ӘДІЛДІКТІ ТУ ЕТКЕН ҚАУЫМДАСТЫҚ
Биыл Қазақстан Республикасы Судьялар одағының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Еліміздің құқықтық кеңістігінде өзіндік дара орны бар бірегей қоғамдық институттың бұл белесі – мемлекетіміздің сот жүйесімен бірге жасасып, судьялар корпусының кәсіби тұтастығын бекемдеген, сот тәуелсіздігі мен заңдылық қағидаттарын қорғаудың берік дәстүрін қалыптастырған тарихи кезең. Тәуелсіздіктің елең-алаңында еліміздің Ата Заңы қабылданып, мемлекеттік билік тармақтарының іргетасы қаланған тұста мемлекеттің тұғырын бекітетін ең өзекті міндеттердің бірі тәуелсіз сот билігін қалыптастыру және оны сапалық жаңа деңгейге көтеру болды. Ескі жүйенің сүрлеуінен арылып, нарықтық экономика мен демократиялық құндылықтарға негізделген жаңа құқықтық жүйеге көшу барысында сот корпусының алдында бұрын-соңды кездеспеген күрделі сын-қатерлер тұрды. Дәл осы тарихи кезеңде судьялар қауымдастығының күш-жігерін біріктіретін, олардың кәсіби құқығы мен заңды мүдделерін қорғайтын дербес ұйым құру уақыт талабынан туындаған, жан-жақты ойластырылған саяси-құқықтық қадам еді.
Одақтың ресми шежіресі 1996 жылғы 19 желтоқсанда өткен Қазақстан Республикасы судьяларының І съезінен бастау алады. Осы алғашқы басқосуда ұйымның іргетасы қаланып қана қоймай, отандық сот тарихында тұңғыш рет Судьялардың Әдеп кодексі қабылданды. «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» демекші, Судьялар одағының Жарғысы мен құқықтық тетіктері бір күнде қалыптасқан жоқ, 20 жыл бойы уақыт сынынан өтіп, мемлекет дамуының әрбір кезеңіндегі талаптармен сабақтаса жетілдірілді. Атап айтқанда, Судьялардың 1999 жылғы ІІ съезі, 2001 жылғы ІІІ съезі, 2009 жылғы V съезі және 2016 жылғы кезектен тыс VII съезі қаулыларымен ұйым Жарғысына жүйелі өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, қоғамдық бірлестік қазіргі кемел құрылымдық деңгейіне көтерілді.
Кемінде төрт жылда бір рет шақырылатын Судьялар съезі мемлекет өміріндегі ең өзекті құқықтық мәселелерді талқылайтын, сот жүйесін реформалаудың стратегиялық бағыттарын айқындайтын жоғары кәсіби мінберге айналды. Онда көтерілген бастамалардың нәтижесінде елімізде алқабилер соты институты және дауларды сотқа дейін және сот тәртібімен реттеудің тиімді тетігі ретінде медиация қолданысқа енді. Қолданыстағы Азаматтық процестік кодекстің концептуалды негізі қаланды, сондай-ақ судьялардың мінез-құлық стандарттарын халықаралық талаптарға сәйкестендірген жаңа Судьялар әдебі кодексі қабылданды.
30 жыл ішінде Қазақстан Республикасының Судьялар одағы халықаралық құқықтық кеңістікте де жоғары беделге ие болды. Ұйым БҰҰ Даму бағдарламасы, ЕҚЫҰ, Еуропалық Одақ, Германия халықаралық ынтымақтастық қоғамы (GIZ), USAID, Америка заңгерлер қауымдастығы (ABA/ROLI) секілді беделді халықаралық институттармен тығыз әріптестік орнатты. Отандық судьялар корпусының әлемдік деңгейде мойындалуының ең жарқын айғағы – Қазақстан Судьялар одағының Халықаралық судьялар қауымдастығына толыққанды мүше ретінде қабылдануы және 2011 жылғы 8 қыркүйекте Астана қаласында Халықаралық судьялар қауымдастығының 54-отырысының жоғары деңгейде ұйымдастырылуы.
«Заң мен тәртіп» қағидаты: Заманауи сот реформалары және қоғам сенімі
Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» құру бағдары мен Қазақстан халқына арнаған Жолдауларындағы «Заң мен тәртіп» қағидаты сот жүйесін түбегейлі жаңғыртудың темірқазығына айналды.
Соңғы жылдары сот билігінің дербестігін нығайту және сот төрелігінің сапасын арттыру бағытында ауқымды институционалдық реформалар жүзеге асырылды. Ең алдымен, судьялар корпусын сапалық жаңарту мен тәуелсіздікті қорғау тетіктері күшейтілді. Барлық судьялардың мәртебелік теңдігі қамтамасыз етіліп, сот қызметіне кез келген заңсыз ықпал ету әрекеттеріне тосқауыл қойылды. Сонымен бірге судьялардың кәсіби жауапкершілігі мен әдеп стандарттарына қойылатын талаптар да жаңа деңгейге көтерілді.
Қазіргі экономикалық қатынастардың өзгеруі мен цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы азаматтық заңнаманы уақыт талабына бейімдеуді, соның ішінде құқықтық айқындық пен тұрақтылықты қамтамасыз ететін жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу міндетін де күн тәртібіне шығарып отыр. Бүгінгі күні сот жүйесіне жасанды интеллект мүмкіндіктері мен сот практикасын талдаудың интеллектуалды құралдарын енгізу сот қызметінің ашықтығын арттырып, азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін кеңейтуде. Әрине, мұндай технологиялық жаңғырту деректердің қорғалуы, адам құқықтарының сақталуы және судьяның шешім қабылдаудағы дербестігі қағидаттарымен қатаң үйлесім табуда.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының төрағасы Асламбек Мерғалиев атап өткендей, жүргізіліп жатқан реформалардың ең басты бағасы – халықтың соттарға деген сенімі. Ұлттық статистика бюросының тәуелсіз зерттеу деректеріне сәйкес соңғы үш жылда азаматтардың сот жүйесіне деген сенім деңгейі 55 пайыздан 69,7 пайызға дейін артты. Бұл – барша сот корпусы мен Судьялар одағының жүйелі қызметінің нақты нәтижесі.
Кәсіби ынтымақ, ұрпақтар сабақтастығы және өңірлік филиал тынысы
Қазылық – тек құқықтық нормаларды қолданумен шектелмейтін, айрықша моральдық-психологиялық жауапкершілікті талап ететін мамандық. Сот өндірісіндегі әрбір істің артында адам тағдыры, отбасы мәселесі, кәсіпкердің мүддесі немесе қоғамдағы белгілі бір әлеуметтік түйткіл тұрады. Сондықтан судьяның терең заңгерлік білімімен қатар, оның ішкі мәдениеті, парасат-пайымы мен адамгершілік ұстанымы аса маңызды. Осы орайда ҚР Судьялар одағының Алматы облысы бойынша филиалы өңірдегі судьялар қауымдастығын ортақ мақсатқа жұмылдырып, кәсіби ынтымақтастықты нығайту бағытында жүйелі жұмыстарды жүзеге асыруда. Филиал тарапынан сот практикасының өзекті мәселелерін талқылауға, заңнамадағы жаңашылдықтарды зерделеуге және жас судьяларға кәсіби қолдау көрсетуге бағытталған кездесулер мен тағылымдық басқосулар тұрақты түрде ұйымдастырылады.
Өңірдің сот жүйесінде алдыңғы буынға деген құрмет ешқашан үзілген емес. Қарттар күні мерекесінде отставкадағы ардагер судьялардың басын қосып, жанды аспаптық әуенмен өткен жылдардың әсем әндері шырқалған ақ дастарқан басында емен-жарқын жүздесу өткізуіміз – соның бір дәлелі. Сол кеште аға буын өкілдері өнегелі естеліктерімен бөлісіп, жас әріптестеріне ақыл-кеңестерін айтса, 70 пен 80-нің сеңгіріне шыққан мерейтой иелеріне филиал атынан арнайы сый-сияпат көрсетуіміз – кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық ілтипаттың көрінісі.
Судьялар одағының облыстық филиалы тек кәсіби және ағартушылық шаралармен шектелмей, қайырымдылық пен ізгілік бастамаларына да ерекше көңіл бөледі. Атап айтқанда, Алматы облыстық сотының төрағасы Н. Бекназаровтың Жауғашты әйелдер мекемесіне жасаған жұмыс сапарынан кейін жазасын өтеп жатқан аналарымен бірге жүрген бүлдіршіндерге арналған арнайы балалар бөлмесі ашылды. Судьялар одағы облыстық филиалының қаражаты есебінен толық жабдықталған бұл жаңа кеңістік бүлдіршіндердің күнделікті өмірін қолайлы етіп, ойнауына жағдай жасауға және оларға жағымды эмоция сыйлауға бағытталған. Ашылу рәсіміне қатысқан Алматы облыстық сотының судьясы Н. Жекенова бастаған әріптестер балалардың шынайы қуанышы мен риясыз күлкісі арқылы әрбір отбасы қандай жағдайға тап болғанына қарамастан, қамқорлыққа, лайықты жағдайға және бақытты балалық шаққа құқылы екенін тағы бір мәрте паш етті. Бұл игі қадам сот қауымдастығының әлеуметтік жауапкершілігі мен ізгілік қағидаттарын айқын көрсетеді.
Филиал жұмысында «Мемлекеттік тіл – ел бірлігінің кепілі» қағидаты аясында сот ісін жүргізуде қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, сот актілерінің тілдік сапасын арттыру бағытындағы іс-шаралар да жүйелі жүргізіледі. Бұған қоса, судьялар мен сот қызметкерлерінің күнделікті зияткерлік және психологиялық жүктемесін ескере отырып, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында спорттық сайыстар өткізу игі дәстүрге айналған. Атап айтқанда, облыс соттары арасында волейбол, футбол және ұлттық сипаттағы арқан тартыс сынды спорт түрлерінен тұрақты түрде жарыстар ұйымдастырылып, ұжымдық рух пен әріптестік ынтымақты бекемдей түседі.
Түйіндей айтқанда, Қазақстан Республикасы Судьялар одағының 30 жылдық белесі – атқарылған істер мен жеткен жетістіктердің санымен ғана емес, ең алдымен, заң мен әділетті ту еткен судьялар қауымдастығының бірлігімен өлшенеді. Үш онжылдық ішінде бұл ұйым сот корпусын топтастыратын, судьялардың тәуелсіздігі мен кәсіби беделін қорғайтын беделді қоғамдық институт ретінде орнықты. Осы айтулы белеспен барша әріптестерімді құттықтай отырып, қазылық қызметтің абырой-беделі әрдайым биіктей беруін тілеймін. Алдағы уақытта да Қазақстан Республикасының Судьялар одағы және оның Алматы облыстық филиалы судьялардың кәсіби тұтастығын нығайтуға, сот билігінің беделін биіктетуге, заң мен тәртіп үстемдік ететін Әділетті Қазақстанның құқықтық тұғырын бекемдеуге аянбай қызмет ете береді.
Уәлихан РАХМАТУЛЛАЕВ,
ҚР Судьялар одағының Алматы облысы
бойынша филиалының төрағасы,
облыстық соттың судьясы

