Биыл қаңтар айында Қазақстан Журналистер одағының Алматы облыстық филиалы мүшелерінің қатысуымен өткен жиында филиал төрағасы болып сайландым. Оған дейін екі облысқа қызмет етіп келген ұйымның төрағасы Мейрам Жанәділов Жетісу облыстық филиалын басқаратын болды. Сондықтан Алматы облысындағы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері шығармашылық ұйымының жұмысы енді қалыптасып келе жатыр.
Қазір филиалда екі адам қызмет атқарады. Одақтың жарғысымен, бағыт-бағдарымен танысып, жаңа құрам жасақтауға кірістік. «Кімдерді аламыз, қандай іс-шаралар өткіземіз?» деген секілді сұрақтар төңірегінде жоспар құрылды. Болашақта аудандардағы әріптестер де қатарымызды толықтырады деген ойдамыз.
Ең бірінші, бұл қызметке аудандардағы көзге көп түсе бермейтін, бірақ бір өзі нардың жүгін арқалап жүрген журналистердің еңбегі бағаланса екен деген үлкен арманмен келдім. Сондықтан алдымен аудандардағы әріптестермен танысып, еңбек жолындағы белсенділіктерін саралап жатырмын. Одақ тарапынан бірнеше марапат түрі бар екен, соларды еленбей жүрген журналистер алса деген ниетпен аудандарға хабарласып, ұсынуларын сұрадым. Қысқасын айтқанда, жарты жыл уақыт одақтың ішкі тыныс-тіршілігімен және өңірдегі әріптестердің еңбегімен танысуға жұмсалды. Ардагерлермен де танысып-білісіп жатырмын. Себебі, олар бағыт-бағдар бермесе, біздің дұрыс жолды қалыптастыруымыз екіталай. Әрдайым ардагер-журналистердің ұсыныс-пікірлерін назарда ұстаймын.
Облыс көлемінде журналистердің деңгейі, біліктілігі тұрғысынан айтар болсам, газетте Забира Дайранқызы, Жанар Мықтыбаева, Қуаныш Тұнғатар, Алма Есенбай, телеарнада Жанар Рахипова, Құрманжан Қасымжанұлы, Жандос Назарбаев сынды тәжірибелі мамандар еңбек етеді. Бұл әріптестерім өңір бұқаралық ақпарат құралдарының өзіндік жолын қалыптастырып, осы мақсатта талмай қызмет етіп келеді. Ал кемшілігі тұрғысынан айтсам, қазіргі жастардың сөйлеуі, сөйлем құрауы жағынан қарның ашатын тұстары бар. Бұл мәселені одақ тарапынан көтеріп, алдағы уақытта телеарна мен газеттің ісін бес саусағындай білетін Забира Дайранқызы бастап, жас тілшілер мектебін ашу қарастырылып жатыр. Ол – уақыттың еншісіндегі мәселе.
Соңғы кездері одақ мүшелігіне жастардың көбірек қабылданып жатқаны жайлы сын айтылып қалып жүргені жасырын емес. Мүшелікке өтудің арнайы шарттары болғанымен, еңбек өтілі мен жасы туралы қойылар талап көрсетілмеген. Бұл жерде жалпы «журналист» деп қарау да қате шығар. Себебі, журналистиканың ішінде тележурналистика деген сала бар. Ол сала жастарды қолдауды қажет етеді. Екіншіден, жастардың арасында отқа да, суға да түсіп, халықтың күйін күйттеп, мәселені майшаммен қарап, репортаж, мақала дайындап жүрген әріптестерім көп-ақ. Оларды «Одаққа мүшелікке неге алмасқа?» деген де ой келеді.
Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының «Масс-медиа туралы» Заңына қол қойды. БАҚ өкілдерінің құқығын айқындап беретін заң талқыланған күннен бастап қуанған адамның бірі мен болармын. Бір ғана мысал айтайын, «Жетісу» телеарнасында «Тілсақшы» деген хабар болған. Мен продюсер ретінде тақырыпты, түсірілімді бекітіп, сценарийді қараймын. Тілшілер барып, сюжет дайындайды. Сондайда мәселені ашық көтеретін журналистерге қысым көп болатын. Қоңыраулар да жиі түсетін. «Эфирге жіберме, бастығыңа айтам, өйтем, бүйтем» дегендей… Басында жылап қалатынмын. Кейін үйрендім. Сондай түсірілімдердің бірінде маған белгісіз адам хабаларласып, тілші-операторлардың оны түсіріп кеткенін айтып: «Мені көрсетпеңдер! Мен, Бейсен Құранбектің ағасымын» – деді. «Аға, журналистер тілге қатысты мәселе болмаса, түсірмейді. Демек, тілге деген салғырттық бар-ау? Екіншіден, Бейсен ағаның қандай ағасысыз? Мен ол кісінің ағаларының бәрін танимын. Бірақ мемлекеттік тілімізді, нақтырақ айтсам, ана тілімізді менсінбейтін ағасы барын білмейді екенмін. Аты-жөніңіз кім?», – деп едім, тұтқаны тастай салды. Сол сияқты сотқа бергісі келген, қорқытып-үркіткен адамдар да болды. Сондай кездерде заң тұрғысынан ізденесің. Жеке кәсіпкерлердің, жарнама берушілердің, мекеме қызметкерлерінің құқығын қорғайтын заң бар. БАҚ өкілдерінің құқығын қорғайтын заң әлсіз-тұғын. Ал «Масс-медиа туралы» Заңның шындықты бүкпесіз айтатын журналистер үшін тиімділігі зор.
Одақ тарапынан келешекке жоспар өте көп. БАҚ өкілдерінің біліктілігін арттыру мақсатындағы бірнеше іс-шара өткізу ойда бар. Ол мүмкін байқау түрінде немесе тәжирибе алмасу сипатында болуы мүмкін. Әзірге жоспар құрылып, демеушілер іздестіріліп жатыр. Реті келіп жатса, биылғы жылдың соңы немесе келер жылы Журналистер күніне орайластыратын шығармыз.
Гүлжан Қызайбай,
Қазақстан Журналистер одағы
Алматы облыстық филиалының төрағасы