Айтыс өнерінде жасындай жарқылдап, «Құланаян Құлмамбеттің құлыны» атанған, от ауызды, орақ тілді Оразалы Досбосыновтың есімі ел есінде жаңғыра береді. Әсіресе ақынның білім нәрімен сусындаған алтын ұясы, Райымбек ауданы Тегістік ауылындағы М.Мақатаев атындағы мектеп үшін ол кісінің жөні де, жолы да бөлек. Біз әрқашан Оразалы ағамызбен мақтанамыз!
Оразалы Жарылқасынұлы 1975 жылы 15 қарашада Райымбек ауданы Тегістік ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Бала Ораз мектепте оқып жүрген кезінде шығармашылықпен айналысып, жыр додасына қатысып, ертерек көзге түседі. Облыстық, республикалық айтыстарда жүлделі орындарға қол жеткізіп, халықтың ықыласына бөленеді.
Ақынның көзін көргендердің айтуынша, Оразалы ағамыздың оқу үлгерімі де жақсы болған екен. Алайда сөз құдіретін сүйектен өткізетін жас ақын бәрінен де домбырасын биік қойған. Ол кісінің айтыстағы ең алғашқы қарсыласы – Бағашар Бижанов. Сол жыр додасында Оразалының бағы жанады. Содан кейін Сүйінбайдың 175 жылдығына арналған республикалық айтысқа қатысады. Онда азулы ақын Есенқұл Жақыпбектен бата алып, ел сүйіспеншілігіне бөленген.
Орта мектепті тәмамдаған соң, Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің филология факультетіне оқуға түседі. Студент кезінде болашақ жары Ажар Түзелбекқызымен танысып, отбасын құрады. Нұрсұлтан есімді ұлы, Нұрайша есімді қызы дүниеге келеді.
1998 жылы «Алматыда үлкен айтыс өтеді» деген сөз ақынның құлағына да жетіп үлгерген. Жан-жақты жетілген Оразалы осынау жыр аламанында бес ақынмен бәсекеге түседі. Ақтық сында Баянғали Әлімжановпен кездеседі. Тартысты болған бұл айтыста Баянғали бәсекелес інісіне риза болыпты. Оразалы аға халықаралық жарыстарда талай рет топ жарған. Атап айтқанда, Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан сынды елдерде өнер көрсетіп, айтысты әлемге паш етті.
Ал енді Оразалы Досбосынов жайлы ақын-жазушылардың пікіріне назар салайық. «Оразалының құлағына қай періште сыбырлайтынын кім білсін, адам естімеген оқыс та тапқыр теңеулер оның төкпе шумақтарының жалын күдірейтті, жонын биіктетті», – деді ақын, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман. Ал жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қалихан Ысқақ: «Оразалы – көненің көзі, асылдың сынығы, халық ауыз әдебиетінің алтын құймасы», – деп ақынға баға берген екен.
«Айтыс үстінде мақамды бірнеше түрге құбылтып, тыңдаушысын айрандай ұйытып, ұршықтай иіріп алатын қасиет Оразалыда ғана болатын. Жетісу айтыс ақындарының да мақам-саздарын жаңғыртып, жыр додасына алып келген әрі бірегей ақберен жүйрік осы азамат еді», – дейді айтыскер ақын Айтақын Бұлғақов.
Алаштың аяулы ақыны қайтыс болғанда қалың қазақтың қабырғасы қайысып, қара жамылған еді.
Бір шумақ өлең оқышы,
Қабірімді менің қазарда.
Қаламымды орап бірге көм,
Бір жапырақ қағазға.., – деп ақын өз өлімін сезді ме, әлде бейне бір кездейсоқтық па, жауабы жоқ жұмбақ болып қала бермек.
Биыл, міне, Оразалы ағамыздың өмірден озғанына тура 20 жыл толып отыр. Ақын есімін еске алуда жыл сайын түрлі шаралар ұйымдастырылады. Мәселен, 2022 жылы М.Мақатаев атындағы орта мектепте мұражай ашылды. «Ақынмын сөзі жеткен сан ғасырға» атты аудандық жыр мүшәйрасы болып, іс-шара волейбол турнирімен өз жалғасын тапты. Дәл осындай тақырыпта Алматыдағы Абай атындағы ҚазҰПУ және «Оразалы Досбосынов» қоғамдық қоры студенттер айтысын өткізген еді. Ақынның алдағы 50 жылдығы өзіне лайық деңгейде өтеді деп ойлаймын.
Сағи МАҚАН,
М.Мақатаев атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы
Тегістік ауылы,
Райымбек ауданы