Жамбыл ауданында көлемі жағынан Ұзынағаштан кейінгі ірі елдімекен Қарғалы ауылы. Мұндағы халық саны 35 мың адам шамасында. Осындағы аурухананың ғасырдан астам тарихы бар.
Сонау 1922 жылы Қарғалы ауылында алғаш шағын ғана фельдшерлік қосын болып ашылған денсаулық сақтау орны уақыт өте кеңейіп, ауруханаға айналған. Соған сай тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызметтің де түрі көбейіп отырған. Халық санының артуымен бірге өткен ғасырдың жетпісінші жылдары бірнеше корпустан тұратын үш қабатты үлкен ғимараты салынып, тек Қарғалы ғана емес, оған қоса жақын маңдағы бірнеше елді мекен тұрғындарына да қызмет көрсеткен. Ауылдық аурухана осы ғасырдың басында аудандық мәртебе ие болып, «Қарғалы ауылындағы аудандық аурухана» болып аталды.
Ұжымды біліктілікпен басқарған Еңбек Ері Әлібек Ысқақовтың жақсы істерін кейінгі толқын жалғап, дәрігерлік антына адал ақ халатты абзал жандар тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсетуде. Әлемге жайылған аты жаман індетпен күрес кезінде бұл емханада жұқпалы аурулардың таралуына жол берілмеді. Сол кездері абыроймен басшылық еткен бас дәрігер, марқұм Сертай Сағиевтің игі бастамаларын бүгінде оның орнына келген Дархан Сыбанбаев лайықты жалғастыруда.
Қарғалы ауылындағы аудандық ауруханада терапия, жансақтау, перзентхана, зертхана бөлімдеріне қоса хирургия, травматология, оңалту бөлімдері ашылып, заман талабына сай қажетті медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Дәрігерлер өз міндеттерін жауапкершілікпен атқаруда.
Терапия бөлімінде кәсіби білікті мамандар еңбек етеді. Бөлімді 2006 жылдан бері басқаратын Нәзира Алланазарова жайлы емделушілер жақсы пікірде. Мәселен Үмбетәлі ауылының тұрғыны Рыскүл Манасова мұндағы медицина қызметкерлерінің жұмысына ризашылығын білдірді. Айтуынша, арбаға таңылған қызы Балауса осында ем алуда, қажетті тексерулерден өткізіп, қажетті ем-дом жасап, оған жақсы қызмет көрсетуде.
Бүгінгі күні жүкті әйелдердің денсаулығын қадағалау, нәрестенің дүниеге аман келуіне деген қамқорлық пен жауапкершілік жүгі үлкен. Терапия бөліміне көбінесе жас аналардың қан аздығы, бүйрек жеткіліксіздігі, қан қысымының жоғары болуы сияқты басқа да аурулардан сақтануға көп түседі. Мұнда оларға барлық жағдай жасалған. Бөлімдегі кардиолог Әйгерім Доғдырбекқызы, аға медбике Гүлмира Дайрабаева, мейіргерлер – Халияш Истлеуова, Гүлжайна Қосалықова, Гүлбану Келісова, Наргиза Шакирбаева, Ирада Алиева күн-түн демей емделушілерге мінсіз қызмет көрсетіп, ерекше ықыласына бөленіп жүр. 35 төсектік орын бар бөлімде жылына мыңнан астам адам ем алады.
Осы бөлім мамандарының әлемге тараған Тәжтажал кеселімен күрескен кездеріндегі еңбектері мақтауға тұрарлық. Бірлігі бекем ұжым таңға көз ілмей, ауа жетпей қысылып, өлім мен өмірдің арасында арпалысқан аурулардың жанында болғанын бүгінде біреу білсе, біреу білмес. Осы орайда аудан тұрғыны, запастағы офицер Саламат Сүгірұлы былай дейді:
– Ковид кезінде бөлім қызметкерлері жанкешті жұмыс істегенін ұмытпауымыз керек. Өкпемнің 90 пайыз зақымдануымен түскен едім, хәл үстінде жатқанымнан осындағы мамандардың біліктілігінің арқасында айықтым. Дәрігерлер мен медбикелерге қоса тазалықшы Алтынай Сабурова, Мария Сейітмұратова, Айгүл Бекмұратова, Нұржамал, Зәуренің де еңбектері алғысқа лайық. Алғыс – адамның жүрегінен шығатын ерекше ыстық сезім. Бір ауыз сөз көңіліңді көркейтеді, мейіріңді шалқытады. Тіпті, әрдайым алғыс алған жанның өмірі ұзаратын болар. Қысқа ғұмырда алғыс арқалап, ар алдында таза болғанға не жетсін! Қарғалының қолы жеңіл, сөзі шуақты жандарына денсаулық тілеймін!-дейді.
Қарғалы ауруханасының директоры Дархан Сыбанбаевтың айтуынша, елімізде коронавирус өршіген сол кездері бұл ауруханада арнайы 70 төсектік орын жасақталып, мұндағы қызметкерлер көптеген жанға сапалы дәрігерлік көмек көрсеткен. Қазір мұндағы перзентханада жылына мыңға жуық сәби өмірге келеді. Мемлекет тарапынан денсаулық сақтау саласына көп көңіл бөлініп, қажетті дәрі-дәрмекпен, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуде.
Серік Сатыбалдиев,
Жамбыл ауданы