Баспасөз бен бұқаралық ақпарат құралдары – қоғамдық пікір қалыптастырудың қайнар көзі. Енді оның қатарына интернет-ресурстары қосылды. Мойындасақ та, мойындамасақ та, бұл – өскелең өмір талабынан туындаған міндеттер. Ендігі жерде оларды халық мүддесімен ұштастыратын ұлттық ереже керек. Ол – Заң! Күні кеше ғана Парламенттік сараптамадан ойдағыдай өткен «Масс-медиа туралы» Заңға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.
Масс-медиа – үлкен күш. Ол ұлттық идеологиямыздың жандануына ықпал етеді. Танымдық көзқарастарды тереңдетеді. Адамгершілік пен ағартушылықты шыңдайды. Ізгілікті насихаттау мен таратудың үрдісін жалғастырады. Масс-медианың жаңаруымен бірге сөз бостандығы да өрісін кеңейте түседі. Заңда журналистер құқығының қорғалуына жете көңіл бөлінген. Билік пен бұқараны жақындататын мүмкіндіктер қарастырылған.
Бұдан бұрынғы «Баспасөз туралы», «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңдар енді өзара тұтасып, «Масс-медиа туралы» Заңға айналды. Соған сай оның пәрмені мен ықпалы да артады. Сондықтан аталған Заңда қандай жаңалық, қандай ерекшелік бар деген сұрақ өзінен-өзі туындайды. Оған хал-қадірімізше жауап іздеп көрдік.
Алдымен мына пікірге ден қоялық. «Масс-медиа туралы» жаңа Заң заман талабына сай қажет болды. 1999 жылы қабылданған қазіргі қолданыстағы Заңға 40-тан астам өзгерістер енгізілді. Көп жылдық құжатты жетілдіріп, заманға сай бейімдеу – уақыт қажеттілігінің айқын көрінісі», – дейді ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.
Заңның ерекшеліктерін екшегенде талай нәрсені аңғарамыз. Мәселен, енді журналистердің құқықтарын қорғайтын қоғамдық және кәсіби кеңестер құрылатын болады. Төтенше жағдайларда журналистер өз міндеттерін кедергісіз атқара алады. Әлемдік тәжірибе негізінде олар қажетті қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ журналистік этиканы сақтау талабы биіктейді. Нақтылап айтқанда, «Журналистердің қызметі қоғамдағы саламатты атмосфераны дамытуға және қауіпсіз ақпараттық кеңістікті қалыптастырудың кепіліне айналады».
Заңда бұдан басқа да бірқатар жайлар жаңаша көрсетілген. Отандық БАҚ-ты қаржылық қолдау сапалы өнім шығаруға мүмкіндік береді. Уәкілетті органға БАҚ-ты жалпыға ортақ, ұлттық, мәдени және отбасылық құндылықтардың бұзылуына мониторинг жасау құзіреті беріледі. Мемлекеттік ақпараттық саясат жөніндегі республикалық комиссияның құрамына бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы қоғамдық бірлестіктердің өкілдері енеді. Сондай-ақ мемлекеттік және мемлекеттік емес БАҚ ұғымдары ажыратылады. Ол қоғамдық ұйымдар мен БАҚ сарапшыларының ұсыныстары негізінде қарастырылады. БАҚ-ты мемлекеттік қаржыландыру мәселесін де ашықтық қалыптасады. Акредиттеу картасын алу оңайланады. Карта цифрлық платформа арқылы берілетін болады. Журналистер оған бір-екі минуттың ішінде өтініш бере алады. Бұл олардың ақпарат көздеріне қолжетімділігін жеңілдетеді.
Жаңа Заң бойынша журналист сұраған ақпараттық сауалға бес күннің ішінде жауап берілуі тиіс. Шұғыл ақпаратқа жауапты мекеме үш сағаттың ішінде жауап қайтаруға міндетті. Ал кең көлемдегі сауалға бес күн ішінде ақпарат жолданады деп жазылған.
Енді аталған Заңды қабылдауға қатысқан ҚР Парламенті Сенатының депутаттары, мамандығы журналист әріптестеріміз не дейді екен? Олардың да пікіріне құлақ түрейік.
– Бұған дейін жарияланымдардың мерзіміне нақтылық жоқ болатын. Кез келген үш жылдың ішінде баспасөзге немесе БАҚ-қа шыққан мақалалар бойынша азаматтар сотқа жүгіне алатын. Енді ол өзгерді, бір жылдан кейін авторды ешкім сотқа бере алмайды. Сондай-ақ интернетбасылымдар да бұқаралық ақпарат құралдарына жатады, – дейді Нұртөре Жүсіп.
– Алдағы уақытта жекеменшік бұқаралық ақпарат құралдарына да мемлекеттен гранттар беріледі. Мұндай қолдау отандық контенттің дамуына жол ашады. Есесіне шетелдік бағдарламалардың саны қысқарады, – дейді Бибігүл Жексенбай.
Міне, Заңның қысқаша мазмұны осындай. Екі айдан кейін Заң толық қолданысқа енеді. Саяси құжат ұлтымыздың игілігіне қызмет ететін ережеге айналады деп сенеміз.
Болат Мәжит