Алматы облыстық әмебап кітапханасында ұстаз, қаламгер Хамит Тарақовты еске алуға арналған әдеби-сазды кеш өтті. Оған зиялы қауым өкілдері, ақын жазушылар мен кітапхана оқырмандары қатысты. Кеште қаламгердің «Егіз елдің – егіз лебізі» атты қазақ- қырғыз тілінде жарық көрген кітабының тұсаукесері өтті. Аталған шараны «Қазақ радиолары» ЖШС Алматы филиалының жетекшісі Бақыт Жағыпарұлы жүргізіп, қаламгер өмірі туралы жан-жақты мағлұмат берді.
Хамит Тарақов 1964 жылы 17 маусымда Нарынқол ауданы Шалкөде ауылында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетін тәмамдап, еңбек жолын Қарасаз ауылында бастады. 30 жылға жуық уақыт ішінде тарих пәні мұғалімі, директордың тәрбие ісі-жөніндегі орынбасары, аудандық білім бөлімінде жемісті қызметтер атқарған. Өмірінің соңғы жылдары Алматы қаласындағы №67 мектепте сабақ берді. Домбыра үйірмесін ашып, оқушыларды өнерге баулыды.
Ұрпақ тәрбиесіне ден қоя жүріп, қаламын қолынан тастамады. Оның туысқан қазақ-қырғыз арасындағы береке мен бірлікті, өрлік пен өміршеңдікті, бауырмалдық пен сыйластықты сөз еткен шығармалары көптің көңілінен шықты. Әсіресе, Қырғызстанның «Рух-бейне» шығармашылық академиясымен бірлесе атқарған жұмыстары өскелең ұрпаққа өнеге болар талай игілікті істің бастамасына айналды.
Қаламгердің «Егіз елдің – егіз лебізі» кітабына өлеңдері, әңгімелері, аудармалары мен қырғыз қаламгерлерінің естеліктері жинақталған. Сол естеліктерде оның сан қырлы сипаты толық айтылып, жастарға өнеге болар өрлігі айшықталған.
Хамит Тарақов тек қаламға жүк артқан адам емес, досқа адал, үлкенге ізетті, кішіге бауырмал бола білген жан. Ғалым, филология ғылымдарының докторы Әнуар Сауатұлы оның қаламгерлікпен қоса домбыра, баян, гитара аспаптарында шебер ойнайтын сал-серілігін айтып берді.
Оның алдынан өткен шәкірттері бүгінде елге танымал азаматтарға айналды. Тіпті айтыскер ақын Оразәлі Досбосынов та ол ашқан домбыра үйірмесінің түлегі. Хамит Тарақов ұлттық бұйымдар жасап, төл өнердің жібін жалғауға да көп септескен.
– Әкеміз бос уақытында түрлі ұлттық бұйым жасайтын. Сол заттар бүгін жәдігерге айналып, қолөнер туындысы ретінде көз қуантып келеді, – дейді қаламгердің ұлы Алғабек Хамитұлы.
Әдеби кеш тек алыс-жақыннан жиналғандардың естелік әңгімесімен ғана өрілген жоқ. Өнерпаздар күмбірлете күй шертіп, әуелете ән салып, шараның шырайын аша түсті.
Мақпал Андас,
Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасының қызметкері