Бүгінгі таңда көптеген мекемеде баспасөз хатшысы бар. Ол сол мекеменің ақпарат құралдарымен байланысын жүзеге асыратын маман десек болады. Соңғы жылдары үлкен сұранысқа ие болған осынау мамандық иелерінен көпшілікпен етене жұмыс істеу, ақпарат жаза білумен қатар екі тілді, яғни, қазақ, орыс, кейбір жағдайда ағылшын тілін білу талап етіледі. Көбінесе журналистер қауымы атқаратын бұл қызметтің өз ерекшелігі мен артықшылығы бар.
Бүгінгі таңда облыс, аудан, қала әкімдіктерінде де баспасөз хатшылары қызмет атқарады. Олар әкімдік тарапынан ұйымдастырылатын түрлі шараларға бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін шақыру, өңір тынысын сайттар мен әлеуметтік желілерде насихаттау, журналистер қауымы үшін брифинг өткізу, келіп түскен түрлі сұрақтарға жауап дайындау сынды жұмыстарды жүзеге асырады. Осындай қарбаласқа толы қызметтің бір күні қалай өтетіні жайында Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Жанна Арынбековадан сұрап көрген едік.
– Күн сайын таңғы 7:00-де оятқыш шыр еткенде терезеге көз тастаймын. Дала жарық. Жанталасқа толы тағы бір күннің басталатынын бағамдап, телефонға үңілемін. Журналистерден бірнеше шұғыл сауалдар, қабылданбаған қоңыраулар және WhatsApp желісіне ондаған хабарлама түсіп тұрады. Бір күнгі жұмысыма серпін беретін таңертеңгі кофе мен жаттығудан соң жаңалықтарды бір шолып өтемін. Облыс әкімінің ресми ресурстарын қадағалаймын, әлеуметтік желілерге мониторинг жүргіземін, журналистердің сұрауларына жауап беремін. Мәселен, бүгін облыстық туризм басқармасының басшысымен баспасөз мәслихаты жоспарлануда, сондықтан ақпараттық материалдарды дайындау, күн тәртібін келісу, сондай-ақ ықтимал сұрақтарға жауап дайындау қажет. Одан басқа әкім қатысатын бірнеше жиын өтеді, оған журналистерді шақырып, қажетті ақпараттармен қамтамасыз етуіміз керек.
Сағат 9:00-де журналистермен алғашқы кездесу, демек, «Таза Қазақстан» жобасының қорытындысы бойынша онлайн-конференция өтті. Онда тазалықты сақтау, экологиялық жағдайды жақсартуға қатысты сұрақтар қойылды. Бұл орайда баспасөз хатшысы әкімнің, әкім орынбасарларының және басқарма басшыларының беретін жауаптарынан, экологиялық мәселелерге қатысты барлық сұрақтан хабардар болуы тиіс.
Әкімнің ауданға жұмыс сапары туралы баспасөз парағын дайындау, ол үшін аудандардан қажетті ақпараттарды сұрату да бүгінгі күннің еншісіндегі іс. Мұнымен қоса аймақта болған соңғы жаңалықтар мен жиын-шараларды Алматы облысы әкімінің ресми сайтында жариялау, ол үшін мәтін жазу, фотосуреттер салу күнделікті атқарылар шаруа.
Жұмыс күні кешкі 18:00-де аяқталса да, баспасөз хатшысының журналистердің дамылсыз қояр сұрақтары мен жаңа оқиғаларға қатысты түсініктеме беруі 24 сағатқа жалғаса береді. Сондықтан демалуға, тіпті ауыруға да уақыт жоқ.
Кешке үйге барған соң да еліміздегі барлық телеарнадан берілетін жаңалықтарды саралап, облысқа қатыстысын назарға алып, соның негізінде алдағы жұмыс барысын жүйелеп, кейбір олқылықтарға қатысты түсініктеме беру, көпшіліктің дұрыс көзқарасын қалыптастыру бағытында жұмыс істеуге тура келеді.
Жалпы, баспасөз қызметіне күніне 30-дан астам сұрақ келіп түседі. Оның кейбірі шұғыл жауап беруді, кейбірі зерттеуді және терең талдауды қажет етеді. Осындай қарбаласқа қарамастан, мен өз жұмысымды жақсы көремін, өйткені барлық оқиғадан хабардар боламыз, журналистерді қажетті ақпаратпен қамтуға мүмкіндік жасаймыз, – дейді Жанна Сержанқызы.
Облыс әкімінің баспасөз хатшысы болу – әркімнің қолынан келе бермейтін қиын да, жауапкершілігі мол қызмет. Осындай ауыр жүкті Жанна Сержанқызы нәзік иығымен көтеріп келеді. Сондай-ақ, облыс әкімінің баспасөз қызметінде Қарлығаш Арыстанбекова, Мұрат Тоқашбаев, Аяужан Солтанова сынды өз ісінің шынайы мамандары еңбек етуде. Олардың ақпарат айдынындағы әр күні қайталанбас сәттерге, қызықты жаңалықтарға толы өтуде.
Алма Есенбай