Ғасырлар бойы атадан балаға жалғасқан мәдени мұраның бірі – темірден түйін түйген ұсталық өнер. Ерте дәуірден бергі ат жалында өскен ержүрек халқымыздың сауыт-сайман, киімкешек, тұрмыстық бұйымдарына дейін, бір сөзбен айтқанда, өміріне өзек, тіршілігіне тірек болған ұсталық өнердің шексіз құдіретін осы күнге жеткізуде жарты ғасырға жуық жігерін жанып, маңдай терін тамшылатып, көз майын тауысқан ағайынды Құлменовтерді білмейтін жан кемде кем шығар.
Бір құрсақтан шыққан ағайынды ұсталар Тұрсынжан, Махмұт, Айтберген Жетенұлдарының осы уақыт аралығында халқымыздың асыл мұрасын жаңғыртып, халықпен қайта қауыштыру жолында жасаған еңбектері өлшеусіз. Өркениет өріс алған жаңа ғасырға жарқырата жеткізген ағайындылардың темірден жасаған төл туындылары еліміздің ғана емес, шетелдің музейлерінен ойып орын алып, қазақтың қанына сіңген ғажайып шеберлігін паш етуде. Өкінішке қарай, темірші-ұсталардың кішісі Құлментегі Айтберген аға өмірден озды. Артына өлмес мұра қалдырған ұстаның ерен еңбегін бауырлары мен балалары жалғастыруда.
– Сонау сақтардан, үйсіндерден бастау алатын ежелгі ұсталардың бұйымдары археологиялық қазбалардан табылып, музейлерде сақтаулы тұр. Ұсталықпен бұрын шамандар айналысқан. Ұстаның қолынан шыққан бұйымдарды, әсіресе, ат әбзелдері мен сауыт-сайман, қару-жарақ, музыкалық аспаптарын, тұрмыстық заттарын бай-манаптар сатып алып отырған. Көненің көзіндей болған бұл заттардан халқымыздың мәдениеті, шеберлігі, еңбекқорлығы айқын аңғарылады. Негізінен, патша заманында кең таралған ғой, кеңестік кезеңде темірден түйін түйетіндер трактор, машина жасау цехына жұмысқа тартылды. Алтындап, күмістеп бұйым соғатындар сиреді. Одан кейінгі балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен 30 жылда сауда-саттық үшін құйылған сувенирлер саңырауқұлақтай қаптап, шеберлердің біразы тіршіліктің қамымен кетті. Ал ағайынды үшеуміздің алдымызда темір балқытып құю, суару, қалыптау, әрлеу, өрнектеу ғана емес, әр заттың тарихына үңіліп, соны зерттеумен айналысатын ғылыми еңбек тұрды. Біз сол ойымыздан айнымадық, – дейді ҚР Мәдениет қайраткері Махмұт Жетенұлы.
Қазақтың рухын аспандатып, мәдениеті мен тарихын қайта тірілткен ұсталардың осы жылдар ішіндегі ізденісі мен мол мұралары жинақталып, «Өнер» баспасынан «Темірші» атты фотоальбом жарыққа шыққан болатын. Темірші-ұсталардың қолынан шыққан қару-жарақ, сауыт-сайман, тұрмыстық бұйымдар және музыкалық аспапт арды қамтыған үш бөлімнен тұратын бұл еңбекке өнер адамдарына қажет танымдық дүниелер енген. Ежелгі жәдігерлерді жаңғыртып, ел игілігіне айналдырған ағайынды ұсталардың бұл альбомы өнерсүйер қауымға таптырмас құрал екенін ерекше атағымыз келеді.
– Бізге еліміздің әр түкпіріндегі музейлерде сақталған жәдігерлерді қайта әрлеу, қалпына келтіруге тапсырыстар бұрындары жиі түсетін. Батыр бабаларымыздың қару-жарақтары, мылтықтарының ұңғысын жасау, музыкалық аспаптар мен тұрмыстық ұлттық бұйымдарды айнытпай қайта қалпына келтіру жұмыстарымен айналыстық. Сондай-ақ, қолданыстан қалған адалбақан, кесеқап, кебеже, шара, астау сияқты философиялық астары бар ұлттық қолөнер бұйымдарын оралттық. Мұның барлығының басын біріктіретін ұсталықтың ең биік шыңын – «дархан ұста» деп атайды. Біз сол дәрежеге жеттік, – деген Махмұт аға ұсталық қасиетті өнер екенін, оның қадірін білетін ақ самайлы аналар ұста-дүкеніне кірген бойда төстікке сәлем салатынын тілге тиек етті.
– Ұстаның негізгі құралдары – көрік, от, төс, балға, қышқаш. Тәңіршілдікке байланысты күнге табынғанбыз ғой. Отты – күннің бір бөлігі деп есептейді. Жердегі от күннің нұрынан алынған. Сол себепті оттың күлін аяқ баспайтын жерге төккен. Ошақтың төңірегінде жаман сөз айтпаған. Отты жақсы жағу үшін көрік пайдаланады. Ұстаханаға жиылған жұрттың рухын көтеретін шаралар ұйымдастырылады. Ата-бабадан қалған дәстүрге сай көнекөз ұстадан бата сұрайды. Біз бұл дәстүрден жаңылған емеспіз. Ісімізді бастамас бұрын «Менің қолым емес, Тәңірімнің қолы» деп көкке алақан жайып, төстікке бармақ тигізіп барып, шаруаға кірісеміз, – дейді дархан ұста.
Иә, ырымшыл халықпыз ғой. Ата салттан аттамай, Тәңірге сыйынып іс бастайтын ағайынды ұсталардың ұлттың этнографиясына сіңірген еңбектері сүбелі. Олар халқымыздың сан ғасырлық қаншама құндылықтарын қалпына келтірді. Жер-жерден қаншама жәдігерлер жинады. Сөйтіп, қазақ халқының бай мұрасы – ұсталықтың үлкен мектебін қалыптастырды. Әр бұйымның тарихын зерттеп, зерделеп, оның ғылыми негізін жасады. Бұл жұмыстары жүйелі түрде жалғасын табуда.
Ағ айынды үш ұста бүтін бір халықтың мол мұрасын байытты десек , артық болмайды. Олардың ұстаханасынан батырлардың сауыт-сайман, тұрмыстық бұйымдар және көне музыкалық аспап ¬тар жасалғанын жоғарыда айттық. Ағайынды ұсталар 1984 жылдан бастап Қазақстан музейлерін қалпына келтіру, фольклорлық «Отырар сазы», «Мұрагер», «Сазген», «Адырна» ансамбльдеріне ұлттық музыка аспаптарын жасаған. Республикалық «Көк бөрі» қолөнер шеберханасын ұйымдастырған. Сондай-ақ, Исатай, Есет, Райымбек батырлардың музейлеріне, «Батыр Баян» көркем фильміне арнап қару-жарақтар мен ұлттық өнер бұйымдарын тапсырған.
Ағайынды Тұрсынжан мен Махмұт Құлментегі бұл күндері заманауи ғылымитарихи-этнографиялық жаңа жобаларды жүзеге асырумен айналысуда.
– Ұсталық өнер – қазақтың өте ертеде кім болғанын, немен айналысқанын айқындайды. Мысалы, мықты ұста болғанын күмістеп, алтындап жасалған қару-жарақ құралдары, айбалта, қылыш және тұрмыстық заттардан білуге болады. Текемет, тұскиіздерден көптеп көрініс табады. Сондықтан, оны өскелең ұрпаққа танытып, ұлттық деңгейде тәрбиелесе, олардың ұлтжанды, ұлтшыл азамат болып қалыптасуына негіз болары сөзсіз. Адамдардың туыстығы мен бірлігіне бақ беретін – өнер. Адамзат баласы өнермен ғана өрлеп, біліммен ғана жоғары деңгейге жеткенін уақыт айқындауда.
Сондықтан шама жетсе жастарымыз осыған бет бұрып, өнермен айналысып, соның сырын, құпиясын түсіну дәрежесіне жетсе рухты, отаншыл, мықты азамат боларына күмәніміз жоқ, – деген Махмұт Жетенұлы бүгінгі жарқын істерін жалғастыруда ұлы Бейбарыстың ізденіс үстінде екенін тілге тиек етті.
Ағайынды һәм атақты дархан теміршілер Құлментегі Тұрсынжан, Махмұт, марқұм Айтберген әкесінің мол мұрасын, өнегелі ізін жалғастыруға ниетті Бейбарыс Жетен мектептен соң О.Таңсықпаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжін станокты кескіндеме факультеті бойынша бітіріп, 2018 жылы осы мамандығын Т. Жүргенов атындағы Көркемөнер академиясында жалғастырып, білімін толықтырған. Аталған мамандық бойынша екі жыл ұстаздық еткен ұстаның ұлы қазіргі күні Temirshi.kz сайтын жасап, әкесінің асыл мұрасын дәріптеуде. Бала күннен қолына балға ұстап, темір-терсекке үйірсек болып өскен Бейбарысқа текте бар ұсталық өнердің даруы – табиғи заңдылық.
«Ақынмын деп қалай мен айта аламын,
Халқымның өзі айтқанын қайталадым.
Күпі киген қазақтың қара өлеңін,
Шекпен жауып, өзіне қайтарамын», – деп мұзбалақ ақын Мұқағали жырлағандай, біз де бабадан жеткен ұсталықты жаңғыртып, жаңартып, жаңа заман ұрпақтарына ұсындық, – деп түйіндеді сөз соңын «Түркі дүниесі алдындағы сіңірген еңбегі үшін» сыйлығының иегері, темірші Махмұт Жетенұлы.
Ұлбосын ИСАБЕК