Бүгін Алматы облысына іссапармен қытайлық «China Railway» компаниясының өкілдері келді. Олар өңір басшысы Марат Сұлтанғазиевқа компания қызметін таныстырды.
«Біздің серіктестіктің іргесі 1950 жылы қаланған. Өздеріңізге мәлім, «China Railway» көпқабатты айналма жолдарын және көппәтерлі үйдің ішінен өтетін теміржол салғанымен танымал. Серіктестік кәсіпкерлік және әлеуметтік нысандар салумен де айналысады», – деді компанияның Қазақстандағы филиалының директоры Син Дайсы.
Оның айтуынша, «China Railway» G4 city жобасындағы құрылыс нысандарын, Қонаев қаласында мемлекеттік бағдарламамен қолданысқа берілетін көпқабатты тұрғын үйлерді салуға да атсалыса алады. Сондай-ақ Син Дайсы құрылыс барысында халықтың қолайлы өмір сүруі үшін де жағдай жасалатынын алға тартады (жерасты паркинг, тұрғын үй ауласының жарықтандырылуы, жасылдандыруы, көлік қатынасы және тағы басқа).
«Біздің облысқа келмей тұрып, бар жағдаймен танысқан шығарсыздар. Шынында да, өңірде қолға алынатын жобалар жеткілікті. Мысалы, логистика-транспорт хабын құру, Қонаев қаласынан айналма теміржол салу, индустриалды аймақтар мен арнайы экономикалық аймақтарға инвестиция тарту, әлеуметтік нысандар салу, Қонаев пен G4 city-ді байланыстыратын жол салу және сол сияқты жобалар», – деді шетелдік мамандарға өңірдегі жағдайды баяндаған Марат Сұлтанғазиев.
Сонымен қатар ол G4 city жобасының аясында арнайы экономикалық аймақ құрылғаны болмаса, 4 шаһардың және Қонаев қаласының бас жоспары әлі бекітілмегенін айтты. Облыс әкімінің сөзінше, өңірге қызығып отырған компаниялар көп. Олардың әрқайсысымен қаржылық және жобаны жүзеге асыру уақыты жайлы талқыланған соң ғана өзара Меморандумдар мен келісімдерге қол қойылып жатыр.
Кездесу соңында компания өкілдері өңір басшысын Қытайда орналасқан бас кеңселеріне шақырды. Ондағы мақсат – компания жұмысымен кеңінен танысып, келіссөз жүргізу. Бұдан бөлек, қытайлық мамандар әкімдікте орналасқан G4 city және Қонаев қаласының бас жоспарымен танысты.
Alatau News