Ғасыр мен ғасыр, мыңжылдық пен мыңжылдық тоғысқан тұста А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында қазақ тілінің Әбдуәли Қайдар, Рабиға Сыздықова, Шора Сарыбаев сияқты үш алыбы, үш академик, үш құрдас еңбек етті. Биыл үшеуінің де ғасырлық мерекелері аталып өтілмек. Мен солардың бірі, осы Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының тумасы Әбдуәли аға туралы әңгімелемекпін.
Балалық шақ
Сөздің басын Әбдуәли Қайдар кім деген сұрақтан бастайын. Ол Кеңес-Герман соғысының ардагері, филология ғылымдарының докторы, профессор. Ресми дереккөздерде Әбдуәли Туғанбайұлы (1924-2019) қазақ тіл білімінің көрнекті маманы, белгілі түркітанушы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақ КСР еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Шоқан Уәлиханов атындағы І дәрежелі сыйлықтың иегері, Түркияның «Dil Kurumu» лингвистикалық қоғамының Құрметті мүшесі, Башқұртстан Ұлттық ғылым академиясының Құрметті академигі, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті болғандығы туралы жазылған. Одан кейін өмірінің соңына дейін Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының этнолингвистика бөлімінің бас ғылыми қызметкері ретінде еңбек етті. Лингвист-ғалымның саналы ғұмырының жетпіс жылға жуық уақыты тіл білімі саласын зерттеуге арналды.
Сексен жылдығы тұсында Әбекең айтқан бір сыр есіме түседі. Қария болып қалған кезі. Жұрттың бәрі «Абдуали Туғанбаевич» деп жатады. Соған байланысты «Әбеке, Сіз Туғанбай атамыздың қанша жасында туғансыз?» деп сұрап қалдым. Сөйтіп ем, күлді де қызық бір сырдың шетін шығарды. «Туғанбай менің әкем емес, ол – менің бабам. Туғанбай 1840 жылы туып, 1921 жылы дүние салыпты. Туғанбайдың баласы, менің атам Айтбай 1865 дүниеге келіп, 1915 жылы елу жасында өз ажалынан өлген. Айтбайдың үлкен ұлы, менің әкем Қайдар 1905 жылы туып, 1942 жылы соғыста 37 жасында Великие Луки қаласы үшін шайқаста мерт болған. Біз сегіз ағайынды едік, солардың ең үлкені мен және ең кіші перзенті Роза екеуміз ғана тіріміз. Қалғандары кішкентай кездерінде шетінеп кетіпті. Шамамен 13-14 жасар кезімде, сірә, 1938 жыл-ау деймін, мені комсомолға өткізетін болды. Ол кезде 1925 жылы туғандар қатарында саналатынмын. Шешемнің де айтуы солай. Аудандық комсомол комитетіне барғанымызда менің жасым 14-ке толмаған болып шықты. Яғни, өткізбейді деген сөз. Содан хатшылардың бірі: «Неменеге бас қатырасыңдар, 5-6 ай қосып, жаза салыңдар!» – деді. Сөйтіп мен 1924 жылы 13 желтоқсанда туған болып комсомолға қабылдандым. Ол кезде басқа құжат жоқ. Сөйтіп осы мерзім кейін барлық құжаттарыма көшіп жүре берді. Ал мен өз әкем Қайдардың 20 жасында дүниеге келіппін. Түрлі себептермен әкемнің аты маған тегім болып, бабамның аты әкемнің аты болып жазылып кетті. Жас кезімізде оған онша мән беріп те жатпадық. Бүгінде «Әбдуәли Туғанбаевич» болып жүргенім содан», – деп күлді.
Әбекеңмен інісі ретінде, пікірлес замандасы ретінде өмірінің соңғы күндеріне дейін жиі бірге болып жүрдім. Зайыбы Шекер Исақызы жеңгеміз түсіністікпен қарайтын. Қосағының қайтыс боларынан бір жылдай бұрын жеңешем Әбекеңнің орден-медальдарын не істерін білмей жүргенін айтып, қоңырау шалғаны бар. Мен мемлекеттк архивке өткізуге кеңес бердім. Алдында бүкіл жиған асыл қазынасы – кітаптарын, дәлірек айтқанда, үйдегі бай кітапханасын Түркі академиясына тапсырғанына куә болғанбыз. Шекер жеңешем мемлекеттік архив туралы ұсынысты мақұлдай қоймады. Ертесіне Алматыдағы Президент архивіне қоңырау шалып, сөйлесіп көріп едім, олар Әбдуәли Қайдардың құжаттарын, марапаттарын алуға қуана келісетіндіктерін айтты. Жеңешем де бұл ұсынысқа қарсы болмады. Сөйтіп Әбекеңнің бүкіл марапаттарын қаттап-шоттап, Президент архивіне өткізгенбіз.
Шекер Исақызының мамандығы балалар дәрігері болатын. Өзі де ғылым кандидаты. Әбекеңді жас балаша айрықша қамқорлықпен күтетін. Бірде сөмкесінен кішкентай блокнот шығарып көрсеткені бар. Әбекең қай дәрісін қай кезде ішеді, қай кезде қандай тамақ, қандай дәрумен қабылдауы керек, қай кезде алма жеуі керек, бәрін жазып, мүлтіксіз орындап отырады екен. Әбекеңнің 95-ке келіп, ұзақ жасауының бір сыры осында шығар деймін. Жеңгеміз Жанна, Әсел, Баян сияқты үш қыз өмірге әкеліп, оларды өсіріп, құтты жерлеріне қондырып қана қоймай, өмірін түгелдей Әбекеңнің жолына арнады. Әбекеңді туыстарынан қызғанатын кезі де болған. Бірақ біз екеуміз жақсы тіл табыстық. Сөйтіп Әбекеңмен жақынырақ араласуға, жұртқа беймәлім көптеген қызықты деректеріне қанығуға мүмкіндік туды.
Академиктің өзінің айтқан әңгімелерінен, ол кісі туралы жазылған материалдардан түйгенім, Әбекең, шын мәнінде, Шоқпар бабасы тәрізді табиғаты батыр адам екен. Аспайды, саспайды, жайлап отырып-ақ айтарын жеріне жеткізіп тастайды. Ғалымның бойында Абай айтқан «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» дегеннің бәрі бар. Ыстық қайрат болмаса ғылымға арналған жетпіс жылға жуық уақытта 500-ге тарта ірілі-ұсақты еңбек жазуы мүмкін болар ма еді? Нұрлы ақылы болмаса тіл білімі ғылымының әр саласы бойынша ондаған жаңа бағыттар аша алар ма еді? Жылы жүрек болмаса жүздеген шәкірттер тәрбиелер ме еді? Қарайсың, таңданасың, қайран қаласың! Ғажайып еңбекқорлық!
Батыр деп қалдық қой. Айтқан тағы бір күлкілі жағдайы еске түседі. Мектептегі кезінде парталас досы Қали екеуі Көктөбеден Есіктіге жаяу барып-келіп оқыпты. Жолда Трофим деген атамандары бар бір топ бала үнемі тиісе береді екен. Бірде досы екеуі сайдан екі жылан ұстап алып, тістерін қағып тастап, қалталарына салып алады. Көпірге келе бергенде екі жағынан екі-екіден төрт бала ұмтыла беріпті. Сонда бұлар қалталарынан жыландарын шығарып алып өздеріне қарсы шыққан. Ирелеңдеген жыланмен сабағанда әлгі балалар «Ендігәрі сендерге тиіспейміз!» деп зар қағып «мамалап» жылапты. Бұл да Әбдуәлидің жүректілігін, батылдығын көрсетеді. Балалық шақтың бір естелігі ғой.
Әбдуәли жас кезінен өте талапты бала болды. Музыка мен суретшілікке құмар болып өсті. Ауыл ортасындағы телеграф бағанының басындағы шелектей репродуктордан төгілген музыканы тоқтай қалып тыңдайтын. Әсіресе скрипканың сызылған сиқырлы әуені жанын тербеп, қиялын небір қияларға самғатып кетуші еді. Кейін скрипка мен мандолинада ойнауды үйреніп алды. Мектептің, кейін өзі оқыған филология факультетінің қабырға газетін жалғыз өзі шығаратын. Бірақ соғыста сол қолынан алған жарақат кейін оның музыкаға деген ықыласына тосқауыл қойды.
Әбдуәли Қайдардың майдандағы, ғылымдағы, саясаттағы баса айтатын үш ерлігі бар. Соларға жеке тоқталғаным жөн болар. Алдымен майдандағы ерлігі жөнінде сөз өрбітейін. Өйткені оның өмір жолы соғыстан басталған.
Майдандағы ерлігі
Тоғызыншы сыныпты бітірген бойда бір топ қазақ, орыс баласы (12 бала) аудандық әскери комиссариатқа барып сұранып майданға аттанбақ болады. Бұл өтініш аудандық «Үлгілі колхоз» газетіне жаряланып та кетеді. Он алтыдан жаңа асқан бозбалаға «әлі жассың» деп өтініші кері қайтарылады. Әбдуәли аудандық «ОСОАВИАХИМ» ұйымы (жалпыкеңестік әскери-патриоттық еріктілер бірлестігі) арқылы әскери өнер жаттығуларына қатысып, өзін жауынгерлік өмірге бейімдейді.
Ақыры комиссариатқа қайта-қайта барғыштап жүріп, 1942 жылы 3 мамырда 17-ге толмастан соғысқа алынады. Бұл кезде әкесі Қайдар да әскерге шақырылып, Алматыда жасақталған 100-ші ұлттық атқыштар дивизиясының құрамында майданға аттанайын деп тұрған. Анасы Жанбала күйеуімен қоштасу үшін Алматыға кеткен-ді. Сөйтіп, Әбдуәлиді ешкім шығарып салған жоқ. Дорба арқалаған 12 бала Есіктіден шығып, күні бойы жаяу жүріп, түнге қарай қазіргі Тұздыбастау ауылының тұсында арық ішінде қонып шығып, ертесіне Алматыға тұяқ іліктірген. Бірақ әкесін де, шешесін де кезіктіре алмады. Әбдуәлидің он жетіге толар-толмастан өзі сұранып майданға аттануын қалайша ерлік деп бағаламайсың? Бұл да болса қазақ ұланының отаншылдығы, патриотизмі екендігі айдан анық.
Әбдуәли соғыс жылдарында 150 мың шақырымдай жол жүріпті. Жараланып, үш рет госпитальға түскен. Күрделі ондаған соғыс операциясына қатысты. Нағыз майдангерге айналды. Қатардағы әскерден кәдімгі офицерге айналды.
1944 жылдың қаңтар, ақпан айлары. І Балтық елдері майданы құрамындағы бұлардың дивизиясы Невель қаласын азат ету үшін жанталасып жатқан. Ол қала жаудан босатылса, Ленинград қоршауын бұзып өтуге мүмкіндік туады. Жасы жиырмаға енді жеткен Әбдуәли үш жыл майдан шебінде жүріп тіс қаққан жауынгерге айналған, қармағында 12 адамы бар автоматшылар бөлімінің командирі, аға сержант. Орман ішіне мықтап бекініп алған фашистерді қуып шығу қиынға түсіп жатты.
Бірнеше күннен кейін құрамында Әбдуәлидің автоматшылар бөлімшесі бар рота орман шегінен бір жарым шақырымдай жердегі шағындау төбені басып алды. Немістер қайтарғысы келіп әлсін-әлсін шабуылдайды. Орман шетіндегі «Тигр», «Фердинанд» сияқты ауыр танкілері төбені нысанаға алып тоқтаусыз атқылап жатты. Бірақ кейбір снарядтары жарылмайды. Атқылау тоқтағаны сол еді, орман ішінен өріп, улап-шулаған немістер шықты. Өлген-тірілгеніне қарамай өңмендейді. Бораған оқтан жусап қалса да, райынан қайтар түрлері жоқ. Автоматшылар жақындатып алып, әлгілердің сазайын берді. Тірі қалғандары амалсыз кері шегінді. Осындай шабуыл түнімен 5-6 рет қайталанды.
Әбдуәли майдан тәжірибесінен бұл жердегі ұрыстар позициялық сипат алатынын іштей сезді. Автоматшылар немістердің қорғаныс үшін алдын ала қазып дайындап қойған траншеяларына иелік етіп жүр. Дереу бұқпантайлап траншеяның бойымен жүріп өтті. Байланыс жолдарының реттелуін, дұшпанға қарсы қолданылатын автомат, танкке қарсы мылтық, пулемет, граната сияқты қарулардың дайын болуын қадағалады. Оқ-дәрі тез таусылып барады. Бөлімшедегі үш пулеметтің бірі істен шықты. Қалған екеуіне оқ-дәрі жетіспей жатыр. Бұлар қиналып жатқанда орман шетінен немістердің тағы бір легі шықты. Олар да алдыңғылардың кебін құшты. Бір фашист ұрыс даласына пулеметін қалдырып, кері қашты.
Оқ-дәрі тапшылығынан қиналып тұрған рота командирі жауынгерлеріне қарап: «Бейтарап алаңда қалған неміс пулеметін кім әкеледі?» – деп сұрады. Дауысында бұйрық емес, өтініш тұрғандай. Жақын тұрғандықтан болар Әбдуәли «Мен» деп жетіп барды. Оның қарамағындағы Петр Кононенко деген автоматшы жігіт те қасына келді. Тапсырма алған екеуі төбені ық жағынан айналып, қарсыда 300 метрдей жерде көрініп тұрған пулеметке жербауырлай жорғалай жетті. Қылт еткенді қиып түсіп тұрған жау оғынан қалай аман шыққандары белгісіз. Екеуі пулеметті екі қорап толы оғымен кейін сүйретіп траншеяға жетті. Таңға жуық немістер тағы бір кезекті шабуылына шықты. Түнімен ұйықтамай шаршаса да, сақадай-сай тұрған автоматшылар оған да тойтарыс берді. Әсіресе Әбдуәли мен Петр сүйреп жеткізген жау пулеметі кәдеге қатты жарады. Өз иелерін жайратып жатқан неміс пулеметінің үні бұларға қосымша күш бергендей болды.
Жау тағы шегінді. Таңертең ыстық тамақ ішіп, әлденіп жатқан бұларға бір топ әскери келді. Сөйтсе дивизия командирі екен. Сарбаздар тік тұрып, әскери әдеппен қолдарын шекесіне қойып жатыр. Жандарына келгенде рота командирі мына екеуі деп Әбдуали мен Петрді нұсқады. Комдив:
– Неміс пулеметін әкелген сендер ме? – деп сұрады.
–Иә, біз, жолдас генерал!
Дивизия командирі адьютантына екеуінің аты-жөндерін жаздыртып, тура сол жерде екеуінің кеудесіне ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденін қадады.
- Соғыстың сын сағатында бейтарап алаңнан жаудың станокты пулеметін әкеліп, таңғы шабуылға тойтарыс беруге үлес қосқан ерліктерің үшін сендерді дивизия штабы марапаттайды. Рахмет сендерге! Сендер болмағанда пулеметтің жоқтығынан қорғаныс шебі бұзылып кетер еді. Нағыз ерлік істедіңдер! Құттықтаймын! – деді комдив ризашылықпен.
Қарулас жолдастары келіп, бәрі шетінен құттықтап жатты. Бұл Әбдуәлидің майданда алған алғашқы ордені болатын. Бұдан кейін ол «Одер» операциясына қатысты, шабуылдап келе жатқан армияны көпір арқылы өзендерден жедел өткізуге атсалысты. Жау шебіне кіргенде алдыңғылардың қатарында жүрді. Өзіне жүктелген міндеттерді бұлжытпай орындайтын. Еңбекшіқазақ ауданындағы кішкентай Көктөбе ауылынан шыққан аға сержант Әбдуәли Қайдар 1946 жылы қыркүйек айында Германияның Штеттин қаласынан демоблизацияланып, елге қайтқанда лейтенант әскери шенімен, кеудесінде ІІІ дәрежелі «Даңқпен» қоса, қос «Қызыл жұлдыз», қос «Отан соғысы» ордендері, бірнеше жауынгерлік медаль жарқырап келген. Кейін бұған бейбіт өмірде алған төрт ордені мен 15 медалі тағы қосылды.
Ғылымдағы ерлігі
Енді Әбдуәли Қайдардың екінші, дәлірек айтқанда, ғылымдағы ерлігін сөз етейін. Ол ерліктің өзі тағы бір ерліктен басталады. Соғыстан келген офицер жоғары оқу орнына түсейін десе, қолында мектеп бітірген аттестаты жоқ. Содан мектепке барып оныншы сыныпқа тіркеледі. Мықты дайындық жасап, оныншы сыныпты «экстренно» тапсыруға рұқсат алады. Емтихандарды ойдағыдай тапсырып, қолына аттестаты тиген соң Алматыға тартып, КазГУ-дың филология факультетіне түсіп кетеді. Бұл 1947 жыл еді. Қасында абитуриент кезден таныс Балтабай Адамбаев (кейін көрнекті фольклортанушы ғалым болды) деген ересек жігіт бар. Білімге деген құштарлық жетектеп, екеуі жатпай-тұрмай дайындалып, емтихандардың бәрін ойдағыдай тапсырып, үздік оқыған студенттерді курс аттатып оқытатын тәртіппен 1948 жылы қыркүйекте үшінші курс студенті атанады. Үстінде киетін басқа киімі жоқ, студенттік бес жылды әскери формамен өткізген Әбекең тұрмыс қиыншылықтарын тарта жүріп, 1951 жылы университетті үздік бітірді.
«Құланның қасуына – мылтықтың басуы» тура келіп, сол тұста ұйғыр тілі бойынша аспирантураға конкус жариялана қалғаны. Жас кезінде ұйғыр мектебінде оқығаны, Шоқан еңбектерімен танысуы, диплом жұмысын ұйғыр тілінде жазып қорғағаны бар Әбекең тәуекел деп құжаттарын тапсырып көрмек болады. Құдай сәтін салып аспирантураға өтіп кетеді. Аспиранттармен кездесу кезінде Ғылым академиясының президенті Қаныш Сәтбаев Әбдуәлидің бүкіл өміріне түбегейлі өзгеріс енгізді. Оған ғылыми жетекшілікке Ленинградта тұратын көрнекті түрколог, академик Сергей Маловты ұсынады. С.Малов қазақстандық аспирантты жылы қабылдап, оны ұйғыр тілінің білгір маманы, Фрунзе (қазір Бішкек) қаласында тұратын профессор Константин Кузьмич Юдахинге жұмсайды. Хат жазып береді. Әдуәлидің содан Ленинградтан Фрунзеге ұшуына тура келді. Юдахин одаққа белгілі түркологтардың бірі болатын. Ғалым Әбдуәли Қайдарды қамқорлығына алады. Шәкірт пен ұстаз арасындағы байланыс кейін шынайы достыққа ұласты.
Осындай ынтымақтастың нәтижесінде Әбдуәли Қайдар 1955 жылы «Қазіргі ұйғыр тіліндегі қос сөздер» тақырыбында кандидаттық, 1970 жылы «Ұйғыр диалектілері және әдеби тілдің диалектілік негізі» атты тақырыпта докторлық диссертация қорғады. 1971 жылы оған Ш.Уәлиханов атындағы І дәрежелі сыйлық берілді. Әбекең 1972 жылы Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, 1978 жылы Тіл білімі институтының директоры, ал 1983 жылы Ғылым академиясына академик болып сайланды. Әбекең ширек ғасыр ұйғыр тілінің мәселелерімен айналысып, белгілі бір межеге жеткізген соң кейінгі уақытта туған тілді зерттеуді басты нысана етті. Ондай бетбұрысқа академик, тарихшы ғалым Ақай Нүсіпбековтің «Ұйғыр халқына еңбегің сіңді, енді өз халқыңа еңбек етпейсің бе?» деген бірауыз сөзі түрткі болды. Осылайша, аспиранттан академикке дейін өскен ғалымның бүкіл саналы ғұмырының жетпіс жылға жуық уақыты А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтында өтті. Оның түркітану әлеміне, қазақ және ұйғыр тіл біліміне қосқан үлесін оның жазған ғылыми еңбектерінен, мектеп және жоғары оқу орындарына арналған оқулықтарынан көру қиын емес.
Ғалымның жалпы түркітану ғылымына, соның ішінде, әсіресе, қазақ тіл білімі мен ұйғыртану саласына қосқан нақтылы үлесі мен сіңірген еңбегі оның жариялаған 500-ге жуық ірілі-кішілі (жалпы көлемі 1000 баспа табақтан астам) зерттеуінен көрінеді. Оларда көтерілген сан алуан (50-ден астам) лингвистикалық проблеманың теориялық өзектілігі мен практикалық қажеттілігі аса өткір болатын. Зерттеушілер ғалымның 50-ден астам мәселе көтергенін айтады. Оның ішінде, лексикология, сөзтану, этимология, ономастика, антропонимика, этномика, топонимика, терминология, семасиология, лексикография, фразеология, парамиология, диалектология сияқты салалар қамтылған. Тіл құрылысына қатысты еңбектері де баршылық. Әбдуәли Қайдар бұларға қоса Қазақ этнолингвистика мектебін қалыптастырған ғалым. Сол салалар бойынша 60 монография, жинақ, сөздік, мектеп пен жоғары оқу орындарына арналған оқулық, көмекші құрал жазыпты. Мұның бәрі орасан еңбек!
Әбдуәли Қайдар лексикография саласында «Уйгурско-русский словарь» (1961), «Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі» (авторлардың бірі) (1966), «Қазақша-орысша бір буынды түбірлер сөздігі» (1986), «Тысяча метких и образных выражений: казахско-русский фразеологический словарь с этнолингвистическими пояснениями» (2003), «Халық даналығы (қазақ мақал-мәтелдерінің түсіндірме сөздігі және зерттеу)» (2004) және «Қазақтар ана тілі әлемінде: «Адам», «Қоғам», «Табиғат» атты үш томдық этнолингвистикалық сөздік жазды. «Қазақ қандай халық?» (2008) атты көлемді еңбегі жарық көрді. Бұл қазақ этносы туралы зиялы қауымның сауалына және көпшіліктің ой-пайымдарына жауап ретінде ұлттың менталдық ерекшелігін көрсететін шығарма болатын.
Әбекең – түркітану (түркология) мен алтайтану (алтаистика) саласына, түркі тілдері мен алтай тобына жататын моңғол, тұңғыс-манчжур, жапон, корей тілдерінің туыстығын тарихи-салыстырмалы тәсілдер арқылы зерттейтін салаға да қомақты үлес қосқан ғалым. Түркітану – өлі-тірі түркі тілдерінің өзара алыс-жақындығын, дамуындағы ұқсас заңдылықтары мен өзіндік ерекшеліктерін айқындайды емес пе? Міне, осы мысалдар Әбекеңнің бір саламен ғана шектеліп қалмай тіл білімінің іс жүзінде барлық саласын қамтыған екінші ерлігін, ғылымдағы ерлігін дәлелдейді. Тіл білімі ғылымында тау тұлғалық деңгейге жеткендігін көрсетеді.
Саясаттағы ерлігі
Әбдуәли Туғанбайұлының Тіл білімі институтына директор болып істеген жылдары өте көп әлеуметтік, саяси оқиғалар орын алып жатты. 1986 жылғы қазақ жастарының Мәскеудің шовинистік шешімдеріне қарсы көтерілісі жұрттың санасын сілкіді. Коммунистік биліктің де іргетасын шайқалтты. Қазақстанда Колбиннің басқаруы кезінде қуғын-сүргін орын алған. Ескі мен жаңаның текетірескен тұсында, дәлірек айтқанда 1989 жылы менің байқауымда қазақ халқы үшін қуанышты үш оқиға болды. Алғашқысы, көп айтыс-тартыстан кейін «Тіл туралы» Заң қабылданды. Екінші қуаныш, Алаш арыстары ақталды, кітаптары қолымызға тиді. Үшінші қуаныш, «Қазақ тілі» қоғамы құрылды. Осы үш оқиғаның да қақ ортасында Әбдуали Қайдар жүрді.
Қарасаң саясатқа онша қатысы жоқ сияқты көрінетін тіл саласы кенет өзінің ұлт үшін маңыздылығымен көлеңкеден жарқ етіп шыға келді. Қазақ тілі, қазақ тілді балабақшалар, қазақ мектептері Мәскеу үшін, коммунистік билік үшін үлкен проблема болғаны айдан анық. Елемей қояйын десе кешегі Желтоқсан көтерілісі көзқарастың бәрін өзгертіп жіберген. Колбиндік билік амалсыз халықпен санасу үшін «Тіл туралы» Заң жобасын қолға алды.
1989 жылдың ерте көктемі. Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Г.Колбиннің кабинетінде жиналыс өтіп жатыр. Колбин үшін кеңірдекке кептелген сүйек тәрізді тіл мәселесін шешу керек. Мәскеу өкіліне ыңғайлысы – жалғыз орыс тілінің басымдылығы. Бірақ қазақ деген халық бар. Тіл туралы комиссия құрамында 26 адам болатын. Бәрі түгел осында. Мәселе күрделі. Колбин көкейіндегісін сұрақпен бастады:
– Сонымен, қалай етеміз? Қай тілді мемлекеттік тіл жасаймыз? Екі тіл бола ма, бір тіл бола ма? – деп өңі сұрланып, комиссия мүшелеріне қарады. Академик Ісмет Кеңесбаев:
– Қазақстанда қазақ тілімен қатар орыс тілі де мемлекеттік тіл болу керек пе деп ойлаймын, – деді. Солқылдақ сөзінен өзі де ыңғайсызданған қалып танытты. Колбин Тіл білімі институтының директорына бұрылды. «Сіз қалай ойлайсыз, Қайдаров (ол кезде Әбекеңнің фамилиясы осылай болатын) жолдас?» Академик өз халқы үшін тағдыршешті тұста тайсалмай сабырлы қалпында батыр мінезіне басты:
– Қазақ халқының болашағы дүбәралығында емес, бір тілділігінде, қазақ тілінде. Сондықтан Қазақ ССР-інде мемлекеттік тіл тек қана қазақ тілі болу керек!
Комиссия мүшелері қоштай жөнелді. Бұл Колбиннің төбесіне жай түскендей әсер етті. Ал Әдуәли Туғанбайұлының көкейінде «Құдай өзі берген жанын өзі алады, өз елімде, өз жерімде отырып неден қорқуым керек? Азар болса қызметімнен алар» деген ой туған еді. Колбиннің дымы өшті. Бұл тек Әбдуәлидің ғана емес бүкіл қазақ халқының жеңісі болатын.
Кешке үйіне келген соң Әбекең сырт киімін шешіп жатып бәйбішесіне: «Әй, мен бүгін бірдеңкені «бүлдірдім». Ертең мені қызметімнен алатын шығар», – деді. Шекер Исақызы бәрін тәптіштеп сұрап алып: «Алса ала берсін! Бізге өзің аман болсаң, болғаны», – деп басу айтты. Бірақ ертесіне де, одан кейін де оны ешкім қызметінен қуған жоқ. Бұл биліктің қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде мойындауының белгісі еді. Әбекең осы оқиғалардан кейін қазақ тілінің мемлекеттік тіл екендігі туралы қағидаларды заң нормаларына енгізуге атсалысты. Сөйтіп бұл қағидалар Егемендік декларациясы мен Тәуелсіздік жария етілген конституциялық заңға, кейінгі қабылданған Ата заңымызға қазықты қағида болып енді. Менің Әбекеңнің саяси ерлігі деп отырғаным тап осы.
Сол жылы Әбекеңнің мұрындық болуымен қазақ тілінің көкжиегін кеңейту, мәртебесін қорғау үшін қызмет ететін «Қазақ тілі» қоғамы құрылды. Әбдуәли Қайдаров қоғамның президенті болып сайланды. Кейін бұл қоғам халықаралық мәртебеге ие болды. Әбекең ұйым алдына нақты нысаналар қойды. Ол қоғамның жарғысы мен бастапқы бағдарламасынан көрініп тұратын. Онда «Қоғамның басты мақсаты – қоғамдық сана мен ұлттық сананы ояту, Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңы мен мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға, мемлекеттік тіл ретінде республикада қазақ тілінің толыққанды қызмет етуіне қажетті жағдайлар жасалуына ықпал ету» деп көрсетілген. Бұл мақсаттар кезінде кәдімгідей жүзеге асты да.
Әбекеңнің мемлекеттік тіл пробемасына, тіл заңнамасына, тіл экологиясына байланысты ұстанымдары Өзбекәлі Жәнібеков, Мырзатай Жолдасбеков, өзінің үзеңгілес серігі Өмірзақ Айтбайұлы тарапынан жоғары бағаланды. Халқы да Әбекеңді ардақ тұтты, қадірледі, төбесіне көтерді. Ғалым 1951 жылдан дүниеден өткен 2019 жылға дейін 68 жыл бойы халқына адал қызмет етті. Бүкіл тілші-ғалымдар Әбдуәли Қайдарды көзі тірісінде-ақ ана тіліміздің абызы санады. Ол бұл атаққа әбден лайықты еді. Ғалымдық ғұмырында академиктің ғылыми жетекшілігімен 17 адам докторлық диссертациясын, 75 адам ғылым кандидаты атағын қорғады. Артында өлшеусіз мол мұра қалдырды. Осындай азаматқа өзі туған Алматы облысында, Еңбекшіқазақ ауданында көшелер мен мектептерге аты берілсе жарасар еді. Қан майданда да, бейбіт өмірде де, ғылымның қия жолында да қаһармандық әрекеттерімен көзге түскен айтулы тұлға мұндай құрметке әбден лайық!
Марат Тоқашбаев,
Қазақстанның Құрметті жазушысы,
Қазақстан педагогикалық ғылым академиясының
академигі, профессор