ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Максим Рожин жұмыс сапарымен Қарасай ауданында болып, Қаскелең қаласындағы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан 1500 орынды мектеп құрылысымен танысты.
Жалпы сомасы 6,6 млрд теңгені құрайтын жаңа білім нысанында балалардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалмақ. Мектепте оқу кабинеттерімен қатар, өңдеу шеберханасы, спорт, мәжіліс залы, асхана, зертханалық және компьютерлік сыныптар, медицина кабинеті болады. Білім ошағы заман талабына сай құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі.
«Облыстық AMANAT партиясының 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасы аясында өңірде 26 жайлы мектептің құрылысы қарқынды жүруде. Бұдан басқа биыл 27 мектеп жоспарланған. Ал салынып жатқан бұл нысанның құрылыс жұмысы қазіргі уақытта 60 пайызға аяқталған. Мердігерлер мектеп құрылысын жыл соңына дейін аяқтап, нысанды уақытында тапсыруы тиіс. Әрине, бірінші кезекте мектептің құрылысы жоғарғы деңгейде болса дейміз. Сонымен бірге барлық стандартқа сай болуын, сапалы құрал-жабдықтармен қамтамыз етілуін бақылау қажет. «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынатын мектептердің жиһазы толықтай отандық өнім болуы қажет», – деді Мәжіліс депутаты Максим Рожин.
Халық қалаулысы сапар аясында іргелі кәсіпорын саналатын «Алатау Прогресс Кз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болды. 100-ге жуық адамды жұмыспен қамтыған «Altamir» өндіріс цехының жұмысшыларымен кездесті. Еңбек ұжымына ҚР заңнамасындағы өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіріп, партияның Сайлауалды бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Кәсіпорынның құрастыру цехын аралап көріп, шығарылып жатқан өнім түрлерімен танысты.
Кәсіпорын басшысы Берік Жиембаевтың айтуынша, зауытта өндірілетін мектеп жиһаздары жоғары сұранысқа ие. 2023 жылдың қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 2 миллиард теңгені құраған.
«Менің ойымша, «Жайлы мектеп» жобасымен салынатын мектептердің ішкі жабдығы 100 пайыз отандық өнім болуы керек. Және ол барлық қауіпсіздік талаптарына сәйкес келуі шарт. Осы ретте соңғы кезде өнім өндіруде отандық үлестің салмағы зор екенін атап өтуге болады. Дегенмен, отандық үлесті арттыру және дайын өнімді сату ауқымын кеңейту бағытында әлі де жұмыс артқарылуы тиіс. Өйткені, экономиканың негізгі бөлігі саналатын жеңіл өнеркәсіптің мысын импорт басып жатыр», – деді Мәжіліс депутаты.
Айта кету керек, халық тығыз қоныстанған Еңбекшіқазақ, Қарасай, Жамбыл, Іле, Талғар аудандарында үш ауысымдық 39 мектеп бар. 26 мыңнан астам оқушыға орын жетіспейді. Жалпы облыста үш ауысымды мектептер мен оқушы орны тапшылығын жою мақсатында облыстық «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасы аясында «Жайлы мектеп» жобасымен 53 мектеп салыну жоспарланған.
Мәди Сайділдин