Алматы облысы қайтадан ірге ажыратып, өз алдына облыс болуы әр кездегі саяси шешімдер негізінде бірнеше мәрте қайталанғаны белгілі. Кезекті рет шаңырағын тіктеген облыстың құқық қорғау саласы да өз еншісін бөліп алды. Осы орайда Алматы облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Бауыржан Әленов мырзаға жолығып, кәсіби мерекелерімен құттықтап, сала жұмысының тыныс-тіршілігі жайында сұхбаттасқан едік.
– Бауыржан Төлегенұлы, осы аймақтың полиция басшылығына келгеніңізге де көп уақыт өте қойған жоқ. Әрі екі облыс оқшау отау тігіп, әкімшілік-аумақтық бөлініс жасалды. Қызметке келгенде ең бірінші қандай қиындықтарға кезіктіңіз?
– Облыстық полиция департаменті бастығының лауазымына мен 2022 жылдың жаз мезгілінде тағайындалдым. Өздеріңізге мәлім, ол кезде Алматы облысы екі аймаққа бөлініп, департамент және басқа да құрылымдар жұмысын жаңа парақтан бастады. Облыс жаңадан құрылмаса да, әкімшілік аймақ жаңарды. Алғашында қалалық басқарманың ғимаратына орналасқан едік. Бір кабинетте бес-алты адамнан отырдық. Тіпті әр түрлі бағытта қызмет атқаратын басқармалар бірігіп, бір компьютер столына екі, үш қызметкерден жайғасқан күндер де болды. Әрине, ол кезең ешкімге оңай соқпады, алайда «жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, барлығымыз аянбай еңбек етіп, жүйені бір қалыпқа келтіруге тырыстық. Соның арқасында қазір орналасып отырған ғимаратқа қол жеткіздік. Бұл жерде министрліктің тарапынан көрсетілген көмек пен облыс әкімшілігінің қолдауы да өте зор болды. Бүгінгі таңда біздің техникалық базамыз бен автокөлік шаруашылығы жаңартылып, қызмет барысында қолданылатын арнайы құралдарымыздың деңгейі заманауи талаптарға сәйкестендірілді.
– Полиция департаментінің атқарып жатқан негізгі жұмыстарына тоқталып өтсеңіз? Өзіңіз жетекшілік етіп отырған салаға қандай жаңалық енгіздіңіз?
– Полиция департаментінің басты міндеті – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Қылмысты болдырмау үшін әр түрлі профилактикалық шараларды өткізу де негізгі міндетімізге жатады. Сонымен қатар тіркеліп отырған қылмыстардың 97 пайызын полиция қызметкерлері тергеп, іс материалдары сотқа жөнелтіледі. Осы орайда жұмыс тәртібі де, қызметкерлерге қойылатын талап та қатаң. Демек, департаментте білікті мамандар жұмыс жасап жатыр деп айта аламын. Олардың орындаушылық қабілеті мен кәсіби дәрежесінің жоғары болуы әрдайым қадағаланып отырады.
Әрине, біздің жұмыс шұғыл іс-қимылды талап етеді, өйткені ол адам өмірі мен қоғам қауіпсіздігіне байланысты. Дегенмен де, басшы ретінде ұстанатын берік қағидатым бар: әрбір іс қаралғанда, мейлі ол қылмыстық жағдай немесе әкімшілік құқықбұзушылық болсын, мамандарымыздан жанжақтылық пен мұқияттылықты талап етемін. Сала қызметкерлерімен жиі-жиі ақылдасып отыруды жөн көремін. Профилактикалық шаралар ұйымдастырғанда да кәсіби ньюанстармен қатар жергілікті менталитетті де есепке алуды ескертіп отырамын. Біз халықпен етене жақын жүрген соң, халықтың мұң-мұқтажы, сын-ескертпелері әркез назарда болуы тиіс деп білемін.
Осы қызметке келе салысымен, қол астымдағы құрылымдардан қоғамға ашық түрде қызмет атқаруды талап еттім. Әртүрлі тікелей эфирлерді өткізіп, арыз-шағымдарды қабылдау әдістерін жеңілдеттім. Департамент болып азаматтарды жеке қабылдау тәсілдерін де бірінші күннен бастап-ақ қолға алдық. Әлеуметтік желілер арқылы келіп түсетін сұрақтарға бірден жауап беру үрдісін де бір жүйеге келтіруге тырысудамыз, себебі халық арасында туындап жатқан мәселелерді шұғыл түрде біліп отыру – жүгімізді жеңілдетті, тіпті алдын алу шараларын тиімді ұйымдастыруға да бірден-бір себеп болды.
– Кейбір округке ондаған ауыл қарайды. Сәйкесінше, туындап отырған мәселе – учаскелік полиция қызметкерлерінің тапшылығы сияқты. Бұл турасында не айтар едіңіз? Мәселені қалай шешуге болады деп ойлайсыз?
– Алматы облысы ПД қызметкерлерінің жүктемесіне талдау жүргізіліп, нәтижесінде ПД аппаратының барлық басқармасында және аудандық бөлімшелерінің штат санына қосымша 3000-нан астам бірлік, оның ішінде тек 1000-ға жуығы учаскелік полиция инспекторларына қажеттілік екендігі анықталды. Қосымша штат бірлігін енгізу тәртібіне сәйкес, штат санын ұлғайту бойынша ұсыныстар Алматы облысының әкімдігіне, Ішкі істер министрлігіне, әрі қарай Үкіметке ұсыныс жылына бір рет енгізіледі.
Алайда Мемлекет басшысының мемлекеттік органдардың штат санын ұлғайтуға 2 жылға мораторий белгілеуіне және қатаң үнемдеу режимінің енгізілуіне байланысты ұсыныстар әзірге, уақытша қарастырылмайды. Осылайша, учаскелік полиция инспекторларының санын ұлғайту жөніндегі ұсыныс мораторий аяқталғаннан кейін бекітілген тәртіпке сәйкес енгізіледі. Бұл мәселенің шешімі – уақыт еншісінде.
– Таяуда отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықты криминализациялауға қатысты Заң қабылданды. Осы Заңға қатысты не айтар едіңіз? Облыста отбасылық зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыс саны көп пе? Қандай шаралар қолға алынуда?
– Тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі – құқық қорғау саласын баяғыдан толғандырып келген мәселенің бірі. Өйткені осы проблемамен бірінші болып көзбе-көз жүздесетін де біз болып саналамыз. Бұл бағыттағы кейбір нормативтердің нақтыланбағаны салдарынан кезінде біздің жұмыста да бірқатар кедергілер туындап жататын. Енді Заң қабылданды. Әр тараптың іс-әрекеттері реттелді. Қызметкерлеріміз енгізілген құқықтық нормативтермен жіті танысты. Әлі де бұл бағытта насихат жұмыстары жалғасып жатыр. Жуырда, 2024 жылдың 14 маусымында, Алматы облыстық сотында «Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу бойынша қылмыстық істерді тергеу алгоритмін талдау» шеңберінде үлкен семинар өткізілді. Онда денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру (ҚК-нің 108-1 бабы) және ұрып-соғу (ҚК-нің 109-1 бабы) қылмыстық істерді тергеу алгоритмін талдадық. Семинарға Алматы облыстық сотының төрағасы Т.Ибрашев, қылмыстық істер жөніндегі алқа төрағасы Қ.Жантасов, облыстық соттың судьялары, аудандық және оған теңестірілген соттардың төрағалары мен судьялары және құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты. Ол жерде сотқа дейінгі тергеу амалдары бойынша, сот сараптамасын тағайындау және оның қорытындысымен таныстыру, қылмыстық құқықбұзушылықтардың квалификациясы, жасалынған қылмыс бойынша сараланып, сотқа жолдау туралы мәселелер, жаза тағайындау, өтеу барысы талқыланды. Осы сынды семинарлар мен талқылаулар жоспарға сәйкес әлі де жалғасын таппақ. Бүгінгі күні полиция қызметкерлеріне отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларын ұйымдастыру, көпшілік арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу міндеттері де жүктелген.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі – әлемдік проблема. Ол тек біздің ғана қоғамға тән емес. Дегенмен, құқықбұзушылықпен күресу – полиция қызметкерлерінің басты мақсаттарының бірі.
– Қоғам болған соң, халық пен тәртіп сақшылары арасында түсініспеушіліктер болып жатуы – өмір заңдылығы. Осындай қайшылықты реттеудегі полиция әрекеттеріне тоқтала кетсеңіз. Полицейлер тарапынан артық кетіп, асыра сілтеп, «мундир намысына» кір келтіргендер болды ма?
– Дұрыс айтасыз, өмір болған соң әртүрлі келеңсіз жағдайлар болып тұрады. Мұндай оқиғалар орын алмас үшін біздің кадр саясаты басқармасы әрдайым этика сабақтарын өткізіп отырады. Психологтар полиция қызметкерлерімен дәрістер жүргізіп, психо-эмоционалдық күйді жеңілдететін жаттығулар ұйымдастырады. Егер жағымсыз фактілер тіркелсе, жеке құраммен жұмыс атқаратын инспекция, штаб басқармасы қызметтік тексерістер жүргізеді, әрбір істің бүге-шігесіне дейін анықтап, тиісті шара қолданылады. Ал қызметтік этиканы бұзғандарды заңнамаға сәйкес тәртіптік жазаға тартамыз. Әрі осы шаралардың барысын мен өзімнің қатаң бақылауымда ұстаймын.
– Полиция қызметінің барынша ашықтығы мен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын іске асыруды қамтамасыз ету үшін ішкі істер органдарының қызметіне қатысты барлық мәселелер бойынша түсініктер беретін тікелей эфирдегі сұхбаттар мен баяндамалар тәжірибесін енгізіп отыр екенсіздер…
– Жоғарыда айтылғандай, бүгінгі таңда менің бұйрығыммен өзіміздің ведомстволық әлеуметтік парақшаларымызда апта сайын жауапты қызметкерлер немесе орынбасарларымның қатысуымен тікелей эфирлер өткізіліп отырады. Себебі – өңіріміз үлкен болғандықтан, кейбір азаматтар менің қабылдауыма әр түрлі жағдайларға байланысты келе алмауы да мүмкін. Сол себепті интернет арқылы тікелей эфирлер өткізіліп, халықтың мұң-мұқтажын тыңдауға әрқашан ашықпыз. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатының бір тәсілі осы эфирлер деп ойлаймын. Сонымен қатар өңір-өңірлерге жиі қатынап, кездесулер ұйымдастырып отырамыз. Таяуда ғана облыс орталығында Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан ұйымдастырылған үлкен жиынға қатысып, ел тұтастығын сақтау шаралары жөнінде баяндама жасадым. Жалпы полиция мамандығының оң имиджін қалыптастыру үшін біздің қызметкерлер барынша халыққа жақын болуы керек деп ойлаймын.
– Өкінішке қарай, қоғамда, ел ішінде полиция десе, үрей, қорқыныш, «бәлесінен аулақ» деген тәрізді жағымсыз сипатта қарау бар екені жасырын емес. «Полиция – мейірімді, полиция – қамқор, полиция – көмек қолын созатын ізгі, қайырымды жан» деген жағымды бейне қалыптастыру керек сияқты. Бұл бағытта не айтар едіңіз? Қайырымдылық шараларына атсалысасыздар ма?
– Қоғамдағы полицияның оң имиджін қалыптастыру және ол туралы жағымсыз пікірлерді азайту үшін әртүрлі тәсілдер қабылданып, шаралар ұйымдастырылып отырады. Полиция өз қызметі туралы есептерді жиі жариялайды және қоғамдық тыңдаулар өткізеді. Өйткені отандастарымыз құқық қорғау органдарының қалай жұмыс істейтінін жақсы түсінуі, бұл мамандықтың қоғамға қаншалықты қажет екендігін білуі керек. Сонымен қатар полиция қызметкерлері түрлі қайырымдылық шаралар мен әлеуметтік жобаларға жиі-жиі қатысады. Бұл үрдістің дәстүрге айналғаны қашан?! Мысалы, аз қамтылған немесе толық емес отбасында тәрбиеленіп жатқан балалар біздің қызметкерлердің жіті назарында болады. Сол жеткіншектердің теріс жолға түспеуіне ықпал ету үшін арнайы іс-шараларды жүйелі түрде өткіземіз. Оның ішіне қайырымдылық шаралары да кіреді. «Жасаған жақсылығыңды жариялама» қағидасын ұстанған халықпыз ғой, ол жайлы көп айта бермейміз. Жалпы, полиция имиджін жақсартуға бағытталған түрлі науқандар бар. Мысалы, жоғарыда аталған қайырымдылық шараларды былай қойғанда, әртүрлі спорттық және мәдени іс-шараларға қатысу дәстүрі де жоғары деңгейге қойылған. Онда полицейлер өздерін қоғамның белсенді бөлігі ретінде көрсетеді, физикалық сипаттан шыңдалған, таланттары тасыған азаматтар екендігін дәлелдеп отырады. Бұл шаралар полиция мен қоғам арасындағы сенімді нығайтуға, құқық қорғау органдарының беделін жақсартуға және полицияның оң имиджін қалыптастыруға бағытталған.
– Осы жерде әңгімемізді қатаң тәртіп аясынан алып шығып, жеке көзқарас-ұстанымдарға қарай бұрсақ. Әкелер мен балалар түсініспеушілігі қай заман, қай ұрпақ буыны үшін де өзекті мәселе болған және болып қала береді. Қызмет қауырт, кейде үй бетін көрмейтін кездер болады. Өз бағамдауыңызша, сіз қандай әкесіз? Ұрпағыңызға кім бол деп айтасыз?
– Полиция қызметкері және әке ретінде мен балаларым үшін адалдықтың, мейірімділіктің және жауапкершіліктің үлгісі болуым керек деп санаймын. Менің мамандығым маған балаларымның бойына сіңіруге тырысатын көптеген маңызды қасиеттерді үйретті. Балалар әкесінің жұмыста да, үйде де әрқашан адал және әділ әрекет ететінін көруі керек. Бұл оларға осы қасиеттердің өмірдегі маңыздылығын түсінуге көмектеседі. Қамқор және мұқият болып, балаларға уақыт бөлу, қиын сәттерде қасынан табылып, оларды тыңдау мен қолдау маңызды. Бұл сенім мен қауіпсіздік атмосферасын орнатады. Тәрбие үшін тәртіп маңызды, бірақ ол әділ тәртіп болуы керек. Балалар ата-аналарының іс-әрекеттерін бақылау арқылы үйренеді. Сондықтан мен жауапты болу, басқаларға көмектесу және өзін-өзі жетілдіруге ұмтылу қаншалықты маңызды екенін мысал ретінде көрсетуге тырысамын. Балаларыма, мамандық таңдауға келгенде, өздерінің бейімділіктері мен қызығушылықтарын ұстануға кеңес беремін. Мен олардың қуаныш пен қанағат сыйлайтын мамандықты игергенін қалаймын. Егер олар әке жолын таңдап, полиция қызметкері болғысы келсе, әрине, мен мақтанамын. Ең бастысы, балаларымның адал, мейірімді және жауапты азамат болып қалыптасуы маңызды. Егер олар көп еңбек етіп, өздеріне сенсе, бәріне қол жеткізе алатынын естеріне салып отырамын. Бала – әкенің жалғасы. Жалғасы жақсы болсын деген әрбір әке өз бойын тіктеп, болмысын реттеп отыруы шарт.
– Бос уақыт дегеннің сіз үшін кейде арманға айналар сәттері болатын шығар? Десек те, бос уақытта немен айналысасыз? Нені жақсы көресіз? Хоббиіңіз бар ма?
– Полиция қызметкері үшін «бос уақыт» деген ұғым «өте қымбат уақыт» деген ұғым іспеттес. Сол себептен бос уақытымды қастерлеймін және оны қалай өткізетініме де үлкен мән беремін. Адам үшін жұмыс пен жеке өмірдің тепе-теңдігін табу маңызды. Бос уақытымды мүмкіндігінше отбасыммен өткізуге тырысамын. Табиғатта серуендейміз, спорттық ойындар ойнаймыз, киноға барамыз. Әрине, денсаулық пен дене шынықтыру менің жұмысым үшін өте маңызды, сондықтан үнемі дене жаттығуларын жасаймын. Жүгіру, фитнес, жүзумен айналысамын. Арасында достарыммен футбол ойнаймын.
Мен өзім самбодан спорт шеберімін. Бұл спорт түрінен бірнеше мәрте жүлдегер болдым. Қазірдің өзінде әрдайым спаррингке шығып, шеберлігімді шыңдауға уақыт бөліп отырамын. Сондай-ақ кітап оқығанды ұнатамын, әсіресе психология, тарих және кәсібіме бағытталған туындыларды таңдаймын. Бұл маған демалуға ғана емес, жеке тұлға және кәсіби маман ретінде дамуға көмектеседі. Менің бірнеше хоббиім бар, олар рухани ләззат сыйлайды және жұмыс ауыртпашылығынан арылуға көмектеседі. Мысалы, шахмат ойнауға және тауға шығуға құмармын. Сондай-ақ әртүрлі қоғамдық істер мен қайырымдылық шараларына қатысуды ұнатамын. Осындай істерге жас кезімнен бейіммін. Ішкі дүнием қалап отырады. Мүмкін, бұл ата-ана тәрбиесімен келген құндылықтар шығар?!
– Соңғы оқыған кітабыңыз. Газет-журналдарға жазыласыз ба?
– Әрине, жоғарыда айтып өткендей, кітап оқу – менің басты хоббиларымның бірі. Полиция қызметкері және Қазақстан азаматы ретінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың соңғы екі Ұлттық құрылтайда тілге тиек еткен «Оқитын ұлт» бастамасын толығымен қолдаймын. Бұл – біздің қоғамымыз бен болашағымыз үшін өте маңызды іс. Әрине, бүгінгі жаһандану заманында ақпараттар легі көз ілеспес жылдамдықпен тарап жатыр. Оған ықпал етіп отырған құралдар – әлеуметтік желілер. Дегенмен, интеллектуалды дамуды тоқтатпау үшін, рухани байлығымызды сақтап қалу үшін біз оқу мәдениетін жандандырып, қалыптастыруымыз қажет. Өйткені тек білімді адам ғана салмақты шешімдер қабылдап, ел дамуына үлес қоса алады. Үнемі оқу – сыни ойлауды дамытады. Біз ақпаратты талдауды, әртүрлі көзқарастарды қарастыруды және негізделген қорытынды жасауды тек кітап оқу, білімімізді шыңдау арқылы үйренеміз. Бұл, әсіресе, біздің айналамызда көптеген жалған ақпарат болған кезде өте маңызды. Кітаптар арқылы біз әртүрлі халықтардың, соның ішінде мәдени дәстүрлерімізбен және мұраларымызбен танысамыз. Бұл ұлттық бірегейлікті және басқа мәдениеттерге деген құрметті нығайтуға көмектеседі. Оқу жеке өсуге ықпал етеді. Кітаптар бізді жаңа жетістіктерге шабыттандырады және өмірлік маңызды сұрақтарға жауап табуға көмектеседі. Оқырман ұлттың қалыптасуы – әлеуметтік байланыстарды нығайтуға ықпал етеді.
Кітаппен қатар біз беделді басылымдарға да бетбұрыс жасауымыз қажет. Өйткені ақпаратты жан-жақты сарапталған сенімді көздерден алу – бір бөлек, «азаматтық журналистерміз» деп байбалам салып жүргендердің жетегінде жүру – бір бөлек. Сондықтан газет пен журнал оқу мәдениетін де жандандырғанымыз жақсы болар еді. Бұл біздің қоғамның өркендеуіне жасалған маңызды қадам екендігіне кәміл сенемін. Өз тарапымнан газет-журналдарға жазылу үрдісін қатаң назарда ұстаймын.
– Мазмұнды сұхбатыңыз үшін оқырмандар атынан алғыс айтамыз.
Әңгімелескен –
Бейбіт ТӨЛЕГЕНҰЛЫ