«Мен өзім тауда туып, тасында өстім» деп жырлаған Алаш қайраткері І.Жансүгіровтің биыл 130 жылдығы атап өтілуде. Осыған орай Жаңалық ауылындағы І.Жансүгіров атындағы №37 жалпы білім беретін орта мектепте «Ілияс – қазақ поэзиясының құлагері» атты шара өтті.
Танымдық кешті мектеп директоры Данияр Аманжолов ашып, шараны ұйымдастырудағы мақсат ұлы тұлғаны ұрпақ жадында қалдыру, Ілияс Жансүгіровтің өмірі мен шығармашылығын насихаттау екенін жеткізді. Сонымен қатар жыр құлагері атындағы мекепте Ілиястану жобасы жүзеге асырылатынын, оның бір тармағы ретінде Ілияс оқулары өтетінін, жеңімпаздарға ақын атындағы шәкіртақы жыл сайын табысталып келе жатқанын айта кетті.
Кешке Ілияс атамыздың ұрпақтары – Қарлығаш Қантарбаева, Дүрия Чүкенова, Салтанат Майлина және қазақ тілінің жанашыры Камнұр Тәлімұлы қатысып, естеліктерімен бөлісті, ақынның өмірі мен шығармашылығы жайлы сыр шертті. Бұдан соң құрметі қонақтар мектеп ішіндегі І. Жансүгіров атындағы мұражайдың ашылуына куә болды. Сондай-ақ шара барысында Талдықорған қаласынан арнайы келген І.Жансүгіров атындағы мұражай қызметкерлері көшпелі көрме көрсетіп, ақынның ұстаған заттарын көпшілік назарына ұсынды. Ілиястану жобасының жеңімпаздары да анықталып, 12 оқушыға шәкіртақы тағайындалды.
Шара соңында мектеп директоры Данияр Аманжолов кешке арнайы келген қонақтар мен жобаға қатысқан оқушылар мен ұстаздарға ризашылығын білдірді. Рухани құндылыққа толы кеш көпшіліктің көңілінен шықты.
Айнұр Нұржақып,
Талғар ауданы