңырақ екенінін сезіндік. Әлем осындай мейірімді жандармен әдемі, өмір осындай адамдармен ғажап. Жарқын болашақ күліп қарсы алсын, жас өмір!
Ерзат Асыл,
Еңбекшіқазақ ауданы